Наурыз айы биылғы жылы біздің елімізге елеулі өзгерістер алып келгені хақ. Қазақстан халқы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, тарихтың өзі кепіл болған бірліктің аясында барлық саланы жұмыла көтеруге атсалысты. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің білім саласында бірқатар трансформациялық әдістерді қолданып, жедел шешім қабылдау әрекеттерімен қатар табандылық таныта алды. Баяндаудың бағыты — еліміздегі кәсіптік және техникалық білім беру мекемелерінің пандемия кезіндегі ахуалы. Коронавирустық инфекция пандемиясы әлем деңгейіндегі білім жүйесіне әсерін тигізді, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен көктемнің алғашқы айының 16-шы күнінен бастап кәсіптік және техникалық білім беру мекемелері қашықтық оқыту жүйесіне көшті. Аталмыш білім беру мекемелерінің әкімшілігі мен педагогтары қашықтық оқытудың өзекті мәселелерін және оңтайлы тұстарын қатар сезінді. Алматы облысының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті қызметкерлері ағымдағы жылдың 14 наурызда бастаған мониторингі және талдамалық нәтижелері аясында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен колледж педагогтары арасында дәнекерлік жолымен бірыңғай жұмыс жүргізді.
Алматы облысындағы 68 кәсіптік және техникалық білім беру мекемелері ұсынылған 8 платформаларға, оның ішінде «Edupage», «Platonus», «Google classroom», «Paragraph bilim», «Quizlet», «Edus», «Smart Qetisu», «Moodle», таңдаулы тұрғыда білім үрдісін көшірді.
Интернет желісі баяу ауылдарда тұратын студенттерге Қазпошта арқылы білім беру материалдарын жеткізу қолға алынды, сонымен қатар педагог пен білім алушының кері байланысын жүзеге асыратын құралдардың бірі ретінде мобилдік қосымшалар белсенді іске қосылды. Пандемия жағдайында қашықтықтан білім берудің мән-жайын түгел назардан тыс қалдырмауға барынша көңіл бөлінді, бірінші кезекте қажеттілік білдірген білім алушыларға колледждің компьютерлік техникасы оқу мерзіміне берілді. Жатақханаларда қалған білім алушылар қашықтық оқыту бойынша тиісті техникалық құралдармен қамтылып, тамақтану жағдайлары да қарастырылды.
Алматы облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті тарапынан платформаларға енгізілген білім беру үрдісін мониторингілеу жүргізілді. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі тарапынан сеніммен тапсырылған шараның басты мақсаты – қашықтық оқытуға көшуде кәсіптік және техникалық білім беру мекемелерінің әкімшілігі мен педагогтеріне қажетті жағдайда нормативтік және әдістемелік тұрғыда кеңес беру. Мониторинг нәтижелері қашықтан оқытуды ұйымдастыру жолындағы бірқатар осал тұстарын айшықтады. Осы орайда, анықталған кемшіліктерді жойып, сапаны қамтамасыз ету бағытында консультациялық және түсіндіру жұмыстары жүргізілді, бірқатар колледжде электрондық оқу әдістемелік кешен толықтырылды, платформадағы электронды кітапхана жүйеге келтірілді, платформада қондырылған электронды журналдарын толтырып, жүргізілуі бойынша кеңес берілді, сабақ кестесін тиісті уақытында енгізу, берілген тапсырмалардың белгіленген мерзімде тексерудің маңыздылығы айтылды, ең бастысы, білім алушылармен платформа арқылы кері байланысты жандандырудың қажеттілігіне баса назар аударылды.
Десек те, әдістемелік-цифрлық тұрғыда кәсіптік және техникалық білім беру мекемелерінің аяулы ұстаздары жаңа мүмкіндіктерді бағындыруды қолға алды.
Қашықтық режимінде оқитын білім алушы өз күнін нақты жоспарлау дағдысын меңгерсе, ал әрбір педагог білім алушының оқуға деген ынтасын арттырып, кері байланыс орната білсе, нұр үстіне нұр. Міне, осы екі қағида берік ұсталса, қашықтық оқытудың сапасына да куә болатынымыз анық.
Білім беру тақырыбын нақты, қысқа, дәл түсіндіріп, ақпарат жиынтығы анық, берілуі шұғыл дәріс – қашықтықтан білім беруде педагогтың бастапқы меңгеретін дағдысы болып тұр. Алдағы уақытта алатын тағы бір белес күтіп тұр, кәсіптік және техникалық білім беру мекемелеріндегі оқу жылын тәмамдайтын қорытынды аттестаттау жұмыстары да қашықтық форматта әзірленуде. Осы орайда, ұстаздардың ерең еңбектеріне қажымас қайрат пен абыройлы нәтиже тілей отырып, биылғы түлектерге сәттілік пен ақ жол тілеміз!
Рита САЙДГАРИЕВА,
Алматы облысы Білім сала-сындағы сапаны қамтамасыз
ету департаментінің бас маманы.