Ата-бабаларымыз атам заманнан асаудың құлағында ойнап, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар бәйге атын баптауға үлкен мән берген. Әйтсе де, бұл күнде тақымы атқа тисе арқаланып кететін қазақтың бекзадалық өнерін жалғастырып, жылқыны жаратып, тұлпарға қанат бітіруге қызығушылық тудырып жүргендер некен-саяқ. Ал біздің кейіпкеріміз Кеген ауданы Жалаңаш ауылы Алтынай Еркінбек асауды тізгіндеп, жүйріктің бабын тауып жүр.
Он алты жастағы қаршадай қыздың бойындағы ер жігітке тән қайсар мінезі де сәйгүлікті серік етіп, аттың құлағында ойнауына септігін тигізетін секілді. Көкпаршы қыздың әлеуметтік желіде тараған бейнеролигі көпшіліктің көңілінен шығып, желі пайдаланушыларының ыстық ықыласына бөленді. Ат құлағында еркін ойнайтын ерекше қабілетімен көпшілікті тамсандырған Алтынайды объективіне түсіріп, қалың жұртқа танымал еткен фотограф әрі режиссер – Ернар Алмабек. «Көп бозбаланың ішінде атқа мініп жүрген жалғыз қызды көргенде көрерменнің бірі болар деп мән бермегем. Көкпар басталғанда әлгі қыз додаға кіріп кеткені… Әрине, жігіттер сияқты ұзақ шаппады. Бірақ осы әрекетінің өзі тамсануға тұрарлық. Есімі Алтынай екен. Демалып тұрған сәтін пайдаланып, суретке түсіріп алдым», – деп жазды ол өзінің instagram парақшасында.
Әлеуметтік желі қолданушылары Алтынайдың табиғи болмысы, өжеттігі мен қайсарлығы, қарым-қабілетіне қызығып, түрлі жағымды пікірлерімен жазып жатты. Танымалдылығы артқан жас көкпаршы қызбен біз де таныстық. Алтынай Кеген ауданы Жалаңаш ауылында дүниеге келіп, сол аймақтағы Сәрсенбай Бейсембетұлы атындағы мектептен тәмамдаған. Қазіргі уақытта медициналық колледж қабырғасында білім алуда. Шыншыл, мейірімді әкесі Еркінбек Қожайұлы 1982 жылы 16 тамызда ҚХР, ШҰАР Тоғыз тарау ауданы Мойынкүзер қыстағында қарапайым малшы отбасында туған. Анасы Бағила Бектұрқызы 1983 жылы мейірімін бейнелеп түрғандай маусым айының 25-ші жұлдызы ҚХР Текес ауданы Бақалы Қыстағында өмірге келген екен. 2007 жылы наурыз айында елім, жерім деген жүректерін алақандарына алып Алматы облысы Кеген ауданы Жалаңаш ауылына қоныс аударыпты. Бір жылдан кейін көз қуаныштары болып өмір есігін ашқан Алтынай қазір бұл шаңырақтың жалғыз перзенті. Атақонысқа оралған соң әкесі мал шаруашылығын қолға алып, соның ішінде жылқыға аса көңіл бөліп, баптап, атбегілікпен айналысқан екен.
– Отбасымда жалғыз қызбын. Әулетімізде атұстарын күткен әкем, қыз болсам да қылығым шығып тәй-тәй басқанымнан бастап, мені қасынан тастамай, тізгін тартқанды үйретті. Атқа мінумен қатар би билеген ұнайды. Би үйірмесіне барғаннан бастап билеуге қызығушылығым артты. Атқа бес жастан бастап мінгем, содан бері түспедім. Әлі күнге дейін ат десе, ішкен асымды жерге қоямын. Үй жұмысынан гөрі сыртта жүрген ұнайды», – деді ол.
Кейіпкеріміздің көкпарға деген қызығушылығы жастайынан ашылған. Ауылда той болған сайын берілетін көкпарға шыққан ат үстіндегі азаматтардың салған қиқуы Алтанайды ес білгенен елеңдетіп, астындағы қара тайыммен алшақтау жерге барып қызықтап тұруға жетелейтін. Бала күнінен көзінді ашып көрген осындай ортада өскен жас көкпаршының, жылқы тұқымына деген сүіспеншілігіне бойындағы ағып жатқан қазақтың қаны түрткі болды деп есептейді екен. Оның айтуынша, атқа құмарлығымды әулеттің барлық мүшесі әрқашан түсінуге тырысып, қолдау көрсетіп келеді. Дегенмен көкпаршы қызды көргенде халықтың пікірі екіге бөлінеді. Бірі қазақилығын жоғалтпаған батыл қыз десе, екіншілері қыз баласы табиғатынан нәзік, сезімтал болып келетіні белгілі, қазақта «ат – жігіттің майданы» дейтін көрінеді. Алайда өжет қыз Алтынайдың айтуынша, оған көкпар тартқан ұнайды, әрі қызығып жүргеніне бірнеше жылға жуық уақыт болған.
– Мен кез келген асау атқа, тіпті, бәйге аттарына да мініп, шаба аламын. Арасында асау аттардан құлаған кездерім де болды. Анам «қыз баласын, мінбейсің, мертігіп қаласың» деп қарсылық танытқан. Бірақ мен сонда да атқа мініп, көкпарға бардым. Бұл қызға тән іс болмаса да, талғамға талас жоқ, – деді Алтынай.
Қызығушылығына қарсы пікір айтатындарға Алтынай ренжімейді екен. Әлсіз, нәзік жан болған болған соң, қауіпсіздігі үшін алаңдаушылық олардың қамқорлығы деп түсінеді.
Ат десе ішкен асын жерге қоятын ару сүйікті ісіне де, оқуына да уақыт табуға тырысады. Оның «Көк Серегім», «Көк Дауылым» деп атайтын екі атын кезек-кезек мінетінін әрі оларды асау қалпынан қалай жуас атқа айналдырғанын айтты.
– Мен кез келген атқа міне аламын, егер ол асау болса оңай жуас етіп үйрете аламын. Жылқыны бағындыру үшін, ең алдымен, күш емес, мінез керек дейді. Әрбір жылқыда адам секілді өзіне ғана тән мінезі болады. Онсыз жылқы бәйге алмайды. Сондықтан тепсініп, ойнақтап, секіріп тұратын асау арғымақтың жалын тартып мінген ұнайды. Ол үшін сабырлық, атқа деген үйірсектік болса жеткілікті. Кез келген асауды алдымен жалынан сипалап, құлағын қасып, құлағына сыбырлап бойын үйретіп алу керек. Еті үйренген жүйріктің одан кейін жалынын тартып өз ырқыңа көндіру қиындық тудырмайды. Ал бас салып, шапқылап ат құлағында ойнау мүмкін емес. Егер атқа дұрыс отырмасаң, ол қырсығып алады. Ал маған жануарлармен тіл табысқан ұнайды. Солай жуастатып, аттарды еркін қарғыта аламын, – деген Алтынайдың бойынан атбегілік қасиетің бар екенін байқадық.
Батылдық пен қайсарлықтың лебі есіп тұрған кейіпкерміз мамандықтағы таңдауы дәрігерлікке түскен. Бұл ретте оның жүрегінде адам баласына қол ұшін созғысы келетін нәзіктік пен мейірімнің лебі ескенін аңғаруға болады. Алтынай бұл саланы таңдағанына еш өкінбейтіндігін жеткізді. Алайда бала күнінен кино әртісі боламын деген арманын жүзеге асыруды ойлайды. Ат құлағында ойнайтын, қазақ халқының ұлттық болмысын бейнелейтін авторлық кинода басты рөлдердің бірін сомдағысы келетінін де сұхбат барысында айтып қалды.
–Әр бастамамнан нәтиже шығарып, ата-анамның үмітін ақтауды қалаймын. Қарапайым бейнемді жоғалытпай, ұлттық спортты шамамның келгенінше дәріптейтінмін. Қазақстанның болашағы үшін, атбегілік өнері ұмыт болмас үшін, оны дәріптеп, спорт кешенін көптеп ашуды қолға алуға кеңес берер едім, – деп ойын білдірді.
Бойынан қазақылығы жойылмаған Алтынай өзін барша танымал еткен фотограф Ернар ағасына да алғысы зор екенін айтып өтті.
– Менің танымалдығымның артқаны алдымен Алланың сыйы, одан кейін Ернар Алмабек ағамның еңбегі деп білемін. Біздің ауылға көкпаршы Николайды түсіруге келіпті. Сол кезде мені байқап қалып, бірден суретке түсіріп алды. Бейнежазбасын бірнеше отандық БАҚ жариялап, мені түрлі бағдарламаға шақырды. Сондықтан ол кісіге алғысым шексіз, – дейді Алтынай.
Далалық салт-дәстүрді ұмытып, бара жатқан қалалық мәдениетті бойына сіңірген заманда асауды үйретіп, арғымақты тақымдайтын жігіттер азайып бара жатқаны жасырын емес. Тұлпарға тамсанбайтын осы бір қасиет қанымызға сіңген мінезімізді жоғалтып, қазақылықтан айырылуға апара жатқан жоқ па екен?! Олай болса, бағы байланған жүйріктің бабын тапқан Алтынайдай бұрымдыларға қолдау көрсетсек құба-құп.
Бұрым ОРЫНБАСАР.