Жамбыл ауданында бірнеше су қоймасы болғанымен, оның ешқайсысында адамдардың шомылуына рұқсат етілмеген. Соған қарамастан онда суға түсуге келушілер кездеседі. Өзінің және бірге жүрген жақындарының өмірі мен денсаулығы үшін қаншалықты қауіпті екенін ескермеу кейде қайғылы жағдайға ұрындырады.
Өкінішті оқиғаларды болдырмау үшін құзырлы органдардың рейдке шығуына тура келеді. Осы орайда аудан әкімінің орынбасары Ақниет Туматаевтың жетекшілігімен төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою жөніндегі комиссиясы ауданда орналасқан су қоймаларына барды. Атап айтқанда Ақсеңгір, Тарғап, Үңгіртас-1, Үңгіртас-2, Книжевский, Заготскот, Достық, Соленый деп аталатын су қоймаларын аралап, су шаруашылығын жүргізіп отырған иелері мен жергілікті ауылдық округ әкімдерімен түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Аталған комиссия мүшелері шомылу маусымы басталғалы бері аудан тұрғындары мен қонақтарына су нысандарында қайғылы жағдайды болдырмау мақсатында балаларды су жағалауларына жібермеу қажет екенін үнемі ескертуде. Алайда балаларды былай қойғанда, көлге жақын орналасқан ауылдарда ересектердің өздері қауіпсіздік шараларын сақтай бермейді. Судың қауіпті екеніне бұлайша жете мән бермеушілік орны толмас өкінішке соқтыруы мүмкін. Сондықтан үлкен-кіші демей, белгіленбеген орындарда шомылудан бас тарту қажет. Мұны бір сәтке де естен шығаруға болмайды. Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері жағалауда жүргендердің қаперіне осы шарттарды салып, Жамбыл ауданы бойынша барлық су қоймаларында шомылуға рұқсат жоқ екенін айтуда. Алайда белгіленбеген орындарда суға түсушілер әлі де кездеседі. Осыған байланысты төтеншеліктер суға батып кету қаупі төнгенде аман қалу үшін не істеу керектігін тұрғындарға үнемі түсіндірумен келеді.
«Шомылушылар қандай ережелер мен қағидаларды білгені жөн?» деген сұраққа аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Ақниет Туматаев былай дейді:
– Ең алдымен, суға тек қана рұқсат етілген орындар мен жағажайларда ғана шомылуға болады. Ал белгіленбеген жерлер адам өмірі үшін өте қауіпті. Ондай орындарда құтқарушылар жоқ. Арнайы су айдындарының өзі қауіпсіз деп ешкім айта алмайды. Сондықтан қандай суда болмасын, бірқатар қауіпсіздік шараларын сақтау өте маңызды. Суға түсуге рұқсат етілген орынға барғанның өзінде алдымен шомылатын жерді, жалпы жағдайды, судың тазалығын, тереңдігін мұқият тексеріп алу керек. Өте ұзақ шомылу, шаршап, тоңып қалтырауға дейін судан шықпау денсаулыққа кері әсер етеді, тамақ іше сала бірден шомылу да сондай. Суға түсушілер бір-бірін, әсіресе, балаларды көзден таса қылмауға тиіс. Сондағы ескерту белгілеріне назар аудару керек. Су қоймаларында демалушылардың қауіпсіздігі құтқарушыларға байланысты десек те, адамдар алдымен өздері осындай талаптарды сақтауы қажет. Сондықтан судағы апаттан қорғанудың ең сенімді жолы – суда шомылу ережелері мен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау, – дейді А.Тұрысбекұлы.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Жамбыл ауданы.