Алматы облысында 10 мыңнан астам онкологиялық науқас диспансерлік есепте тұр. Қатерлі ісік белгілерін анықтап, халық денсаулығын тексеру мақсатында онкологиялық скринингке арналған жылжымалы медициналық кешен шалғай ауылдарға жетті. Кешен сандық мамографиялық жабдықпен, ультрадыбыстық жүйемен және жоғары деңгейде зерттейтін компьютерлік томографпен жабдықталған.
Осы айда дәрігерлер Кеген, Жамбыл және Ұйғыр аудандарында болып, 400-ге жуық адамға тегін медициналық көмек көрсетті. Мамандардың айтуынша, тұрғындарды қан қысымының жоғарылауы, жүрек пен бүйрек аурулары мазалайды.
«Бұл шалғай ауылдарға үлкен көмек деп айтсам қателеспеймін. Себебі шалғай аудандардан науқастардың қалаға жетуі кейбір жағдайда қиындық туындатып жатады. Сондықтан алғысымды білдіремін», – дейді Ұйғыр аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Әлия Ақжолтаева.
«Қазір өзім түсіп шықтым. Алла бұйыртса, нәтижесін ертең байқаймыз. Қалаға барғанша жақын арада, осы жерде тексеріліп, осындай мүмкіндікті жібермеу керек», – дейді Шонжы қаласының тұрғыны.
Өз тілшіміз.
Ұйғыр ауданы.