Наурыз айымен бірге қардың көбесі сөгіліп, күн жылынып, айналадан көктемнің шуағы есті. Қыстан шығып, арқалары кеңи бастаған ел мен жұрт Ұлыстың ұлы күнін қарсы алуға дайындықтарын жасайтыны белгілі. Кеген ауылындағы С. Серкебаев атындағы мектеп-гимназияның 4 «а» сынып оқушылары «Армысың, әз-Наурыз!» атты ашық тәрбиелік сағаттарын өткізді. ҚР Білім беру ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз Роза Көккөзова жетекшілік ететін аталған сыныптың ұлттық нақышта біркелкі киім киінген құлдыраңдаған құлындары мен қызғалдақ қыздары Наурыз тойына үлкен дайындық жасағандарын көрсетті.
Сынып оқушыларының аталары мен ақ әжелері алғашқы сәттен босағаны майлап, бұлақ көзін ашып, ағашқа ақ байлап осынау мерекенің тамаша жөн-жоралғыларын жасады. Мұқамедали мен Әлихан, Айқын мен Ақерке, Әли мен Райан кезек-кезек жүргізген әсерлі кеште Наурыз тойына қатысты інжу-маржандар көз алдымызға келіп жатты. Әмина, Сезім, Мирас, Азамат, Аяжан, ГауҺар, Ұлназ, Алина атты ұлдар мен қыздар Наурыз, Әз, Наурызша, Үт, Наурызкөк, Наурызшешек, Наурыз бата, Наурыз төл, Наурыз көже, Наурыз жыры секілді мереке рәсімдеріне бал тілдерімен түсініктеме беріп өтті. Көпшілік жайдары сәтте балалардың қатысуымен ұлтымыздың ежелден келе жатқан ханталапай, бес тас, тоғызқұмалақ секілді ойындарын тамашалады. Жастық шақтарын естеріне алды. Жандарын жадыратты. Көңілдерін албыратты. Көп нәрседен хабары бар, бір-бір шаңырақтың алтындай ақ келіндері келі мен келсаптың, қол диірменнің қадыр-қасиетін әңгімелеп, қолдан арқан есудің жай-жапсарын ортаға салды. Әсерлі шақта Қыдыр Ата келіп, ақ батасын арнап жатты. Мерекелік шараны Әмина, Аяжан, Димаш әнмен ажарласа, Ақерке мен Сезім әдемі билерімен көркемдеді. Наурыз мерекесінен, Ұлыстың ұлы күнінен өздері де мол мағұлмат алып, ортақтасқан көпшілікке де риза боларлық дүниелерін тарту еткен сынып оқушыларына көпшілік дән риза болды. Ата-аналар атынан сөз алған Болатбек Асқаров оқушыларға ақ батасын беріп, бірінші сыныптан оқытып, тоқытып, осындай дәрежеге жеткізген сынып жетекшісі Роза Көккөзоваға жүрекжарды алғысын жеткізді. Көпшілік осы күні үлкен астан, наурыз көжеден дәм татып, ізгі тілектерін білдіре аттанды.
Бұрым ОРЫНБАСАР.
Кеген ауданы.