Жақында, тәуелсіз Қазақстан Республикасының абыройын асырып, дүние жүзі алдындағы беделін өсірген елордамыздың 20 жылдығына орай, Қаскелең қалалық кітапханасының ұйымдастыруымен, аудандық мәдениет үйінде «Арманы асқақ – Астана» атты іс-шара өткізілді.
Аталған бас қосудың басты мақсаты тарихы тереңге тартылған Астананың көркейіп, қанатын кеңге жаюына, әлем таныған қалаға айналуына өлшеусіз үлес қосқан Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегін насихаттау, егеменді еліміздің өсіп-өркендеу жолындағы жарқын істерге білімді жастарды тарту және тәрбиелеу еді.
Жиынның құрметті қонақтары ретінде республикалық Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов, ғылым саласының ардагері, тарих ғылымдарының кандидаты, жазушы, аудармашы, институттың ғылыми қызметкері Әлімғазы Дәулетхан және аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы таныстырылды.
Алғашқы сөзді белгілі ғалым Әлімғазы Дәулетхан алып, жұртшылықты таяп қалған, мемлекетіміздің мәртебесін көтеретін Астананың 20 жылдығы мерекесімен шын жүректен құттықтады. Сондай-ақ, Есіл өзенінің бойын ен жайлап жатқан елорданың сайын дала – Сарыарқа төсіне орныққаннан бергі тарихын қысқаша айтып өтті.
Бұдан кейінгі сөзді тізгіндеген Зиябек Қабылдинов өзі жазған «Астана» кітабының мәні мен мазмұнын байыпты баяндап, тәуелсіз Қазақ елінің осы орайдағы өзге жұрттарды қатты қызықтыратын жетістіктерін әдемі әңгімеледі, сәулеті мен дәулеті шетелдіктерді де тамсандырып, таңғалдырған мегаполистің керемет көркін тілге тиек етті.
Сонымен қатар, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы осы жиынды ұйымдастырған қалалық кітапханашыларға алғысын білдіріп, әсем Астананың қазақтың нағыз жүрегі екендігін сөз арқауына айналдырды.
Аудандық мәдениет үйіндегі аталған жиынның аяғында аудандық кітапхананың директоры Ұлдархан Өтеева келген қадірлі қонақтарға үлкен алғысын білдіріп, Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Зиябек Ермаханұлына қазақы дәстүрмен сый-сияпат көрсетті.
Жалпы, сөз соңында мерейтойы жақын арада аталып өтетін бас қаламызға арналған бұл шараның мағыналы, мазмұнды ұйымдастырылғанын айта кеткен жөн.
Өз тілшіміз.