Кестелі сөз бен жүйрік ойды шынайы әрі нанымды етіп жеткізу де нағыз шеберліктің белгісі. Бойында осы қасиеттерінің барлығы Айсұлу Съезханның кішкентай кезінен белгілі еді. Нәзік жүрегі балалық шағынан әдебиет әлеміне жақын екенін байқаған ата-анасы қыздарының әрі қарай жетілуіне қолдау білдірді. Осылайша, шамасы келгенше ол көркем сөз оқудан байқаулар мен мүшайраларға тұрақты түрде қатысып тұратын болды. Жарыстарда жеткен жетістіктері жыр әлемінде өз орнымды алсам деген ару қыздың арманына арман қосты. Біртіндеп жас журналистердің сайысында мақала, эссе, әңгімелер сынды жазба жұмыстар жазып, өзін жаңа қырынан аша бастады. Сол кездерде қазылар алқасында болған танымал ақындар мен атақты журналистердің көздеріне түсіп, олардан тәлім алды. Ерінбеген еңбегінің арқасында аудандық, облыстық, республикалық дүбірлі жыр додаларының жүлдегері атанды. Сонымен қатар, Айсұлудың жазған шығармалары «Ұлан» газетінде, «Bugin.kz», «Adyrna» ақпараттық сайттарында, «Дертке дауа», «Балбұлақ», «Ақ желкен» сынды басылым беттерінде, аудандық «Заман жаршысы» газетінде жарияланып тұрады.
Жуырда Айсұлудың осы еңбегі еленіп, Абай атындағы мектеп-гимназиясында шығармашылық кеші өтті. Бұл басқосудың мақсаты – поэзия әлеміне өзіндік үлесін қосуға ынталы Айсұлудың жеткен жетістіктерінен хабардар етіп қана қоймай, оның өзі қатарлас мектеп оқушыларының әдебиетке деген ынтасын ояту. Аталған білім ұясында өткен шара ақындар мектебіне жетекшілік ететін Баян Мұхамедиярованың ұйытқы болуымен ұйымдастырылды. Кішкентай кезінен шығармашылыққа жаны құмар жас ақын бірқатар өнер мен әдебиет әлемінде ойып тұрып орын алған азаматтардан тәлім алып та үлгерген. Бүгінгі кеште бәрі де бар істерін шегеріп қойып, жас шәкірттерін қолдауға арнайы келіп, кітаптар және басқа да сыйлықтарын беріп жатты. Атап айтқанда, олар: Қазақстан жазушылар және журналистер одағының мүшесі Әбетхан Тоқтаған, Халықаралық ЮНЕСКО сыйлығының иегері, тележурналист Жұмаш Кенебай, мұқағалитанушы, кино қайраткері Шаяхмет Имашұлы, ақын, аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Серік Қалиев, зерттеуші, аудармашы Айсұлу Қасымбек, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің доценті Жидегүл Әбдіжәділқызы, республикалық балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ұлан» газетінің жауапты хатшысы Гүлдана Нұрлыханова. Бәрі де өлең өлкесіне өзіндік орнын іздеп жүрген жас ақынға ақ жол тіледі.
Табиғаттың тылсым сырларымен тілдесіп, кез-келген құбылысқа сезімталдықпен қарайтын Айсұлу жиынды алдымен өзінің өлең жолдарымен бастады. Салтанатты кеш әрі қарай мектеп оқушылары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты. Әуезді рухты әндер айтылып, өнерпаз қыздар ұлттық нақыштағы билерін көпшілік назарына ұсынды. Айсұлудың өлеңдерін өзге мектеп оқушылары да мәнерлеп оқыды. Сонымен қатар, шара барысында Айсұлуға «Ұлан» газеті жас тілшісінің куәлігі табыс етілді. Жиын соңында сахнаға жас таланттың әжесі және ата-анасы шығып, Айсұлудың ұстаздарына, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.