Жақында орталық кітапханада аудандық ардагерлер ұйымының кезекті алқалы отырысы өтті. Өңірімізде жалпыұлттық идея рухында патриоттық тәрбиелеу беруде, саяси тұрақтылықты сақтауда өз үлестерін қосып жүрген ардагерлер мәселесі талқыланған жиынға Қаскелең қаласы мен ауданымызға қарасты барлық ауылдық округтердегі ардагерлер ұйымдарының төрғалары мен төрайымдары қатысты.
Жиынды аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Сағат Мәсімақынов ашып, алқа жұмысына сәттілік тіледі.
– Бүгінгі, біз, ардагерлер екі қоғамда өмір сүріп, көрген-білген нәрселерімізден артымыздан ерген жастарға ақыл-кеңестерімізді беріп отырмыз. Осы уақытқа дейін ардагерлер елімізге, оның ішінде өзіміздің ауданымызға еңбек етіп, оның дамуына сүбелі үлес қосып келді. Алайда алдағы уақытта осымен тоқтап қалмай әрі қарай да ел игілігі үшін көптеген жұмыстар атқаруымыз керек. Халықтың мұң-мұқтажын жоғары жаққа жеткізу, жастарға рухани-адамгершілік, патриоттық тәрбие беру бағытындағы істерді бұрынғыдан да жандандыра түсуіміз қажет. Осы тұрғыда алдағы уақытта әрбір істің сыншысы болар өздеріңізбен ақылдаса отырып, күнделікті жұмыстарды бірге атқарамыз деп сенімдемін, – деді Сағат Ұлтарақұлы.
Отырыс барысында күн тәртібінде алғашқы мәселе болып Жібек жолы мен Елтай округтеріндегі ардагерлер әкімдермен бірлесе ел ішінде «Бірлік, Ынтымақ, Тұрақтылық» дәріптеу жұмыстарын қалай атқарып жатқандығы қаралды. Жібек жолы округі бойынша округ әкімінің орынбасары Дәулетжан Деменбаев баяндама жасап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Бізге ел бірлігі ауадай қажет» деген сөзіне үлкен мән беріп, бүгінде округте тұрғындардың ел болып ұйысуына, ауыл ішінде туындаған мәселелердің оң шешімін табуға және жастардың саналарына ұлттық құндылықтардың маңыздылығын сіңіруде ауқымды жұмыстары атқарылып жатқандығын айтып өтті. Сондай-ақ әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған отбасылар есебінде тұрған 168 отбасыға көмек беріліп жатқандығын мәлімдеді.
Елтай ауылдық округі округ ардагерлер ұйымының төрағасы Қалида Қосшығұлов сөйлеп, округ аумағындағы қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына, әлеуметтік шиеленістер орын алмауына аса назар аударылып отырғандығы және сол бағытта атқарылып жатқан шаралар жайында баяндап берді.
Ардагерлер отырысында қаралған екінші мәселе бойынша ҰОС-ның 78 жылдық мерекесіне орай «Ата-бабалардың ерліктерін және ҰОС-на қатысушыларды» мәңгі есте қалдыру үшін жасалған ескерткіштер мен скверлердің жай-күйін аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Жарқынай Садуованың баяндамасы тыңдалып, бірқатар шешімдер қабылданды.
Жиын соңында Сағат Мәсімақынов қатысушылар мен баяндамашыларға алғысын білдіріп, аудандық ардагерлер тарапынан алда да ауқымды жұмыстар жүргізілетіндігін айттып, шараға жиналған ардагерлерді ел өміріне енжар қарамай, белсене жұмыс істеуге шақырады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.