Мерзімді әскери қызмет атқару – әрбір жастың азаматтық борышы. Осы орайда ауданымызда күзгі әскерге шақыру науқаны қызу жүріп жатыр. Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің жиналу алаңына келген жасөспірімдердің алғашқы легі әскерге аттанып та кеткен еді.
Таяуда тағы бір салтанатты шара өтіп, жас жігіттерді әскер қатарына шығарып салу шарасы ұйымдастырылды. Оның барысында Қонаев қаласына әскерге лайықты қарасайлық жастар жіберілді.
Алғаш рет сап түзеп, қатарға тұрған жастар – ауданымызға қарасты округтердің тумалары. Қалыптасқан дәстүр бойынша болашақ сарбаздарды әскер қатарына шығарып салу рәсіміне ауданымыздың Ауған соғысы ардагерлері, әскерге шақырту алған жас жігіттердің туыстары қатысты. Ардагерлер жастарға әскери қызметте табыс тілеп, ұлан-байтақ қазақ даласын «найзаның ұшымен, білектің күшімен» қорғаған ата-бабаларымыз сан ғасыр бойы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай аман сақтап келген ел мен жердің баянды болашағы мен кемел келешегі жастардың қолында екендігін айтып, баталарын берді.
Ардагерлерден қазіргі уақытта борышын өтеп, демалысқа келген өздері сияқты жас сарбаздан, жақындарынын ізгі тілегін тыңдап болғаннан кейін болашақ сарбаздар облыс орталығы Қонаев қаласына бет алды. Олар онда облыстық жинақтау пунктінде медициналық тексеруден өтетін болады. Егер денсаулығы жақсы болса, әскерге аттанады.
Жас әскерилер борыштарын №40398 Үшарал-Алакөл бөлімшесінде бір жыл өтейтін болады. Егер ұнаса келісім шартпен әскер қатарында қала алады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.