Бір шаңырақта орныққан ынтымақты, бірлікті, сыйластықты дәріптейтін жас отбасылардың байқауы біздің ауданымызда жыл сайын дәстүрінен жаңылмай ұйымдастырылып келеді. Биыл да жалғасын тапқан бұл іс-шара осы аптада Қаскелең мәдениет колледжінде өтті. «Үлгілі отбасы» деп аталған байқауға Алматы облыстық жастар ресурстық орталығы қолдау білдіріп, демеушілік етсе, оның лайықты деңгейде өтуіне аталмыш орталықтың аудандық филиалы ықпал етті.
Аудан деңгейінде өткен жарысқа 6 отбасы ниет білдіріп, спорттық шеберліктерімен және шығармашылық қабілеттерімен сынға түсті. Олар байқаудың «Сәлемдесу», «Өнер сайысы», «Толағай», «Сұрақ-жауап» сияқты кезеңдері арқылы бақтарын сынады. Ал жас отбасылардың өнерлерін «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының ғылыми қызметкері Алпамыс Әбу, «Қарасай жастар» театрының актері Абзал Абдіхан және Қарасай аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Жарқынай Садуова сынды қазылар алқасының мүшелері бағалап, лайықты бағасын берді.
Ұлттық мәдениет пен салт-дәстүр ұлықталған, отбасының озық үлгісі көрсетілген іс-шарада оза шапқан үздіктер жүлделерін иеленді. Байқау қорытындысы бойынша Бекболатовтар І орынды алып, 100 000 теңгелік жүлде қорына ие болды. ІІ орынды лайық көрген Иманбаевтар 70 000 теңгенің сертификатын алды. Ал ІІІ орынның 50 000 теңгелік жүлдесі Аметалиевтер отбасына бұйырды. Қалған қатысушы отбасыларға ұйымдастырушы тараптың атынан Алғыс хаттар табыс етілді.