Қарасай ауданы бойынша азаматтардың өзекті мәселелерін қысқа мерзімде шешу мақсатында олардың құқықтық сауаттылығын көтеру және қабылданатын шешімдердің жариялылығын қамтамасыз ету үшін «Халықтық заңгер» акциясы аясында өткен аптаның жұмасы күні аудандық Мәдениет үйінде халықты қабылдау шарасы өтті.
Аталмыш республикалық акцияны «Параграф» ақпараттық жүйесі Zakon.kz желілік басылымымен және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп ұйымдастырған. Шараның негізгі мақсаты халықтың құқықтық сауаттылығын көтеріп, оларға құқықтық көмек көрсету болды. Оған заңгерлерден басқа, аудандық полиция басқармасы, аудандық заң және мемлекеттік құқық бөлімі, сот, миграция, халыққа қызмет көрсету орталығы, жұмыспен қамту, сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары бөлімдерінін мамандары қатысты.
«Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын тиісті деңгейде уақытылы әрі сапалы орындау мақсатында өткен акция барысында тұрғындарды әртүрлі мамандар қабылдап, тегін ақыл-кеңес, бағыт-бағдар берді. Азаматтар тарапынан бірқатар сұрақтар қойылды. Атап айтқанда, қарасайлықтар мұрагерлікті қабылдау және оны қалай алу, жоғалған құжаттарды қалпына келтіру, жер құжаттарын реттеу, атаулы әлеуметтік көмек қазіргі кезде кімдерге беріледі, несиеннің уақыты өтіп кетсе шет елге шығуға бола ма деген сияқты сауалдарды қойылды. Жалпы шарада адамдардан келіп түскен өтініштердің нәтижелері бойынша түсіндіру сипатында толыққанды жауаптар берілді.
Тағы бір айта кетерлігі, бұл акция жыл бойы ай сайын өтіп тұратын болады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.