Күні кеше ауданымыздың орталығы Қаскелең қаласында орналасқан №1 балалар және жасөспірімдер спорт кешенінде «Қарасай бөрісі» атты қазақ күресінен турнир өтті. Алматы облысы бойынша өтетін «Алатау арланы» жарысына және аудан әкімінің кубогына орай ұйымдастырылған турнир саламатты өмір салтын насихаттау, жастарды спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту және ауданымызда қазақ күрес ойынын дамыту арқылы жас таланттарды іріктеуге бағытталған.
Қатарынан жылма-жыл ұйымдастырылып, дәстүрге айналып келе жатқан турнирге аудан әкімінің орынбасары Марлен Касенов, «Úshqońyr» спорт кешенінің директоры Дәурен Төлегенұлы, ҚР самбо федерациясының Алматы қаласының өкілі Асхат Ахметов, аудандық бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының директоры Қуаныш Ахметжанов, және № 1, № 2 балалар және жасөспірімдер спорт кешендерінің директорлары қатысты.
Турнирдің салтанатты ашылу сәтінде сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Марлен Маратұлы сайысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Бұған қоса ашылу салтанатында көптеген жарыстарда ауданымыздың атын шығарып жүрген Жарасхан Айымқұловқа «Қазақстан спорттық және жауынгерлік самбо федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінен «Құрметті спорт ардагері» медалі табысталды.
Бұл айтулы жарыста Қаскелең қаласы мен он ауылдық округтен 22 палуан бақ сынасып, өзара күштілер анықталды.
Сайдың тасындай іріктелген палуандар бәсекесі түс ауғанша жалғасты. Жарыс қатысушылары тартысты күрестерімен, ерекше есте қалар сәттермен жанкүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді.
Қызықты дода қорытындысы бойынша жеңіс тұғырына жүзден жүйрік болып танылған Жамбыл ауылдық округінің палуаны Өріс Адибан шығып, «Қарасай бөрісі» белбеуін көтеріп, 100 000 мың теңге сертификатқа ие болды. Жүлделі екінші мен үшінші орындарға Қаскелең қаласының палуаны Жігер Сәкенұлы мен Елтай округінің спортшысы Қанат Асылбеков ие болды. Жеңімпаздардың барлығына медальдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.
Жоғарыда айтып өткеніміздей жарыс жеңімпазы 28 сәуір күні облыс бойынша өтетін «Алатау арланы» турнирінде аудан абыройын қорғайтын болады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.