Әлемдегі бүгінгі ветеринарияның негізгі мақсаты – ветеринариялық-биологиялық қауіпсіздікті сақтау. Қазіргі уақытта мал ауруларын анықтау, профилактика жүргізудің және емдеудің заманауи әдістерін қолданысқа енгізу, сонымен қатар, жануарлар мен құстардың ауруларын және шығынын азайтатын отандық ветеринариялық препараттарды әзірлеуді, өндіруді жолға қою – ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелердің бірі. Биотехнология саласында қызмет етіп жатқан мекемелер елімізде аз болса да, бар. Ең алдымен ғылыми лабораторияны халықаралық стандартқа сай жасақтап алмай, ешқандай өнімді шығарып, оны шет елдерге ұсына алмайтынымызды жақсы түсінуге тиіспіз. Осы ретте барлық құрылғылары мен жабдықтары халықаралық стандарттарға сай бір кәсіпорын біздің аудандағы Абай ауылында орналасқан деп айтқымыз келеді. Бұл – «Антиген» ЖШС. Ғылыми-өндірістік кәсіпорны 1998 жылы құрылған.
Аталған кәсіпорын GLP (Good Laboratory Practice) және GMP (Good Manufacturing Practice) халықаралық стандарт талаптарына сай заманауи технологиялармен және құрылғылармен жабдықталған. Халықаралық стандарттар кәсіпорынға өндірістің барлық салаларында жоғары техникалық деңгейге, сапа мен сенімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Биылдан бастап биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ-мен қатар «Антиген» ЖШС базасындағы вакцинаны құю бойынша өндірістік алаңды дайындау қолға алынған болатын. Аталған кәсіпорында Алматы облысы әкімдігінің «Жетісу» ӘКК арқылы жалпы сомасы 420 млн.теңгеден астам лизингке 13 бірлік заманауи технологиялық жабдық сатып алынды. Мұндағы өндіріс желісі асептикалық өндірістің барлық талаптары мен санитарлық нормаларына сәйкес келеді. Итальяндық аппарат вакцинаны бір минут ішінде 60 құтыға құюы мүмкін. Әр құтыда 3 доза. Бір айда ол 1 миллион дозаға дейін толтырылуы ықтимал. Құтыға құйылуға дейінгі дайындық ағымдағы жылдың сәуір айынан басталған. Ал шілде айынан бастап 300 мың доза құйылды. Бұл валидациялық серия.
Жалпы, «Антиген» ЖШС ғылыми-өндірістік-кәсіпорнының негізін қалаушы – ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Ахметсадықов. Ол 1971 жылы Алматы зооветеринарлық институтына оқуға түсіп, қызыл дипломмен бітіреді. Еңбек жолын Шығыс Қазақстан облысындағы аудан әкімшілігінің аға мал дәрігері ретінде бастап, кейін шаруашылықтың бас мал дәрігері, облыстық ветеринария басқармасында мал дәрігері болып қызмет атқарды. 1984 жылы Алматы зооветеринарлық институтының күндізгі аспирантурасына оқуға түсіп, 1987 жылдан бастап Алматы зооветеринарлық институтының микробиология кафедрасының ассистенті болып жұмыс істеген. 1988 жылы кандидаттық диссертациясын қорғап, 1990 жылдан бастап Алматы зооветеринарлық институтында доцент қызметін атқарды. 1997 жылы докторлық диссертация қорғады. 2005 жылдан қазіргі уақытқа дейін Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарып келеді. Оның жетекшілігімен 5 кандидат, 1 ғылым докторы дәрежесі қорғалды. Нұрлан Нұролдинұлы 1998 жылы «Антиген» ғылыми-өндірістік кәсіпорнының негізін қалады. Осы кәсіпорында мал ауруларын емдеуге арналған препарат жасайды. Ол өз идеясын іске асыру жолында көп қиындықтарды көргенін айтты. Дәрі шығару үшін аппараттар қажет болады. Аппараттарды шет елден алып келуге мүмкіндігі болмағандықтан, балама түрін қазақ ақсақалына жасатады. Алғашында 3 адамнан ғана құралған кәсіпорында бүгінде 122 адам қызмет істейді.
Облыста, ауылда деп мұрын шүйіре қарайтындарға, қаланың қақ ортасындағы көп лабораторияда осы мекемедегі сияқты халықаралық талаптар мен стандарттарға сай базалық құрал-жабдықтар жоқ екенін айта кетуіміз керек. Ветеринар мамандар мен ветеринарлық-профилактикалық және диагностикалық дәрі-дәрмектерді әзірлеу мен өндіруді жолға қойған «Антиген» ғылыми-өндірістік кәсіпорны жиырма жылдан астам елімізде ауыл шаруашылығы мамандарына қол ұшын созып келеді. «Антиген» ғылыми-өндірістік кәсіпорны Абай ауылында 2001 жылы ғимарат салып, үлкен базаға айналған. Сол уақыттан бері 2017 жылға дейін 47 препарат әзірлеп, өндіріске енгізген. Соның 27-і диагностикалық, 13-і емдік-профилактикалық, 3-еуі паразиттерге қарсы препарат және 2-еуі ашытқы. Технологиялардың жаңалығы Қазақстан Республикасының өнертабысқа сәйкес инновациялық патенттерімен және авторлық куәліктерімен қорғалған. Ветеринарлық тәжірибеде жануарлардың аса қауіпті инфекциялық және инвазивті ауруларымен күресуге әзірленген вакциналар, диагностикалық тест-жүйелер және биопрепараттар Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Ресей, Грузия және Армения елдері аумағында қолданылады.
«Антиген» ғылыми-өндірістік кәсіпорны соңғы бес жылда өнімдерін эскпорт пен республикамыздың ішкі нарығына шығаруда үлкен жетістікке жетіп отыр. Нормативтік-техникалық құжаттамаларға сәйкес препараттар Қазақстан Республикасының мемлекеттік ветеринарлық препараттардың және тиісті шет елдердің мемлекеттік тізіміне енген. Сонымен қатар, бұл кәсіпорын азық-түлік қауіпсіздігі, медицина, микробиология және химия саласында да ғылыми-зерттеу жұмыстарын белсенді атқарып келеді.
2009 жылдан бастап «Антиген» ғылыми-өндірістік кәсіпорны Білім және ғылым министрлігінің ғылыми және ғылыми-техникалық субъектісі ретінде аккредитациядан өтіп, түрлі ғылыми жобаларды іске асырып отыр. Жобалар нәтижесінде мекемеге жаңа технологиялар, биологиялық препараттар, зертханаларды жаңарту жұмыстары және GMP, GLP дүниежүзілік стандарттары енгізілді. Кәсіпорында өндірілетін биопрепараттар сапасын бақылау мақсатында Ұлттық ветеринарлық препараттарды зерттеу сынақ орталығы құрылып, 2009 жылы Индустрия және сауда министрлігінің техникалық реттеу және метрология жөніндегі аккредиттеу орталығы комитетінен іріктеуден өткен.
Ғылыми-өндірістік кәсіпорын және оның қызметкерлері екі рет Әділет министрлігі мен Білім және ғылым министрлігің өнертапқыштық саласында «Жылдық өнертабыс» номинациясының иегерлері атанған. «Антиген» ғылыми-өндірістік кәсіпорнының бас директоры, мекеме негізін қалаушы, профессор Нұрлан Ахметсадықов 2015 жылы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы» атағына ие болған. Ол ветеринариялық және биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған инновациялық технологиялық әзірлемелердің дамуына елеулі үлес қосып келеді. Кәсіпорында өндірілетін препараттарды алу тәсілінің негізгі әзірлеушісі және жетекшісі. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығына үміткер-лер ветеринария және медицинаға арналған биологиялық препараттарды енгізу және өндіру ғылыми-зерттеу жұмыстарын GMP талаптары бойынша (Good manufacturing for medicinal products) «Антиген» ғылыми-өндірістік кәсіпорнының базасында атқарады. Тек ветеринария саласында емес, медицина мен тағамтану саласындағы еңбектерінің өзі бүгінгі биотехнологиялар заманында қолдауға әбден лайық деп атасақ та болады.
«Антиген» ғылыми-өндірістік кәсіпорнында 7 ветеринария, биология, фармацевтика ғылымдарының докторы және 4 PhD, 10 ветеринария, биология, медицина ғылымдарының кандидаты, 21 PhD докторант және 15 магистр қызмет етеді. Ғылыми жұмыстары мен зерттеулері биотехнологиялық өнімдердің халықаралық нарықта ветеринарлық преапараттар өндіру кезінде жаңа бәсекелестікке қабілеттілікті қалыптастыру, ғылымды қажет ететін өндіріс орнын құру, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру, жаңа технологиялық құзыреттілікті енгізу, инновациялық серпілісті қамтамасыз ету мақсатында «Қазақстан-2050» Стратегиясының ұзақ мерзімді басымдықтарына сәйкес әзірленген 2015-2019 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жүргізіледі. «Антиген» ғылыми-өндірістік кәсіпорны ғылыми-техникалық және жоғары технологиялық препараттарды шығаруды дамытуды қамтамасыз етіп, ғалымдарға қолайлы жағдайлар жасап, жаңа технологиялық зерттеулерге инвестиция тартады. Ғылыми-зерттеу жұмыстары мамандандырылған, заманауи құралдармен жабдықталған биомедицина және жасушалық биотехнология, микробиология, вирусология, паразитология зертханаларында физикалық-химиялық, биохимиялық, микробиологиялық, паразитологиялық зерттеу әдістерін пайдалана отырып жүргізіледі. Биобақылау зерттеулерін жүргізуді қамтамасыз ету үшін биологиялық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес мамандандырылған құралдармен жабдықталған виварий құрылған.
Кәсіпорын ізденушілері өз біліктіліктерін үнемі жетекші халықаралық ұйымдарда жоғарылатып отырады. Ғылыми-өндірістік кәсіпорын базасында ғылыми-зерттеу, сынақ және өндірістік жұмыстармен қатар, биологиялық және дәрілік препараттарды өндіру технологиясы саласында, тағамдық қауіпсіздік сұрақтарына жауап табу мақсатында теориялық, практикалық дағдылармен алмасу үшін Қазақ ұлттық аграрлық университетінің, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің студенттерімен, магистранттарымен, докторанттарымен зерттеу жұмыстары жүргізіледі.
Ғылыми-өндірістік кәсіпорынның 2008 жылдан бастап үш тілде шығаратын қазақстандық ғылыми-практикалық «Ветеринария» журналы бар.
Бұрым ОРЫНБАСАР.