Күні кеше «ztb.kz» мен «nur.kz» сынды белгілі ақпараттық сайттарда Қарасай ауданы Жамбыл ауылындағы дүкендердің бірінде қанттың бағасы 920 теңгеден сатылып жатыр деген ақпарат тарады. Аймақтардағы қантқа деген сұраныс артқан соң оның бағасы күн санап қымбаттап барады. Өйткені аудандағы әлеуметтік азық-түліктің бағасы бекітілген ірі дүкендерде осы аптаның басынан бері қант мүлдем жоқ. Супермаркет қызметкерлерінің айтуынша, шекер келген күндері, бір сағаттың ішінде сатылып кетеді.
Осы жағдайды пайдаланған шағын дүкендер қант бағасын 1000 теңгеге дейін көтеріп отыр. Жеміс-жидек пісіп, тосап қайнататын кез жақындаған сайын тұрғындар «қанттың жай-күйі не болады екен?» деп алаңдаулы. Көпшіліктің бұл сұрағы әлі де ашық күйінде қалатын сынды. Оған себеп шекердің нақты бағасы қашан тұрақталатыны белгісіз болуда. Қазіргі уақытта супермаркеттер шекерді тәулігіне шектелген мөлшерде, яғни, адам басына 2-5 килограмнан беруге мәжбүр. Тіпті, ірі дүкендердің өзінде баға өсіп жатыр. Мәселен, наурыз айының соңында 1 кг қант «Magnum» супермаркетінде – 420 теңге тұрса, қазір 445 теңге, «Toimart» супермаркетінде – 339 теңге болса, қазір 430 теңгеге дейін өскен. «Skif» супермаркетінде – 420 теңгеден сатылғанымен, бүгінде оның бағасы 479 теңге. Аудандағы ең ірі базар «Алтын ордада» қанттың бағасы – 550-560 теңге, көтерме базарларда 620 теңге болып тұр. Ал шағын дүкендердегі қанттың бағасы сан түрлі.
Сауда және интеграция министрлігі тамыз айының соңына дейін шет елден 350 мың тонна қант келіп, тапшылық жойылады деп мәлімет берген болатын. Сондықтан халықтың биыл тосап пен жеміс шырынын қайната алмаймыз деген алаңдаулары орынды болып отыр. Қазіргі уақытта тәтті шекердің ащы бағасы түседі деген сеніммен, алда да ақпаратпен бөлісіп отыратын боламыз.
Бұрым ОРЫНБАСАР.