Ұлттық тәрбиенің бастауы, қайнар көзі саналатын – әжелер өнегесінің қай қоғамда болмасын алар орны ерек. Бұл ретте, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жер бетіндегі жақсылық, ізгілік, қайырымдылық атаулының бәрі де ананың ақ сүтінен тарайды», – деп атап өтіп, әжелер тәрбиесінің маңызын осылайша ашып көрсеткен.
Өйткені, қазақ қоғамында әулетті тура жолдан тайдырмай, дұрыс ізге салуда, жеткіншіктерді жастайынан адами келбет ауанынан алыстатпай тәрбиелеу үрдісінде ақ жаулықты әженің бала тәрбиелеудегі рөлі ерекше десек артық болмас. Осы орайда, қазақы қаймағы бұзылмаған Қарасай аудандық Аналар кеңесінің атқарып келе жаткан жұмыстарын мақтанышпен айтып өтпеске болмас. Әжелер алқасы әрдайым аудан ақсақалдарымен бірігіп жұмыс атқаруда. Негізгі мақсаттары – өскелең ұрпаққа әже өнегесін беру, ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымызды қайта жаңғырту. Жастардың санасына сіңіру болып табылатын алтын құрсақты аналарымыздың бүгінде барлық ауылдық округтерде бастауыш ұйымдары бар. Өйткені, көненің көзі саналатын ақ самайлы аналарымыздың бүгінгі батысқа еліктеп ес жиып келе жатқан ұл-қыздарымызға берері мол.
Сондықтан, әже тәлімі мен өнегесі – қашанда тәрбиенің сарқылмас бұлағы, қайнар көзі болып табылған. Жастардың санасына ізгілік пен инабаттылықтың дәнін сеуіп, ибалы келін, көреген ана болуларына оң септігін тигізіп жүрген – Қарасай ауданындағы Аналар кеңесі ұйымының төрайымы Ақылия Бекбайқызы. Ендігі кезекте аталған ұйымның жеткен жетістіктері мен атқарған жұмыстарына тоқталсақ.
«Ел анасы» номинациясын иеленді
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған Алматы облысындағы «Үздік ауылдық округтік Аналар кеңесі» байқауы өткен болатын. Аталған сайыстf өз бағын сынаған Іргелі ауылдық Аналар кеңесі «Ел анасы» номинациясына лайық деп танылды. Байқау «Берік отбасы – берік мемлекет!» жобасы аясында «Қоғамдық келісім» КММ және облыстық Аналар кеңесінің ұйытқы болуымен ұйымдастырылды.
Ауылдық округтік Аналар кеңесінің атқарған істері сарапқа салынған сайыста олардың әрбір жұмыстары жекелей қадағаланды. Жарыстың бірінші кезеңінде қатысушылар өткізген шаралары бойынша бейнеролик көрсетсе, ал, екінші кезеңінде көрме, фотосуреттер арқылы өз жұмыстарымен бөлісті. Раиса Сығаева төрайымдық ететін Іргелі ауылдық округінің Аналар кеңесі көптеген жақсы істердің ұйытқысы болып жүр. Жергілікті әкімдікпен, ауылдық амбулаториямен, мектептермен, Мәдениет үйімен тығыз байланыста, бірлесіп көпшілікке, әсіресе, жастарға үлгі болатын шараларды атқарып жүр. «Батагөй қариялар», «Ертегілер елінде», «Отбасы – алтын ұя» және тағы басқа отбасылық және ұлттық құндылықтарға негізделген жиындарды өткізіп келген. «Берік отбасы – берік мемлекет!» тақырыбындағы байқаудың ережесіне сәйкес Аналар кеңесінің жұмысының соңғы 2 жылда жүргізілген жұмыстары сарапталды.
Нағима Сағатова «Қазақстанның Құрметті азаматы» атанды
Нағима Сағатова – ардагер ұстаз, Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгінің, «Дарын» РҒПО 10 жылдық мерейтой төсбелгісінің, «Халық мұғалімі» медалінің иегері. Ұмтыл ауылдық округінде орналасқан әл-Фараби атындағы дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын арнаулы мектеп-гимназиясын 2005-2013 жылдары басқарған. Нағима Сағатова басқарған кезде аталған оқу орнында үлкен өзгерістер орын алғанын да айта кеткен жөн. Нағима апамыз «Қарасай ауданының Құрметті азаматы», дарынды балалармен жұмыс республикалық фестивалінің дипломанты, тәжірибелі іскер басшы, ұстаз ретінде аудан, облыс, республика көлеміне танымал. Жуырда, Қазақстанның Құрметті азаматы атағын алды.
Мереке қарсаңында мерейлері өсті
Аудандағы Аналар кеңесінің жұмыстары елеусіз қалған жоқ. Ақылия Бекбайқызы ҚР Президентіні Жарлығы бойынша «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталды. Аудандағы ауылдық округтердегі аталған ұйымдардың төрайымдары Клара Абизова, Бақытгүл Құланшеева, Бәтиха Нұртаева, Айша Оңғарбаева, Райса Сығаева, Салиқа Тойымбетова, Нағима Сағатова, Азиза Наимбаева, Құралай Сайбырова, Елена Дадан, Бәтима Үрпетжанова сияқты аналарымыз «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.
Әжелер мектебінің жастарғаберері мол
Әжелер мектебінің бүгінде таптырмас тәрбие құралына айналған. Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді демей ме! Алып батырларды да әйел заты тәрбиелеп өсірген. Шаңырақтың ұйытқысы болған осы әжелер тобы жастарға үлгі болып, жөн сілтейтін ақылшы орта. Біздің аудандағы «Әжелер мектебі» үйірмесіне Шамалған ауылдық округіндегі Аналар кеңесінің төрайымы Бәтиха Нұртаева жетекшілік етеді. Әжелер аталған округтегі Мәденеиет үйінің директоры Шәрбану Шәриқызымен бірлесіп көптеген шаралар атқаруда. Мәселен, үйірме барысында жас қыздарға құрақ көрпе, жастық, сөмке жасау тәсілдерін, тоқыма, ұлттық тағам дайындаудан тәлім беріледі. Оларға Гүлзиха, Шарагүл, Күләш, Гүлнар сынды апаларымыз зор ықыласпен өз білгендерін үйретуде.
Елеулі істері бар
Биыл – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Былайша алсақ аз уақыт емес. Тәуелсіздік – ұлттың бағы! Қазақ үшін бәрінен қымбат ұғым! Бабаларымыздан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Осы орайда Аналар кеңесінің жұмысы жайында айтып өтсек.
Әжелер алқасы 1991 жылы, тура Тәуелсіздік алған жылы құрылған. Содан бері еркін, азат елдің жастарын тәрбиелеуге, олар ой-өресі биік азаматтар етіп тәрбиелеуге өз үлесін қосып келеді. Мақсаты – бейбітшілікті қастерлей білуге, ұлттар арасындағы достықты сақтай білуге, ата-баба дәстүрін қастерлеуге, тарихты білуге, жастарды ұлтжандылыққа тәрбиелеуге атсалысу, ардагерлерге қамқорлық жасап, Мәңгілік елдің иесі – жастарға өнеге көрсету. «Қызға қырық үйден тыйым» деген мақалдың мәнін түсіндіру. Өйткені, елдің болашағы қыздың, аналардың қолында. Ауданымызда 11 округ, 46 ауыл болса, барлығында әжелер алқасы мен төрайымдары бар. Бекболат ауылындағы «Еншісі бөлінбеген қазақпыз» тақырыбында болған шараны мысалға келтіре аламыз.
Әлеуметтік жағдайы төмен отбасындағы балаларға көмек көрсету мақсатында «Қамқорлық» акциясы өткізіледі. Сонымен қатар, зейнет жасындағы мүгедек, жалғызбасты және көпбалалы аналарға көмек көрсету үшін «Ардақтайық аналарды!» атты іс-шаралар да ұйымдастырылады.
Іскер әйелдер қауымдастығымен бірлесіп те жұмыс жүргізеді. Мысалы, «Біз арыстықтармен біргеміз!» ұранымен аналар тарапынан қаржылай көмек көрсетілді. «Мерейлі отбасы» байқауы, «Өнерлі қыз, өнегелі жеңге» тақырыбында отбасылық сайыс өткізілді. Сол сияқты «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» атты бағдарлама аясында «Мейірімділік – анадан, әдептілік – данадан» тақырыбында тәрбиелік ауқымы кең іс-шара Гуманитарлық-техникалық колледжде ұйымдастырылды. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Тәуелсіздік тірегі – білімді ұрпақ», «Самарқанның көк тасы да жібиді», «Ұлы дала даналары», «Ұлы дала – өркениет бесігі» атты іс-шаралар өткізілді. Шамалған ауылында «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «Бас бармақ, он саусақ» атты Жамбыл ауылында өткен іс-шараларды да атауға болады. Сонымен қатар, шілде айының бірінші жексенбісінде, Ұлттық домбыра күніне орай, аудандық перзентханада үлкен іс-шара болғанын да айта кетейік.
«Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» бағдарламасы бойынша қарттарымыз мектептерде оқушылармен ғибратты әңгіме өткізді. Мынадай сан алуан іс-шаралардың басы-қасында болды: «Тірлік қуаты – Ана ұлылығы», «Ағайын тату болса ас көп…», «Әлемде соғыс болмасын!», «Соғыс ардагерлерін қадірлейік!», «Достық, татулық – ел байлығы», «Мақсатымыз – Мәңгілік Ел», «Тәуелсіздігімізге – 30 жыл». «Шаңырақ – мәңгілік ел тұғыры». Ал, «Бала», «Ана», «Келін» бағдарламасы бойынша жоспар жасалынып, іске асырылуда. Әр округтен келген аналар ауылдың жетістігін, мектептермен байланыстарын көрсетіп, өз тәжірибелерін ортаға салды. Мысалы, Райымбек округінен келген әже «асық ойнату», «жеті атаны атату», «ауыл ардагерлерін айтқызу» арқылы үлкен көрініс көрсетті. Елтай округінен келген әже кішкентайларға бата бергізуді көрсетті. Ұмтыл ауылынан келген Күлшаш әже 8 бала 23 немере 8 шөбере тәрбиелеп отырып, «Бала – балың, немере – жаның, шөбере – ұрпағың» тақырыбын әдемі ашып берді. Ал, жалпақсайлық әже Наурыз көженің жасалуын көрсетті. «Ақ орамал» атты республикалық акцияға орай іс-шаралар әрбір округте өтті.
Қарасайлық аналар, әжелер «Біз ортақ шаңырақта өмір сүреміз» атты облыстық акцияға да белсене қатысып, «Мәңгілік елдің анасы – Әлжан ана» тақырыбы бойынша гран-приді иеленіп, теледидар алды, ол ауданымыздағы үшем туған отбасына сыйланды. «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» бағдарламасы бойынша облыста 2-орынды Абай атындағы мектеп-гимназия жеңіп алды. Осындай іс-шаралардың бәріне әйелдер, әжелер ұйытқы болды. Елтай ауылдық округінде болған «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» бағдарламасы аясындағы «Шаңырақ – Мәңгілік елдің тұғыры», «Тірлік қуаты – Ана ұлылығында», «Әже», «Ана», «Келін» атты сайыстардың өтуі өте тартымды шықты. «Ұлттық құндылықтар – ұрпақтар сабақтастығының өзегі» атты округтер арасында өткізілген іс-шараларымыз да сәтті болды. Байқауға әр округ өз тақырыптарымен өте жақсы даярлықпен келді. Мәселен, Жандосов округі – «Ұлттық құндылықтар», Жамбыл округі – «Ұлы дала даналары», Қаскелең қаласы – «Мейірім – анадан», Іргелі округі – «Ақылды қария, ағып жатқан дария», Әйтей округі – «Көненің көзі – тарихтың өзі», Елтай округі – «Тәуелсіздік тірегі – білімді ұрпақ», Шамалған округі – «Әке – отбасының қорғаны», Бірінші Май округі – «Бірлігі жарасқан», Ұмтыл округі – «Ұлы дала ұрпақтары», Райымбек округі – «Туған ел – тұғырым, өскен ел – өзегім», Жібек жолы округі – «Отбасы – алтын ұя» атты шаралар ұйымдастырды. Сонымен қатар, Елтай ауылдық округінің ардагерлер ұйымының төрағасы Қалида Қосшығұлов пен аналар кеңесінің төрайымы Сәлиха Тойымбетовамен бірлесіп осы жуық арада «Ана – гүл, ана – өмір», «Тәуелсіздік – тірегіміз, Қазақстан – тірегіміз» деген шуақты шара өткізді. Ал, Жандосов ауылдық округінің төрайымы Елена Дадан «Бақытты отбасының құпиясы», «Ақ орамалдың қасиеті» атты шараны өткізді.
Сондай-ақ, «Жарасымды көршілер – сенімді әріптестер» атты іс-шара да әрбір округтерде өткізілді. Қазір әжелер алқасы аудандық Аналар кеңесі болып аталады. Жұмыс ауқымы ұлғайды. Мақсат үлкен, міндет зор. Алдағы кезде Тәуелсіздіктің мүддесіне сай іс атқаруға жоспар құрып отыр.
Сөз соңында Қарасай аудандық Аналар кеңесін Ақылия Бекбайқызы жақсы дәрежеде басқаратынын айта кеткен жөн.
Бұрым ОРЫНБАСАР.