Аптаның сейсенбісі күні ауданымыздың орталық кітапханасында «AMANAT» партиясы Қарасай аудандық филиалының кезектен тыс XXXVII конференциясы өтті. Жиынға партияның Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғоджаев арнайы қатысып, партияның болашағына байланысты бірқатар мәселені көтерді. Ал конференцияны аудандық партия филиалының Саяси кеңес бюро мүшесі Атлана Исаева модератор ретінде жүргізді.
Арнайы сайланған 60 делегаттың 55-і жиналған отырыс барысында аудандық партия филиалының және депутаттық фракциясының атқарған жұмыстары, партияның аудандық филиалының жаңа төрағасын сайлау сияқты негізгі үш мәселе қаралды.
Конференцияның күн тәртібіндегі бірінші және екінші мәселесі бойынша «AMANAT» партиясының аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қаныбек Айтжанов баяндап, бір жылдың ішінде филиалдың және депутаттардың атқарған жұмысы, сондай-ақ алдағы бірқатар жоспарлар жайлы толыққанды ақпарат беріп өтті.
Қаныбек Құлжабайұлының айтуынша, бүгінде аудан бойынша 14 бастауыш партия ұйымында 7000 партия мүшесі бар. Олардың қатарында белсенді жастар, өндіріс саласындағы жас мамандар, шағын және орта бизнес өкілдері топтастырылған. Партияластар қатары жылдан жылға жас әрі білікті азаматтармен толығуда. Биылғы жоспарланған ресми, мәдени, рухани шаралары толығымен атқарылып, партия мүшелері мен депутаттардың көмегімен көптеген қайырымдылық жұмыстар жасалған. Жалпы, 2022 жылға жоспарлан барлық іс-шаралар өз деңгейінде іске асқан.
Мұнан кейін күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша партияның аудандық филиалының жаңа төрағасы ретінде Қаныбек Айтжановтың кандидатурасы ұсынылып, жиынға қатысушылар тарапынан бірауыздан мақұлданды. Бұдан соң «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғоджаев сөз алып, тағайындалған төрағаны құттықтап, жаңа жылда жаңа өзгерістер керектігін жеткізді. Партия мүшелеріне, әсіресе, оның жас мүшелеріне қоғамда болып жатқан өзгерістерге бет бұрып, атқарып жатқан жұмыстарына тиянақты қарауды сұрады.
Конференция соңында аудандық Ардагерлер ұйымының төрағасы Сағат Мәсімақынов пен аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Сағындық Жылқыбаев сөз сөйлеп, Қаныбек Құлжабайұлын құттықтады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.