Жалпы, Аспантаулар өлкесі – Кеген ауданында өнері мен мәдениетінің лайықты өсіп-өркендеуіне, кемелденуіне үлесін қосқандардың ішінде өзіміз қатты сыйлап, құрметтейтін Бейсен Қызай Рақымбайұлы атты ағамыз бар. Тумысынан өнердің өз адамы. Жүрген жерін әзіл-қалжыңына, ән думанына бөлей жүреді. Көңілді күйде жүргенді жаны қалайды. Аспантаулар өлкесінің барша жұртшылығына сыйлы да құрметті. Қызай аға қай ауылға, қай ортаға барса да жылы қарсы алып, төрлеріне шығара құрметтерін көрсетіп жатады. Сондай қарапайым, кішіпейіл, үлкендерге ізетінен, кішілерге мейір-пейілінен жаңылмайды. Бір Алласына сыйынып, бес уақыт намазын оқып, жүрген жерінде ұлағатты әңгімелерін ортаға салып, көпшілікті ұйытып алады. Өнер десе, ән десе, ұлттық құндылықтарымыз десе, ішкен асын жерге қояды. Алған әсерінен жан-жүрегі іздегенін тапқандай күйге түскен сәттерінде өзі де қолына керекті музыкалық аспабын алып, «әу» деп қоя береді.
Қызай аға айналасын әсем таулар, орман-тоғайлар ажарлаған Нарынқол ауылында ер жетті. Күн шығыс жақтағы Қостөбе өңірінен, күн батыс жақтағы Ақбұлақ, Байынқол, Дегерез бен Лабасы аймақтарынан алған әсерлері аз болған жоқ. Жастайынан жүрегін ән тербеп, саз керней өсті. Мектеп қабырғасында жүрген кезінен-ақ өнерге жақындығы сезіліп тұратын қарадомалақтардың бірі болды. Мектептегі көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып жүрді. Шын мәнінде, есімін алтынмен жазып қалдыратындай музыка маманы, шебер домбырашы марқұм Тұрсынбек Тілемісовтың шәкірті болғанын әрдайым мақтан ете айтып отырады. Тұрсынбектей ұстазының арқасында домбыраны жақсы меңгеріп алды. Кейін баян аспабы да талабы тас жарардай сезімтал, ұғымтал, елгезек, өнерге жақын баланы жатырқаған жоқ. Қызай ағамыз Нарынқол орта мектебінде 7 сыныпта оқып жүрген кезінде Алматы қаласындағы Абай атындағы опера және балет театрында өткен жасөспірімдер арасындағы көркемөнерпаздардың республикалық байқауында Нарынқолдан жасақталған ұлт аспаптар оркестрінің құрамында лауреат атанып қайтқаны бар.
Асыл ағамыз, өнерге жақын ағамыз 1973 жылы Нарынқол орта мектебін бітіргеннен кейін Нарынқол халық театрында алғашқы еңбек жолын бастады. Дарынды театр режиссері Әбдіғалыым Наймантаевтан дәріс алғанын ешқашан жадынан шығарған емес. Өнерге деген ыстық ықылас Украина жерінде азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін де өскен ортасындағы мәдениет саласына қарай жетелеп әкелді. Нарынқол аудандық Мәдениет үйінің жанындағы халық аспаптар оркестріне жеке аспапта орындаушы болып жұмысқа орналасты. 1981 жылы республикалық эстрада-цирк өнері студиясының музыка бөлімін бітіріп, жолдамамен Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясының «Қосалқа» жастар ансамблінің жетекшісі болып тағайындалды.
Қайда жүрсе де Аспантаулар өлкесі, заңғар көкке найзадай қадала әсем көз тартып тұратын Хантәңірі, анау Шәлкөде, анау Шұбартал мен Көккемер, Көлсай мен Қарқара көз алдында тұратын, атамекеніне десе сағынышы маздап сала беретін жас жігіттің аңсары Нарынқолына тартты да тұрды. 1984 жылдан бастап Қызай ағамыз Нарынқол ауылындағы, Кеген ауылындағы өнер мектептерінде ұстаздық еңбегімен айналысты. Шәкірттерін өнер әлеміне қарай жетеледі. Аталған сұлу да сырлы әлемге деген балғын талаптарын ұштап, қанаттарын қағуына ықпалын тигізді. Музыкалық аспаптардың тілін білсем, меңгерсем деген талай-талай шәкірттерін шарапатына бөледі. Сол бір әсем әуезге, сырлы сазға толы ғажайып шақтарында «Тоғызбұлақ толқындары», «Ереуіл» фольклорлық-этнографиялық ансамбльдерінің және «Алау» ән-би ансамблінің, «Ақниет» әжелер ансамблінің белді мүшесі болды. Осылайша аудан өнерінің өркендеуіне үлесін қосты. Белді де бесаспап музыка маманы, айтулы өнер иесі жүрген жер абырой-атақтан кенде болған жоқ. «Алау» ән-би ансамблі «Халықтық өнер ұжымы» деген құрметті атақты жеңіп алса, «Тоғызбұлақ толқындары» ансамблі халық шығармашылығы өнер ұжымдарының Польшада өткен Халықаралық ХІІІ фестивалінің Алтын медалін жеңіп алып, лауреат атанды.
– Оның бәрі тамаша кезеңдер, ұмытылмас шуақты сәттер еді ғой, шіркін! Біздің тұсымыздағы қыздар мен жігіттердің өнерге деген ықыласы, құштарлығы, сүйспеншіліктері қандай еді десеңізші. Талмай іздендік, ерінбей еңбектендік, ұйқы мен күлкіні көрмей кететін уақыттарымыз да болды. Соның бәрінен жаман болмадық. Абырой арқаладық. Ел құрметіне, алғысына бөлендік, – дейді ағамыз ойлана, тебірене.
Қызай аға зейнет демалысына шаққанға дейін Кеген ауданындағы Бөлексаз ауылдық Мәдениет үйінің директоры болып жемісті еңбек етті. Ауылдың мәдениеті мен өнерін алға жетеледі. Аудандық деңгейдегі мәдени-әдеби іс-шаралардан да тыс қалмады. Білімі мен тәжірибесі мол, көргені көп аға аудандық дәрежедегі дүниелердің басы-қасынан табылатын. Өйткені, ауданның мәдениеті мен өнер саласын басқарып отырған жандар Қызай ағадай білікті, сауатты музыка мамандарының тәжірибесіне сүйенетін, жауапты істерді тапсыратын, үлкен сенім артатын. Сол сенімді абыроймен арқалай жүрді. Ешкімге қиянаты, артық сөзі тиген жоқ. Ағамыз қайда жүрсе де күлімдей тіл қатып, жарқырай жайнап жүрді. Ашық та аңқылдаған мінезімен көпті баурады. Жанына жақсы ағаларын, өнерлі інілерін, сыйласы мен дос-жарандарын жинады, ерте жүрді. Құшағын гүліне толтырды. Сөйткен ағамыздың аудан өнерін өркендетуге қосқан ерен еңбектері елеусіз қалмады. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері атанды. Өз тұсында Қазақ КСР мәдениет қызметкерлерінің І сьезіне делегат болып қатысты. «Ауыл еңбегі үшін» медалімен және «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды. Бөлексаз ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы болып еңбек етті. Бөлексаз ауылында атқарылған, жүзеге асырылған мәдени-көпшілік іс-шаралардың ұйытқысы бола білді. Игілікті шаруалардың басы-қасынан табылды.
Бір уақыт жылы да жайлы шаңырағында қоңыр домбырасын қолына алып, баянын тартып отырған тамаша сәттерінде жан-жүрегін жаңа бір сазды әуендердің тербетіп кететіні бар. Ағамыз шығармашылықтан да кенде емес. Өнердің өз адамы ғой! Қызай ағаның Т.Рақымның өлеңге жазылған «Көктемгі сезім», Ф.Оңғарсынованың жырына жазылған «Ана дауысы», Б.Бұқарбековтың сөзіне жазылған «Ардагерлер», Ж. Әбдірамановтың өлеңіне шығарылған «Дос туралы жыр», Н. Тоқтасынованың сөзіне жазылған «Анашым» атты әндері бар.
Біздің асыл ағамыз сонау Оралдың Жаңа қаласынан таңдап тұрып жар еткен Гүлбар Рақметоллақызы екеуі бақытты ғұмыр кешуде. Өнегелі отбасының иелері. Русландай үлкен ұлы Кеген аудандық ішкі істер бөлімінде істейді. Рүстемдей жоғары білімді ұлы логистикалық орталықта еңбек етеді. Дастандай ұлы бір фирмада менеджер. Гүлданадай қызы Кеген ауылындағы К. Нұрпейсіов атындағы мектеп-лицейдің мұғалімі. Қырмызыдай кенже қызы кішкентайымен үйінде отыр. Ұл-қыздарының бәрі бір-бір шаңырақ. Қызай ағамыз бен Гүлбар жеңгеміз – бүгінде оншақты немеренің бақытты аталары мен әжелері. Имандылық, адалдық, мейірім, жақсылық ұйыған шаңырақтың жақсы күндері алда. Қызай ағамыздың да адам болып келген бір қонақ өмірдегі ұстанғаны адал жол, таза еңбек, сыйластық пен достық. Осының бәрі ағамызды өмір сүрген ортасында, жүрген жерінде құрметіне бөлеп, мерейін тасытып, алдағы күндеріне талпынтып келеді.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.