Осы аптада ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов елімізде 12 сәуірден бастап жанар-жағармайдың бағасы өсетінін жалпақ жұртқа жария етіп, көптің көңілін қымбатшылыққа аудартқаны жасырын емес. Алайда министр мырза елді елең еткізген бұл жаңалықты жамандыққа жорымауға үндегендей. Б.Ақшолақовтың айтуынша, Қазақстандағы бензин бағасы іргелес жатқан елдердегі бағадан айырмашылық байқалғанда ғана, яғни, төмендегенде өзіміздің ішкі нарығымызды тұрақтауға болады.
Энергетика министрінің елді дүрліктіретіндей қадамға барғанын саралауды жөн санадық. Әрбір айтқан сөзінің себебін аңғарып, оның азық-түлікке әсері барына және осы саладағы сарапшылардың пікіріне назар аудардық.
Белгілі болғандай, ҚР Энергетика министрі отын тапшылығын төмендету үшін Қазақстандағы жанар-жағармайды бағасын реттеу шараларын атап өтті:
– жанармайды теміржол және көлікпен шығаруға тиым салынды;
– ресурс иелеріне жанармайды тікелей жанармай станцияларына сатуға міндеттейтін заңнамалық нормалар қабылданды;
– мұнайды жеткізу және мұнай өнімдерін сату кезіндегі өнімсіз делдалдар алынып тасталды.
«Бұдан басқа, өткен жылдың тамыз айында біз тапшылықты азайту үшін сараланған баға (450 тг.) және лимиттер (300 литрге дейін) енгіздік. Бірақ барлық шектеулерге қарамастан, «көлеңкелі экспорт» арқылы отынды шығару мүмкіндіктері табылды. Осыған байланысты, тапшылықты болдырмау үшін біз шұғыл түрде қымбат импорттық отынды сатып алуға мәжбүр болып отырдық», – деп атап өтті Энергетика министрі.
Ішкі нарықтағы жанармай жағдайын тұрақтандыру үшін Қазақстанның көрші елдермен салыстырғандағы баға айырмашылықты төмендету қажет екенін айтқан Б.Ақшолақов мұндай әрекетке көшу оңай еместігін де түсіндірді. Десе де маңызды шешімге бару – тәуекелдің ісі. Мұны да министр дөп басып жеткізді. Сол үшін бөлшек саудадағы жанармай бағасын көтеру маңызды болып тұр.
Сонымен АИ-92 және АИ-93 маркалы бензиннің литрі 182-187 (бұл әр өңірге байланысты) теңгеден 205 теңгеге дейін көтеріледі. Бұл дегеніміз бензиннің аталған түрі 11 пайызға қымбаттағанын аңғартады. Ал дизельдің литрі 295 теңгеден сатылады. Қазір бұл отынның бағасы өңірлерге байланысты 230-260 теңге аралығында сатылуда. Орташа өсім 20%-ды құрап отыр.
Болат Ақшолақовтың сөзіне сенсек, бағадағы айырмашылық мәселесін қазір қолға алмасақ, алдағы уақытта біз үлкен тапшылықтың куәгері боламыз. Анығын айтқанда, бұл өзекті мәселе экономикалық маңызды саланы ілгерілетпей, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне де әсер етпек.
Таңданыс тудырған ақпараттың бірі – Қазақстан жанар-жағармай бағасы ең арзан елдердің қатарынан табылуы. Бұл жайлы да министр мәлім етіп, оны өзге мемлекеттің ішкі нарығымен салыстырды. Мәселен, Ресейде дизель отынының орташа бағасы – 345 теңге, бізден 45 пайызға қымбат. Қырғызстанда литрі – 390 теңге, Өзбекстанда – 480 теңге.
Энергетика министрінің бүкпесіз ойын жаңадан сайланған Үкімет басшысы Әлихан Смайылов та қайталады. Премьер-министр БАҚ-қа мәлімдеме жасап, жанар-жағармай неліктен көтерілетініне түсінік берді.
«Бұл оңай шешім емес, бірақ оны қабылдауға мәжбүрміз. Егер қазір мұндай шешімді қабылдамасақ, онда жақын арада жанармай тапшылығына тап боламыз», – деп айтты Ә.Смайылов. Сонымен қатар, ол мемлекет жанармай өндірісін ұлғайту үшін барлық шараны қабылдауда екенін түсіндірді. Сөзіне сүйенсек, өткен жылы дизель отынын өндіру 5,2 млн тоннаны құрап, рекордтық деңгейге жеткен. Соңғы 5 жылда бензин өндірісі 70%-ға, дизель өндірісі 33%-ға өсіпті.
Алдағы уақытта жанар-жағармайдың бағасы артқанымен, ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерге бөлінген дизельдің бағасы еш өзгермейді. Бұл ақпаратты Үкімет басшысы өзі растап, оларға бекітілген баға 204 теңге болып қалатынын нақтылады.
Жалпы бензин мен дизель бағасының өскені басқа салаға да салмақ салатынын ескерген жөн. Оның ішінде халыққа қажетті азық-түліктің тапшылығы немесе қымбаттауы бар. Осыған қатысты Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин бәрі де мүмкін екенін ескертті.
«Жеңіл тауар болса аса қымбаттамайды, ірі өнімдердің бағасы тиісінше өсуі мүмкін. Жанар-жағармай бағасы өскен жағдайда, мысалы қантқа әсері – 5%, ал күнбағыс майы 2,4% өседі деген болжам бар. Шамамен 15-17 теңгеге қымбаттауы мүмкін. Қазір тауар өндіруші ірі кәсіпорындар бензин, дизельмен жұмыс істемейді. Олар газға көшкен, ал газдың бағасы әзір өспейді», – деді Серік Жұманғарин.
Сондай-ақ ол бензин бағасы күрт артқанымен азық-түліктің қымбаттауына айтарлықтай әсер етпейтінін айтып, көңіл қуантарлық жайтты жайып салды.
«Биыл күзгі егіс жұмыстарына 413 мың тонна дизель отыны бөлінді. Ол арзандатылған бағамен литрі 204 теңге болады. Бұл баға өзгермейді. Сондықтан жанар-жағармай бағасының өсуі азық-түліктің қымбаттауына аса әсер етпейді. Қазір Қазақстанда баға тұрақты. Осыған байланысты бағаның бірден өсуіне негіз көрмей тұрмын. Оның үстіне бізде азық-түлік қоры бар», – деді вице-премьер С.Жұманғарин.
Министрлер мәлім еткен жанар-жағармайға қатысты мәлімдемелер, міне, осындай. Қоғамдық пікір тудырған мәселені ғаламторды ақтарып, сарапшылардың пікірін де ескеруді жөн санадық. Экономист Айбар Олжаевтың айтуынша, қазір Қазақстандағы АИ-92 маркалы жанармай бағасының әділ нарықтық бағасы қазіргіден жоғары болуы тиіс.
«Бензинге қатысты біздегі проблемалардың барлығы диспропорциядан болып отыр. АИ-92 маркасының бір литрінің әділ бағасы – 300 теңге. Оған жетпейінше бұл нарықта тапшылық, жанармайдың сыртқа кетуі, көлеңкелі бизнес проблемалары еш уақытта шешілмейтін болады», – дейді сарапшы А.Олжаев.
Ал мұнай-газ саласының сарапшысы Асылбек Жәкиев бағаны 20 пайызға көтерген билік бензинді көлеңкелі жолмен сыртқа таситындардан бәрібір құтылмайтынын айтуда. Себебі мәселені шешу үшін бағаны Ресеймен теңестіру керек болады екен.
«Халықты ойлау керек. Қаңтар оқиғасы кезінде халық «Газ бағасы 50 теңгеден көтерілмесін!» деген талап қойды. Осыны ұмытпайық. Атқарушы органдар, жалпы билік осы мәселені қарастыруы керек. Екінші мәселе мұнай-газ секторында трейдинг саласын цифрландыру қажет. Биржалар ашық, анық жұмыс істеуі тиіс. Бағаның көтеріп отырған делдалдардың бәрін алып тастау қажет», – дейді Асылбек Жакиев.
Сарапшылар саралап жеткізген сөздер, бағамдары мен болжамдары жоғарыда жеткізіп айтқандай. Ең бастысы министрлер уәде еткендей экономикамыз құлдырамай, әлеуметтің әлеуеті әлсіремей, елдің дамуы ілгерілей берсе деген тілегіміз бар.
Естеріңізге сала кетейік, жанар-жағармай бөлшек бағасына қатысты тиісті бұйрық жобасы 3 сәуір күні ашық нормативтік-құқықтық актілер порталына жарияланды. Талқылаудан өткеннен кейін ұсынған жаңа баға 12 сәуірден бастап ел аумағында ресми түрде күшіне енеді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.