Таңғы сағат 9:00-де облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Қонаев қаласындағы Мәдениет үйінде орналасқан №949 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады. Бұл учаскеде 1737 адам тіркелген, деп хабарлайды Naqtygazeti.kz 7-su.kz сайтына сілтеме жасап.
– Бүгін өз азаматтық борышымды орындау үшін сайлауға келіп, таңдауымды жасадым. Жалпы, биылғы сайлау ерекше өтуде. Мен мықты экономиканы, тұрақты ішкі саясатты, Қазақстанның халықаралық аренада беделді болуы үшін дауыс бердім, – деп айтқан облыс әкімі сайлау науқанында Алматы облыс халқы белсенділік танытып жатқанын атап өтті.
№ 949 сайлау учаскесінің төрағасы Анар Басшыбаеваның айтуынша, сайлауға қатысушылардың қарқыны жаман емес. Таң бозынан басталған науқанға бір сағаттың ішінде 60-қа жуық адам келіп, дауыс беріп үлгерген.
Алғашқылардың бірі болып аталған сайлау учаскесіне ардагерлер кеңесінің мүшесі Амангелді Керімбеков келді.
«Мен бүгін еліміздің болашағы үшін өз таңдауымды жасадым. Халқыма тек тыныштық тілеймін. Ұрпағымыз қиындық көрмей, бейбіт заманда өмір сүрсе екен деймін. Жастарымыз елді әлемге танытсын. Даусымды елімнің тыныштығы үшін бердім. 79 жастамын, Қонаев қаласында екінші рет сайлауға қатысудамын», – деді ақсақал. Оған № 949 сайлау учаскесінің өкілдері бірінші болып келгені үшін сый-сияпат табыстады.
Таңғы сағат 8-ге дейін алғаш рет дауыс берген тағы екі азамат тіркелді. Соның бірі облыс орталығының тұрғыны 18 жасар Ақнұр Асхатқызы. Ол алғаш рет ҚР Президенті сайлауына қатысып отырғанын, сайлауда жастардың барынша белсенділік танытып, болашақ үшін дұрыс таңдау жасаса екен деген ізгі ниетін жеткізді.
Бұл учаскеде 6 байқаушы отыр. Соның бірі Нұрболат Шәкірғали «Baqyla» қоғамдық қозғалысының өкілі екенін және бұл науқанда ешқандай оғаш қылық байқалмағанын және бәрі заң аясында өтіп жатқанын айтып өтті.