Ауылдың қарапайым тұрғындары ауылдық бюджетті бөлуге қатысып, әкімді өзгертіп, билік шешімін жоя алады. Қаскелең қаласында Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Нарынқол, Кеген, Іле аудандарындағы үкіметтік емес ұйымдар, жергілікті қоғамдастық мүшелері мен бастамашыл топтарға арналған облыстық семинар өтті.
Аталған жиынды ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы ұсынған «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға бағытталған шаралар кешенін ұйымдастыру» жобасының гранттық қаржыландыру аясында Маңғыстау облыстық Азаматтық Альянсы өткізді. Алғашқы болып сөз алған қордың мүшесі, эксперт Шолпан Айтенова жергілікті қоғамдастық мүшелерінің қандай өкілеттіліктері мен құқықтарына ие екендігі жайлы жиынға қатысушыларға толықтай түсіндірді. Модератордың айтуынша, біріншіден, ауылдық округтің әкімі жергілікті қоғамдастық мүшелеріне әкімдіктің бюджетіне түскен ақша қаражатының саны туралы деректерді мерзімді түрде ұсынуы тиіс. Сонымен қатар, әкім оларға бюджет жобасын ұсынуға міндетті. Соның аясында бөлінген қаржы көшелерді жарықтандыру, қоқыс контейнерлерін сатып алу және орнату, көгалдандыру, көшелерді қыста қардан тазалау және жаз мезгілінде жолдарды күтіп ұстау, жаяу жүргіншілер жолағын салу және жолды жөндеу, спорт алаңдарын салу және басқа мәселерді шешуге жұмсалады. Жергілікті қоғамдастық мүшелері ұсынылған ауыл бюджетінің жобасымен келіспейтінін білдіріп, оған өзгерістер енгізе алады. Жиын барысында семинарға қатысушылар өз өкілеттіліктерінің басым бөлігін пайдалана алмай жүргендіктерін білді. Осы негізде әрқайсысы толғандырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Мәселен, Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылындағы жергілікті қоғамдастықтың мүшесі Гүлзира Станқұлова семинарға қатысу үшін арнайы келген. Бүгінгі жиыннан алған мәліметтерін өз әріптестерімен бөлісіп, іс жүзінде тиімді қолдануды мақсат етіп отыр.
Келесі кезекте сөз алған Маңғыстау облыстық Азаматтық Альянсының президенті Жібек Ахметова аталған қор жергілікті қоғамдастық мүшелерінің әлеуметтік жобаларын қолдауға биылғы жылы жеті миллион теңге бөлініп жатқаны жайлы мәлімет берді. Семинар барысында әлеуметтік жобаларды әзірлеудің маңыздылығын айтып, оларды іске асырудың мүмкіндігі жайлы кеңестер берді.
Айта кету керек, мұндай жиын Алматы облысы бойынша Қаскелең мен Қонаев қалаларында өтті. Осындай семинарлар еліміздегі демократиялық өзгерістер қисынды жалғасын тауып, жергілікті өзін өзі басқару ұдайы жетілдіріле бермек.
Бұрым ОРЫНБАСАР.