Өткен апта аталып өткен Астана күні мен Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Алматы облысының бірқатар аудан-қалаларында жаңа көп қабатты тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Осындай қоныстой қуанышын атап өткендер қатарында талдықорғандықтар да бар. Талдықорғандағы «Көктем» шағынауданында «Нұрлы Жер» бағдарламасымен салынған 55 пәтерлік тұрғын үйдің кілттерін қуаныш иелеріне облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов табыстады.
Қалалықтарды қуаныштарымен құттықтаған Л.Тұрлашов өңірде мемлекеттік бағдарламалар арқасында халықты тұрғын үймен қамту жұмыстары жылдан жылға қарқындап келе жатқанын атап өтті.
– Талдықорғанда биылғы жылы жалпы ауданы 120 мыңнан артық шаршы метрді құрайтын үйлер пайдалануға беріледі. Осы жылы жалпы баспана мәселесін шешуге республикалық бюджеттен 5,6 млрд. теңге бөлінді. Сол сияқты 155 коттедж салуға жергілікті бюджеттен 1,5 млдр. теңге қарастырылды. Осының бәрі – халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған салиқалы мемлекеттік саясаттың жемісі. Соның айқын көрінісі ретінде Астана күні қарсаңында тағы 55 жетісулық баспанаға қол жеткізіп, қуанышқа кенеліп отыр. Жаңа қоныс иелерін шын жүректен құттықтаймын! Осындай жақсылықтарымыз көбейе берсін. Баршаңызға зор денсаулық және амандық тілеймін! – деді Л.Тұрлашов кілт тапсыру сәтінде.
Жаңа пәтер иелері арасынан сөз алған № 4 балабақшаның тәрбиешісі Күләш Бекенова қалалық тұрғын үй-коммуналдық мекемесі қызметкерлерінің мемлекеттік бағдарламалардың шарттарын жан-жақты түсіндіріп, бағыт беруінің арқасында «Шаңырақ» бағдарламасымен осы баспанаға қол жеткізгенін айтап өтті. Ол өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын мамандарға, тұрғын үйдің көптеп салынуына мұрындық болған ел ағаларына ризашылығын білдірді. Сол сияқты І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің қызметкері Сайрамхан Әбішева жаңа баспанаға ие болу бақытына кенелген өзге де тұрғындарға құттықтау тілектерін жеткізді.
Мұнан соң Лаззат Тұрлашов «Асар» оңалту орталығының жетекшісі Елдос Баялышбаевтың, «Сенім» мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Райгүл Бекованың отбасыларына берілген пәтерлерге кіріп, құттықтап, естелік сыйлықтарын берді.
Атап өтсек, Талдықорғандағы осы көп пәтерлі тұрғын үй құрылысы өткен жылдың мамыр айында басталған еді. «ЦА НИПИ ТрансНефть» ЖШС бас мердігер болды. Жобалық құны 860 млн. теңгеден жоғары. Үйдің жалпы аумағы 5 мың шаршы метрден асады. Мұнда 55 пәтер бар, соның 20-сы — үш бөлмелі, 15-і – екі бөлмелі, 15-і – бір бөлмелі, 5-еуі – төрт бөлмелі.
Сондай-ақ, Астана күні қарсаңында Іле ауданында 60 пәтерлі, Қапшағай қаласында 50 пәтерлі, Еңбекшіқазақ ауданында 30 пәтерлі «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған үйлер кезектегі азаматтарға берілді. Олардың қатарында көп балалы отбасылар, жетім балалар, мүгедектер, халықтың түрлі әлеуметтік әлжуаз санаттары, сол сияқты мемлекеттік және бюджеттік мекемелер қызметкерлері бар.
Алматы облысы әкімінің
баспасөз қызметі.