Алмалыбақ ауылының елді мекен шегіне жаңадан қосылған тұрғын алабындағы ұзындығы 1,8 шақырымды құрайтын көшеге асфальт төсеу жұмыстары аяқталды.
Аталған мәселе тұрғындар тарапынан көтеріліп, Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Тоққожаұлы Естеновтің қолдауымен оң шешімін тапты. Жол жұмыстары ауданның автомобиль жолдары және қоғамдық көлік саласына жауапты мемлекеттік мекемесінің тапсырысымен жүзеге асырылды.
Жалпы, биыл Ұмтыл ауылдық округінде жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, Бөлтірік би, Үшқайың, Керімбек, Балдаурен, Көктерек, Олимпийский және басқа да көшелерге асфальт төселді.
Округ тұрғындары үшін қолайлы әрі қауіпсіз жол инфрақұрылымын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасады.

