Отбасы – мемлекеттің дұрыс қалыптасуының ең басты тірегі. Оған «Отан – отбасынан басталады» деген сөз дәлел. «Үйлену оңай, үй болу қиын», деп бабаларымыз бекер айтпаған. Иә, үйлену қашанда оңай. Ал, үй болу ше? Шын мәнінде үй болу неге қиын? Бұл қоғам алдындағы жауапкершілік. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда шаңырақ көтеруге бел буған жастардың көбіcі дерлік осы бір жауапкершілікке немқұрайлы қарап кеткендей сезіледі, соның салдарынан бүгінде шаңырақтың шайқалып, заңды некенің бұзылуы кең өріс алуда.
Көптеген елдерде алимент төлемеген борышкерлерге қатаң жаза түрлері қолданылады екен. Мысалы Қытайда алимент төлемейтін ер адамдарды ату жазасына кессе, АҚШ оларды 2 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Сондай-ақ, Франция, Италия, Әзірбайжан сынды елдерде де заңға бағынбаған әкелерді түрмеге тоғыту қарастырылған. Канада мемлекетінде борышкерлердің суреті сайттарда жарияланады. Осы орайда біздің еліміздің заңы безбүйрек ата-анаға әлдеқайда мейіріммен қарай ма деген ойға қаларың анық.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде алимент төлемеген борышкерлердің қарызы 6 миллиард теңгеден асады екен.
Сот орындаушылардың айтуынша «көкек әкелерден» алимент өндіріп алу қиынға соғады. Кейбір азаматтар алимент төлемеу үшін жұмыс орнын, табысын және тұрғылықты мекенжайларын жасыру арқылы жалтарып отыр. Оларға заңда қарастырылған барлық жаза түрлері қолданылып келеді.
Қарасай ауданы прокура-турасының бастамасымен жеке сот орындаушылары аудан көлемінде алимент бойынша борышкерлердің тұрғылықты мекен-жайлары тексеріліп, алимент төлемеген жағдайда әкімшілік және қылмыстық жауаптылық көзделгендігі жөнінде заң талаптары түсіндіріліп, тиісті хабарламалар таратылды.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек Қарасай ауданы бойынша 2021 жылдың басынан бергі уақытта жеке сот орындаушылардың өндірісінде 3362 (2020ж.- 3891) атқару өндірісі бойынша 54.959.455 (20 ж.- 59.957.455) сомаға алимент қарызы болған. Олардың ішінде 69 (20 ж.-245) атқару өндірісі орындалып, 25.676.933 (20 ж.- 50.676.933) сомаға алимент қарызы толық өндірілген.
Оның ішінде прокурорлық ықпал ету актілерінің нәтижесінде 21ж. – 30 (20ж.- 90) атқару өндірісі орындалып, 21 ж. – 13.181.184 (20ж.- 38.596.204) сомаға алимент қарызы толық өндірілген.
Сонымен қатар, 2021 жыл басынан бергі мерзімде Жергілікті полиция қызметі мен жеке сот орындаушыларының ұйымдастыруының нәтижесінде үш рет рейдтік іс-шаралар жүргізудің қорытындысымен 21 автокөлік (2020ж. 16) айыптұраққа қамалып, нәтижесінде борышкерлерден 8 млн. (2020ж. 6 млн.) алимент берешегі өндірілді.
Осыған байланысты 2021 жылы аудан прокуратурасы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 669-бабының 1-бөлігіне сәйкес, яғни, сот актісін және атқарушылық құжатты орындамағаны үшін аудан бойынша 40 алимент төлемеген борышкерлер әкімшілік жауаптылыққа тартылған, оның 27-не айыппұл салынып, 13-не қамаққа алу жазасы тағайындалған, 2020 жылы 32 борышкер осы тектес жауаптылыққа тартылып, 18-не айыппұл салынып, 14-не қамаққа алу жазасы қолданылған.
Алимент төлеуден жалтарған жағдайда борышкер қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Қазақстан Республикасы ҚК-нің 139-бабына сәйкес борышкердің 3 айдан астам уақыт бойына кәмелеттік жасқа толмаған баласына алимент төлемегені үшін 1 жылдан 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы көзделген.
2021 жылы 2 атқару өндірісі бойынша 2 борышкердің үстінен ҚР ҚК-нің 139-бабымен қылмыстық іс қозғалып, сотқа жолданған. Бірінші іс бойынша борышкер Б.К. алимент төлеуден жалтарғандығына қарамастан сот орындаушыларының «Жұмыспен қамту орталығы» арқылы тауып берген жұмысынан бас тартқан. Оған сот үкімімен бір жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, екінші іс бойынша борышкер Т.С.-ға тараптардың бітімгершілікке келуімен қылмыстық іс қысқартылған.
Сот орындаушылары қасақана алимент төлемейтін борышкерлерге алимент берешегін толық өтемейінше шетелдерге шығуларына, сондай-ақ, әртүрлі рұқсаттар (банкі шоттары), барлық лицензия түрлеріне, нотариалды құжаттар рәсімдеуге, жылжымайтын, жылжитын мүліктерге және көлік құралдарын жүргізуіне уақытша шектеу қояды.
Алимент төлемеудің себептерінің бірі борышкердің тұрақты жұмысының болмауы немесе табысы жоқтығы. Бұл жағдайда сот орындаушы жұмыссыз борышкерлерге жұмыс табу мақсатымен жұмыспен қамту орталықтарына жүгінуді ұсынады. Алайда, төмен жалақы төленетін жұмыс орындары ұсынылатындықтан, борышкерлердің басым көпшілігі мұндай ұсыныстарды қабылдамайды. Еңбектен жалтару үшін табатын сылтаулары тым көп деп те айтуға болады.
Ерлі-зайыптылар өзара алимент төлеу туралы келісімге отыра алады.
ҚР «Неке және отбасы» кодексінің 138-бабында ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағу жөніндегі міндеттері көрсетілген. Ерлі-зайыптылар өзара алимент төлеу туралы келісімге отыра алады, ал ол болмаған жағдайда сот кәмелетке толмаған балаларға олардың ата-аналарынан алиментті ай сайын бір балаға ата-анасы табысының және өзге де кірісінің төрттен бір бөлігін, екі балаға үштен бір бөлігін, үш және одан да көп балаға теңжартысын өндіріп ала алады.
Борышкер жұмыссыз болса да, алимент төлеуге міндетті.
Осылай десек те қоғамның назарын алимент төлемеу мәселелеріне аудару, берешек ата-аналарды өз балаларына уақытылы әрі ерікті түрде алимент төлеп отыруға шақыру – жоғары қадағалау органының тұрақты назарында.
Аудан көлемінде тұрақты жұмысы жоқ борышкерлердің жұмысқа орналасу мәселелері, сондай-ақ, борышкерлермен және өндіріп алушылармен оларды қызықтыратын барлық сұрақтар бойынша түсіндірмелік жұмыстарды өткізу тұрақты бақылауға алынды.
Ер азаматтар ежелден отбасының асыраушысы саналған. Сондықтан балалардың қорғансыз әрі еңбекке жарамсыз екендіктерін борышкер әкелердің бір сәт те ойларынан шығармай, балаларын мүшкіл халде қалдырмауы керек.
Мемлекетіміздің өркендеп, көркейіп, гүлденіп, отыз елдің қатарына қосылуы да осы ұрпақтардың бейнесімен көрінеді. «Бала – біздің болашағымыз», «Адам ұрпағымен ғана мәңгі жасайды» деген қағиданы естен шығармағанымыз абзал.
Ғалымжан СӘРСЕНОВ,
Қарасай ауданының прокуроры,
аға әділет кеңесшісі.