Шағын және орта бизнесті дамытуда мемлекеттік бағдарламалардың көмегі зор. Осы бағдарламалар арқасында бүгінде облысымызда өз кәсібін ашып, шаруасын дөңгелеткендердің саны артуда. Соңын бір дәлелі ретінде таяуда Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш қаласында ашылып, бүгінде өзінің тігін ісін дөңгелетіп келе жатқан «Алатау» цехын айтуға болады. Жоба құны – 230 млн. теңге.
Сапалы материалдан жасалған әртүрлі киімдерді шығаратын цех заманауи тігін құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Арнайы техниканың барлығы Германия мен АҚШ елдерінен алып келінген. Жұмысын бастағанына аз уақыт болса да бүгінде өндіріс орнының жұмыс қуаттылығы артып, күніне 500 данаға дейін әскери форма тігілуде.
Жаңа тігін цехы ашылғанын естіген аудан халқының қуанышында шек жоқ. Себебі, бастапқы 30 адамды жұмыспен қамтыған кәсіпорында қазіргі таңда 100-ден астам адам еңбек етуде. Ал алдағы уақытта цех басшылығы жұмысшылар санын 300-ге дейін көтеруді жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде жұмыссыздық деңгейін азайтып, ауданның экономикалық көрсеткішін ұлғайтады.
Мұндағы тігіншілердің басым бөлігі көп балалы және жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар, өз мамандығымен осы уақытқа дейін жұмыс таба алмай жүрген жұмыссыз тұрғындар.
– Бұл жерге жұмысқа келгендердің 60-70 пайызы тігін ісімен кәсіби түрде айналыспағандар. Кейбіреуі тіпті, тігін машиналарын алғаш рет көріп отырғандар. Сондықтан мұнда жұмысқа орналасқандарды алдымен біздің тігін шеберіміз бен бас технолог мамандарымыз тігін ісіне үйретеді. Қуантарлығы барлығының нәтижесі жақсы, цех жұмысы ілгері басып келеді. Мәселен, өткен айда орташа жалақы 100 мыңдай болса, қазір 164 мыңға жуықтады. Қазірдің өзінде 300 мыңнан астам алатындары да бар, – деді өндіріс басшысы Мұхаметқали Сабыров.
Жалпы аумағы 410 шаршы метрді құрайтын цехтің жұмыскерлеріне барынша ыңғайлы жағдай жасалған, ғимараттың іші жылы, әрі оларға мұнда күніне бір мезгіл уақыт ыстық тамақ та беріледі.
Істің алға басуына міндетті түрде жүйе керек. Осы тұрғысында өндіріс орны ешкімнен қалыспайды. Барлық әрекеті мен бағдары алдын-ала дайындалған. Яғни, қолға алған істерінде реттілік бар.
«Алатау» тігін цехы басшылығының айтуынша, олар киім-кешектен бөлек алдағы уақытта аяқ киім өндірісін дамытуды жоспарлап отыр. Бұл бірінші кезекте отандық нарықта цехтың өзіндік брендтін қалыптастыруға, екіншіден, көптеген тұрғындарды жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Аталмыш кәсіпорын бәсекелік ортадан өздерінің орындарын тауып, табыстарын еселеп отыр. Ашылғандарына аз уақыт өтсе де тапсырыс берушілер саны артып келеді. Бұл – кәсіпорынның сапаға және тапсырыс берушілердің қойған талабына сай жұмыс жасап, сенімнен шыға білуінің нәтижесі.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.