Қасиетті Қарасай ауданымыздың 90 жылдық мерейтойы екі күнге жалғасқаны мәлім. Алғашқы күні аудандық Мәдениет үйінде «Қарасай батыр – Ұлы даланың тарихи тұлғасы» атты ғылыми-практикалық конференциясы өтіп, «Қарасай – тарихи атамекен» атты кітаптың тұсаукесерімен жұпталды. Мұнан соң, мерекелік дата айтулы ақындардың айтысымен жалғасса, екінші күнінде орталық алаңда Қарасай батыр ескерткішінің ашылуы көпшілікті қуантқан еді. Осындай игілікті шарадан кейін аудандық Мәдениет үйінде салтанатты жиын болып, үлкен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Ауданның 90 жылдық мерекесі Жандосов ауылдық округінде орналасқан «Нұрдәулет» ипподромында өткен аламан бәйгемен аяқталды.
Бәйге – ұлттық спорттың ішіндегі ең маңыздысы болғандықтан, дүбірлі тойда қорытынды іс-шара болғаны бекер емес. Жылқы болған жерде бәйге де бар. Қазақтың дүлдүл ақыны Ілияс Жансүгіров айтқандай, «жанына халқымыздың жылқы жаққан…» немесе ескіден жеткен есті сөз «Ер қанаты – ат» сияқты тәмсілдерде бағзы заманның сыр-сарыны жатыр. Иә, қазақтың дәстүрлі спортына республикадан жиналған үздік 49 шабандоз қатысты. Үш бөлікке бөлінген жарыста ең алдымен 11 шақырымдық құнан бәйге, 16 шақырымдық топ бәйге мен 24 шақырымдық аламан бәйге болды.
Шабандоздардың алғашқы сайысы құнан бәйгеден басталып, өте тартысты болғаны көрермендердің қолдауынан байқалды. Екі жасқа дейінгі жылқылардың бәйгесінде топ жарып, жеңімпаз болған жерлесіміз, қарасайлық Ерсұлтан Нұрболұлы еді. Қарлығаш деген сәйгүлігі өзінің қарсыластарына дес бермей, иесіне су жаңа көліктің кілтін сыйлады.
Ал, топтық бәйге де өз деңгейінде көрермендерге керемет әсер қалдырғаны рас. Онда адам саны 19-ға жетіп, аттың құлағында ойнайтын спортшылардың жеңіске деген ұмтылысына барлығы тәнті болды. Жүйріктердің алдында Нұрсұлтан қаласынан келген Нұрдәулет Әкімжанов келіп, 1-ші орынды қанжығасына байлады. Бұл жеңімпазғада Астана есімді жылқысы темір тұлпардың кілтін бұйыртты.
Ең соңғы жарыс – аламан бәйгені көпшілік асыға күтті. Ара қашықтығы 25 шақырымға созылатын жарыста шабандоздардың дайындықтары да жақсы дәрежеде болды. Алдын ала тұлпарларын дайындаған азаматтардың жеңіске деген ниеттері де айқын көрінді. Бәйге басталып, зымырап кеткен 15 спортшының ішінде 6-шы айналымның өзінде 10-ға жуығы ғана қалды. Сайыста жалпы 12 жарым айналым белгіленген еді. Күш-жігерін толық жұмсаған шабандоздардың қатары 10-шы айналымда сегізге түссе, соңғы сәтте мәреге келген жеті спортшының ішінен Қызылорданың тумасы Бердібек Мұқанов топ жарды. Қарсыластарына дес бермей, шаң қаптырған спортшы да басты жүлде – су жаңа көлікке ие болды.
Жүлделі болған азаматтардың қатары мұнымен тоқталмай, екінші, үшінші орын алған азаматтарға қаржылай, кубок, медальдармен қатар, жаңа көліктің кілттері де табысталды. Сондай-ақ, алғашқы болмаса да, өнерлерін көрсетіп, көрермендерді тәнті еткен төртінші, бесінші орын алғандар да ақшалай ұтыспен үйлеріне қайтты. Ал, бұл үздіктерді марапаттаған ауданымыздың аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Едіген Жүнісбеков, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сағат Мәсімақынов пен Райымбек ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Иманжан Мамырбаев болды.
Бақдаулет ТАЛИПОВ.