Өткен жылдың соңғы айында облыс орталығында медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттыруға бағытталған ерекше шағын нысан қолданысқа берілді. Анығын айтқанда, Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасында медициналық-санитариялық алғашқы көмектің (МСАК) үздік тәжірибелер орталығы ашылды. Шараға Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаев қатысты.
Орталықтың ашылуында Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Маратұлы сөз алып, бұл орталықтың ашылуы ел денсаулығын арттырудағы батыл қадам екенін жеткізіп, оның маңыздылығына тоқталды.
«Алматы облысында осындай орталықтың бүгін екіншісі ашылып отыр. Енді Қонаев қаласында науқастардың әлеуметтік жағдайына да аса мән беріледі. Себебі, үздік тәжірибелер орталығының жұмысы отбасылық медицинаға негізделген. Орталықта адамдарға кешенді түрде, яғни, медициналық, әлеуметтік, психологиялық көмек көрсетіледі», – деді облыс әкімінің орынбасары Р.Исатаев.
Қазіргі таңда алғашқы көмек көрсетудің принциптері өзгерген. Бұл жайында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лейла Серікбаева айтып өтті.
«Әлеуметтік, көпбейінді топтар дәрігерден дәрігерге жүгіретін елдің жүгін азайтады. Отбасылық дәрігерлер біраз уақыттан кейін әр саладағы медициналық қызметкердің орнын басады. Аурудың алдын алу бойынша көрсетілетін қызметтер саны артады. Бүгінде елімізде зорлық-зомбылыққа, буллингке ұшырап жатқан аналар, балалар көп. Сондықтан орталықтағы әлеуметтік қызметкерлердің рөлі үлкен болмақ. Қоғамда менталды түрде сау адамдар өмір сүруі де маңызды. Мамандар инфекциялық емес ауру түрлерін анықтау бойынша қайта оқытудан өтті. Бұл өз кезегінде науқастарды амбулаторлық ем қабылдауға жіберіп, жедел жәрдемді жөнсіз шақырудың алдын алады», – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі Лейла Серікбаева.
Айта кетейік, бұл орталықта 13 жоба қолға алынған. Оның екеуі медициналық мамандардың қызметіне арнайы бағытталса, қалғаны халықпен, емделушілермен қарым-қатынас орнатып, олармен бірлесіп жұмыс істеуге негізделген. Мәселен, «Халық кеңесі» жобасына тоқталуға болады. Аталған жоба аясында ақ желеңділер халықпен сенімді байланыс орнатып, олардың кез келген шағымымен жекелеген жұмыстар атқармақ.
«Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасында қызмет көрсетуді ұйымдастыру, науқастардың учаскесін өзгерту, кадрлар санын көбейту жұмыстары қолға алынғанын көріп отырмыз. Бірте-бірте ауруханада кезек күткен елдің қарасы да азаяды», – деді басқарма басшысының орынбасары Л.Серікбаева.
Жалпы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өз тарапынан Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасында медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығын жоба ретінде Еуропаның 53 еліне әлемдегі алғашқы демонстрациялық платформа ретінде ұсыныпты. Мұндай ақпаратты үздік тәжірибелер орталығы жүйесін Қазақстанға енгізген профессор, ҚР бастапқы медициналық көмек «Primary Health Care» Ұлттық Ассоциациясының президенті Төлебай Рақыпбеков айтты.
Еліміз бойынша ең алғашқы орталық Еңбекшіқазақ ауданында ашылса, алдағы уақытта Кеген ауданында болады деген жоспар бар.
Д. МУХАМАДИЕВ.
Қонаев қаласы,