Өткен аптада Қонаев қаласының әкімі Нұрлан Құматаев қаладағы бірқатар нысанды аралап, әрбірінің жұмыс істеу барысымен танысты. Шаһар басшысының арнайы барған мекемесінің бірі – автопарк. Қала әкімі жүргізушілердің медициналық бақылаудан өткені жайлы журналды және автобустардың техникалық жағдайына назар аударды. Айтуынша, ең алдымен, жолаушылардың қауіпсіздігіне жіті назар аудару қажет. Ол үшін жүргізушілердің денсаулығы мықты болып, қоғамдық көлік талапқа 100% сәйкес келуі керек.
«Біз автопаркке бөлінетін субсидия көлемін арттырудамыз. Сондықтан қызмет көрсету сапасы да жақсаруы керек. Бірақ қазіргі жағдай өте жақсы деңгейде емес. Халықпен кездесулерде «Арна» шағынауданы мен саяжай алқаптарының тұрғындары автобустың кешігіп жүретініне үнемі шағымданады. Жұмысты жандандырып, жұртшылыққа дұрыс қызмет көрсету қажет», – деді Нұрлан Құматаев автопарктің директорына.
Ал компания басшысы әр автобуста диспетчерлердің және автопарк әкімшілігінің байланыс нөмірлері жазылған ақпарат ілініп тұрғанын айтып, кез келген шағым болса, тұрғындар бірден басшылыққа хабарлай алатынын түсіндірді.
Айта кету керек, бұл қызмет көрсетуші мекеме тек жолаушылар тасымалымен ғана айналыспайды, коммуналдық қызметті де көрсетеді. Оның ішінде жеке үйлерден қоқыс шығару да бар.
Жалпы қалада 10 бағытта 23 автобус қызмет көрсетеді. Жол жүру ақысы – 80 теңге, ал оқушылар мен студенттерге 50% жеңілдік, яғни, 40 теңге. Көпбалалы аналар мен 78 жастан асқан қариялар қоғамдық көлікте тегін жүреді.
Қала басшысы Нұрлан Құматаева автопарк жұмысымен танысып, ағымдағы жылдың желтоқсан айында 4 автобус қолданысқа берілетінін атап өтті. Сондай-ақ қыс кезінде халық тоңып қалмау үшін тиісті шараларды атқару керектігін ескертті.
Қонаев қаласы – қазандығы көгілдір отынға қосылған Қазақстандағы жалғыз облыс орталығы. Қаланы аралау кезінде шаһар басшысы Нұрлан Құматаев жаңа ғимараттар мен тұрғын үйлерге жылу қуатының жетуі немесе жетпеуіне қатысты ақпарат берді. Сөзіне сүйенсек, жылу энергиясы тапшылығының алдын алу мақсатында кешенді жұмыс жоспары жасалған.
«Бүгінде қалада құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Біз осы жылдың тамызында бекітілген Бас жоспарға барлығы сәйкес болуын бақылауда ұстап отырмыз. Жалпы көлемі 23 мың шаршы метр болатын «Sun City» тұрғын үй кешенінің құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға жақын. Кешен 12 қабатты 3 бөліктен құралған. Бұдан бөлек, 2024 жылдың басында қолданысқа берілетін басқа да нысандар бар. Ал сіздердің сұрақтарыңыз орынды. Әлбетте, жылу жүйесіне артық жүктеме болады. Бірақ, мен жауаптыларға ғимараттардың ішкі жұмысы жасалып жатқанда жылуға бірден қосуды тапсырдым», – деді қала басшысы Нұрлан Құматаев.
Бүгінде қалалық әкімдік халық тұрып жатқан көпқабатты үйлерге артық жүктеме түсіп кетпеуін ерекше қадағалап отыр. Қазіргі таңда «Қонаев қаласының жылу желілері» МКК 275 көппәтерлі үй мен 648 жеке үйді жылумен қамтамасыз етуде. Кәсіпорында 6 бу, 4 су жылытқыш қазандықтар орналасқан. Осы қуатқа қарамастан, қала әкімдігі кәсіпорынды үлкейту үшін шаралар қабылдаған.
«Жылу беруді оңтайландыру мен оның айналымы, барлық шағын аудандарға жылуды біркелкі тарату мәселелері өзекті болып қала бермек. Аталған түйткілдің түйінін тарқату үшін жылу желісін жаңғыртып жатырмыз. Газбен және мазутпен жұмыс істейтін қазандықтарды сатып алудың арқасында қуатты 20 000 кг/сағатқа ұлғайтуды көздеп отырмыз. Ол кезде қысым 16 бар (204о С) болмақ», – деді қала әкімі.
Д. МУХАМАДИЕВ.
Қонаев қаласы.