Жаз айлары – әсіресе, мектеп оқушылары үшін ерекше ықыласпен күтетін уақыт. Оқу жылында тоқсан арасындағы берілетін санаулы күндер демалыс болып есептелгенімен, жаз кезіндей болу қайда?! Жазда баланың бос уақыты көп, неше түрлі қызыққа толы мүмкіндік те мол.
Ал ғылыми тұрғыда қарайтын болсақ, жазғы демалыс – мектеп оқушыларының жалпы физиологиялық, сана-сезімдік, дүниетанымдық тұрғыда даму, жетілу кезеңі. Бірақ баласы сағына күткен бұл мезгілді барлық ата-ана дұрыс пайдалана ала ма деген сұрақ туындайды. Тұрмыс тауқыметінен кейбір баланың базарда сауда жасап тұрғанын көзіміз шалып қалады. Жыл бойы сабақ оқудан шаршаған бала тынығып, күш жинап, денсаулығын нығайтуы өте маңызды. Бұл оның шығармашылық қабілетін де арттырары сөзсіз. Мұндай шараларды балалардың күндіз келіп демалатын жазғы сауықтыру лагерлері жүзеге асырады. Солардың бірі Жамбыл ауданындағы Жаңақұрылыс ауылында орналасқан «Жас ұлан» оқушылар үйінде ұйымдастырылып, 5 маусымнан бастап жұмыс істеп жатыр. Мұнда балалардың көңілді демалысы, бос уақытын тиімді пайдалануы дұрыс жолға қойылған. Сонымен қатар бір мезгіл жұмыспен қамтылуы және сауықтыру шаралары да қарастырылған.
«Жас ұланның» жазғы лагеріндегі іс-шаралар «Қазақстан – бақытты балалық мекені» атты тақырып аясында құрылған. Осындағы педагог-жетекшілер балалармен күнделікті сағат 9.00-ден 12.30-ға дейін 3 топ бойынша жұмыс жасайды. Әр күн таңғы жаттығумен басталып, ән салып, би билеу, сурет салу, викториналық сұрақтарға жауап беру, дөңгелек үстел басында сұхбаттасу, флешмоб, эстафеталық ойындармен жалғасып жатады. Еліміздегі атаулы күндер де ескеріліп, жоспарға енгізілген. Мәселен, осындағы жазғы алаңда 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні, Астана күні, кітапханашылар күні сияқты мерекелер тиісті деңгейде аталып өтті. Аталған оқушылар үйінің ұстаздарының айтуынша, жалпы алаң жұмысы қызықты, нәтижелі өтіп жатыр. Балалар өздерінің мүмкіндіктерін ескере отырып, белсенділік пен бастама танытып, бос уақыттарын тиімді өткізуде. Әрі денсаулықтарын нығайтады. Көпшілігінде бұрын өздері де байқамаған қабілеттері ашылып, қызығушылықтары артады.
Алаңның жұмысын осылай тартымды ұйымдастырудың нәтижесінде мұнда балалар зор ынта-ниетпен келеді. Жасыл желекке оранған жазғы алаң күн сайын балалардың көңілді үніне толып, ән мен жырға бөленуде. «Жаз жайнатып, күн күлдірген шақтағы қызықтар балалардың есінде ұзақ сақталады деген ойдамыз», – дейді «Жас Ұлан» оқушылар үйіндегі ұстаздар.
Суретте: «Жас ұлан» оқушылар үйіндегі жаз қызығы.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Жаңақұрылыс ауылы,
Жамбыл ауданы.