Соңғы жылдары мемлекет тарапынан жеке ісін бастағысы немесе одан әрі кеңейтіп дамытқысы келетін кәсіпкерлерге жасалып жатқан қолдаулар жетерлік. Солардың бірі – қайтарымыз грант. 2019 жылдан бері іске асып келе жатқан бағдарлама әлеуметтік осал топтағы азаматтарға шағын кәсіпкерілігін бастап немесе дамып, өзінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Оның ерекшелігі мен ыңғайлылығы аты айтып тұрғандай, мемлекет тарапынан берілетін қаражатты алғаннан кейін қайтарудың қажеті жоқ. Грант сомасы – 400 АЕК, яғни 2024 жылы 1 млн 476 800 теңгеге тең.
Ағымды жылдың сәуір айының 15-нен бастап Қарасай ауданында қайтарымсыз грантқа өтінімдер қабылдаудың екінші легі басталды. Биылғы жылы аудан бойынша 35 адамға грант беру жоспарланып отыр. Осы жайлы толығырақ білу мақсатында біз Алматы облысының Еңбек мобильдігі орталығының Қарасай ауданы бойынша филиалы мансап орталығының директоры Абзал Нұсқабаймен кездесіп, сұқбаттасқан едік.
– Абзал Санжарұлы, жақында ауданымызда қайтарымсыз мемлекеттік грант алуға өтінім қабылдаудың екінші легі бастау алды. Осы ретте биыл ауданымызға қанша грант бөлінгендігі және де бірінші кезеңде қанша адам грант игері атанғандығы жайлы айтып берсеңіз. Одан бөлек жалпы ағымдағы жылы аталмыш бастама аясында ауданымызда атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы ақпарат бере аласыз ба?
– Қазіргі уақытта жұмыссыздық деңгейін төмендетудің бірден-бір жолы – ол азаматтарды кәсіпкерлікпен айналысуға тарту арқылы олардың әлеуметтік жағдайларын жақсарту. Осы ретте мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз гранттың пайдасы зор. Жалпы ол о бастан әлеуметтік осал топтардағы азаматтарға бағытталған бағдарлама болғандықтан, біздің тұрғындар тарапынан қызығушылық танытып отырғандар жетерлік.
Мәселен, өткен жылы бөлінген 35 грантқа 718 адамнан өтінім түскен еді. Биылғы жылы да Қарасай ауданына 35 грант бөлініп, өтінімдерді қабылдаудың бірінші кезеңінін өзінде 242 өтініш түсті. Оның ішінен 19 адам ғана грант иегері атанды. Олардың 8-і көп балалы отбасы және 4-і мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған жан, 4-і мүмкіндігі шектеулі азамат, 2-і асыраушысынан айрылғандар, 1-і атаулы әлеуметтік көмек алатын азамат.
Қазіргі уақытта өтінімді қабылдаудың екінші легі жүріп жатыр. Ол шілде айының 15-і мен 26-ы аралағында жалғасады.
– Қайтарымсыз грантқа кімдер үміткер бола алады? Оларға қандай талаптар қойылады?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, кәсіпті бастауға берілетін қайтарымсыз қаражат халықтың әлеуметтік осал топтарына беріледі. Оларға атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көп балалы отбасылар, асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік жәрдемақыларды алушылар, қоныс аударушылар, қандастар, еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған адамдар жатады.
Грантқа үміткер «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздері бойынша оқып, арнайы куәлік алуы керек. Бұл құжат 3 жыл мерзімге жарамды. Одан кейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік тарапынан әзірленген «Business.enbek.kz» порталы арқылы онлайн режимінде өтінім ұсынуы тиіс. Бұған қоса комиссия мүшелеріне таныстыратын нақты кәсіпке құрылған бизнес-жоспар болуы керек. Ол неғұрлым жақсы пысықталған және қазіргі жағдайларға бейімделген болса, оны іске асыру және грант түрінде қаржылық қолдау алу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.
– Грант аясында берілетін қаражатты қандай мақсаттарда пайдалануға болады? Берілген ақша мақсатсыз пайдаланылған жағдайда қандай жауапкершілік қарастырылған?
– Қайтарымсыз грант қажетті еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, жануарларды, малды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды, өсімдіктерді сатып алумен қатар басқа да талаптарға сай мақсаттар бойынша пайдаланылуға беріледі. Сондықтан комиссия мүшелерінен өтіп, грант иегері атанған кәсіпкер оны өзі қорғаған бизнес-жоспарында көрсетілген мақсатына сай игеруі тиіс.
Мақсатсыз қолдануға келетін болсақ, жалпы грант беру туралы шартқа қол қойылған сәттен бастап грант иегері мен Алматы облыстық Еңбек мобильділігі орталығы арасында шарттық міндеттемелер басталады. Оған сәйкес бір жыл ішінде грант қаражатын мақсатты пайдаланғаны жөнінде тоқсан сайынғы есептерді ұсынып отыру керек. Сонда бір жылда барлығы 4 есеп тапсыру қажет. Есебінде алған қаражатының жұмсалу бойынша түбіртектерін көрсете отырып, қаржының мақсаттылылығын растауы тиіс. Мысалы, тәтті өнімдер жасайтын кішігірім цех ашатын болса, соған сәйкес құралдар сатып алғаны туралы түбіртек береді.
Ал негізінен кәсіпкерге қаражат берілгеннен кейін оған қажетті құралдарын алуға үш ай уақыт береміз. Содан кейін біздің Мансап орталығының мамандары мониторинг жасап, граттың мақсатты пайдаланылуын тексереді. Бақылау жұмыстары байқау барысында таныстырылған бизнес-жоспарға сәйкес жүргізіледі.
Осы кезде ақшаның өзге жерге жұмсалғаны анықталса, бағдарлама талаптарына сәйкес кәсіпкермен жасалған келісім-шарт бұзылып, қаражаттты толық қайтару керектігі туралы біздің орталықтан ескерту жіберіледі. Егер ол ескертуді алып, бірақ қаражатты қайтармаса, онда біз сотқа жүгінеміз. Әрі қарай шешім сотта қабылданады.
– Қайтарымсыз қаржы алуға үміткерлер жобасын қарайтын комиссия құрамына кімдер енеді?
– Үміткерлердің өтініштерін қарау үшін атқарушы билік органдары, қоғамдық бірлестіктер, ғылыми-білім беру мекемелері, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің, салалық сарапшылардың қатысуымен құрамы кемінде 5 адамнан тұратын комиссияны құрайды. Комиссия төрағадан, төрағаның орынбасарынан және комиссия мүшелерінен тұрады. Жергілікті атқарушы органдар мен Кәсіпкерлер палатасының өкілдері комиссияның төрағасы бола алмайды. Комиссияның хатшысы комиссия отырыстарын ұйымдастыруды жүзеге асырады, төрағамен келісу бойынша отырыстар өткізілетін орынды, күнін және уақытын айқындайды, комиссия мүшелерін алдағы отырыс туралы хабардар етеді, отырыс өткізу үшін қажетті материалдарды оның мүшелерінің назарына жеткізеді. Комиссия хатшысы оның құрамына кірмейді және шешім қабылдаған кезде дауыс беру құқығы болмайды.
– Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет.
Әңгімелескен Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.