Қаскелең қаласында тағы бір қуанышты оқиға – «Айгөлек-Ай» балабақшасының ашылуы болды. Ол Мақашев көшесінде орналасқан. Салтанатқа аудан әкімі Жандарбек Далабаев қатысты. Жиналғандарды құттықтаған Жандарбек Ермекұлы, мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің арқасында, аудандағы мектепке дейінгі балалар мекемелеріне деген сұраныстың 98% қамтамасыз етілгенін айтып өтті. Бұл ретте бизнесмен-меценаттардың үлкен үлесі бар.
Меценаттарға деген өзінің ризашылығын республикалық жекеменшік балабақшалар қауымдастығының төрағасы, педагогика ғылымдарының кандидаты Роза Садықова да білдірді.
Өз кезегінде жаңа балабақшаның құрылтайшысы, «Жөндеу-Құрылыс» ЖШС-нің директоры, Алматы облыстық мәслихатының депутаты Жандулла Абдимұратов балабақша меңгерушісі Қуаныш Сұртаеваға символикалық кілт тапсырды. Сонымен қатар, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сағат Мәсімақынов та жақсы тілегін жеткізді.
Ал, балалар концерттік бағдарлама әзірлепті. Мәселен, Раян Базарбай «Мерекелеріңізбен!» атты көңілді әнді орындаса, кішкентай қыздар тобы «Тучка» биін биледі.
Лента қию рәсімінен кейін барлығы үш қабатты балабақша ғимаратын аралап көрді. Дәлізі, асханасы, жатын және ойын бөлмелерінің бәрі де жақсы безендіріліпті. Түрлі түсті жиһаз бен жиналмалы кереуеттер де қарастырылған. Акт залы да бар.
Мұнда тоғыз адам жұмыс істейді, бәрі де жоғары білімді. Ғимараттың жалпы алаңы 523 шаршы метр. Балабақша 75 балаға арналған. Әзірге үш топ құралған екен. Алдағы кезде медицина кабинеті, музыка залы да болады. Кеңейту мәселесі туындаса – аулада тағы бір ғимарат тұр…
Берікбай ҚАДЫҚОВ.