Ауыл шаруашылық ғылымының дамуына қомақты үлес қосып келе жатқан ардагер ғалым, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты жетекші ғалымдарының бірі академик Ғалиолла Төлендіұлы Мейірман бүгінде 75 жасты еңсеріп отыр. Ғалекең әңгімелескен адамын өзінің кең эрудициясымен баурап алатындығымен, нағыз ғалымдарға тән қасиетпен үнемі ізденіс үстінде жүретіндігімен ерекше. «Атақ дәрежемді алдым, көргім келгенді көрдім, енді жан бағып дем алайын» деген ой ағамызда жоқ, өзінен кейінгі інілері мен жастарға «Осылай істеңдер» дегендей жақсы үлгісі, істерімен алдымызда жүреді.
Соғыстан кейінгі қиын заманда 1946 жылы 17 мамырда Алматы облысының Бөрілітөбе ауданының (қазіргі Қаратал ауданы) М.В. Фрунзе атындағы колхозда дүниеге келген ағамыз жастайынан оқуға зерек болды, соның нәтижесінде болашақ академик 1964 жылы орта мектепті күміс медалмен бітіреді. Ауылда өскен балғын жас агроном мамандығын қалап, 1964 жылы Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылық институтына түсіп, 1969 жылы қызыл дипломмен бітіріп шығады. Әрине, білімге қабілетті, талабы зор жастарға көз тігетіндер көп болады ғой, сондықтан институт бітірген жас түлектің жетекші білім ордасында қалып, кешегі студенттің аспирантқа айналғаны ешкімді таң қалдыра қоймас. Белгілі ғалым профессор А.А. Алманиязовтың бастамасымен 1965 жылы Қазақ ауыл шаруашылық институтында селекционерлер дайындайтын арнайы жаңа кафедра ашылып, генетиканы оқыту қолға алынады. Міне, Ғалекең студент кезінен осы кафедрамен тығыз байланыста болып, жоғары білім алған соң Ағыбай Алмасұлының аспиранты атанып, ғылымның тұңғиығына сүңгіп кетеді. Ірі цитолог ғалым Ағыбай Алманиязов жоңышқа дақылының білгір маманы болатын, сондықтан өз шәкіртіне осы дақылдың гетерозисін зерттеуді тақырып етіп белгілеп, селекция мен оның теориялық негізі болып саналатын генетика ғылымының қыр-сырларын үйретеді. Жас ғалым 1974 жылы «Генетика» мамандығы бойынша кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, сол жылы жаңадан ашылған Қазақ жайылымдық және шабындық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына (кейінірек Қазақ жемшөп өндірісі және жайылымы ҒЗИ болып қайта құрылды) ауысып, 1991 жылға дейін кезегімен кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, бұршақ шөптер селекциясы бөлімінің меңгерушісі, бас директордың орынбасары – малазықтық дақылдар бойынша селекциялық орталықтың жетекшісі лауазымдарында қызмет істеді. Осы институт қабырғасында ол өзінің теориялық білімдерін практикада ұтымды қолдана біліп, малазықтық дақылының көптеген сорттарын шығарады, іргелі ғылыми зерттеулер жасайды. Нәтижесінде 1990 жылы көп жылғы жұмыстарын қорытындылап, Новосібір қаласында докторлық диссертация қорғайды. Осыдан кейін оның ғалымдық ғұмырының келесі кезеңі басталады. Еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылы Қазақ ауылшаруашылық ғылымдары академиясында бастапқыда ғылыми-ұйымдастыру кеңесінің төрағасының, бас ғылыми хатшысының орынбасары, содан кейін өсімдік шаруашылығы селекциясы малазықтық өндірісі және жайылымдар бөлімшесінің академик-хатшысы болып еңбек етті. Осы жылдар аса жауапты істерге толы жылдар еді, солардың қайнаған ортасында жас доктор жүрді. Ғалиолла ағамыз 1993 жылы Арал агроэкология және ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметіне ауысып, жеті жыл бойы абыроймен атқарады, Сыр өңірі еңбеккерлерінің құрметіне бөленеді. 2000 жылы Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтына ауысып, директордың ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды. 2002-2004 жж. Қазақ ұлттық аграрлық университетінде өсімдік шаруашылығының селекциясы және биотехнологиясы кафедрасының профессоры болып қызмет атқарып, білім беру саласында да із қалдырады. 2005 жылдан бастап қазіргі таңға дейін Ғ. Мейірман Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында еңбек етуде. Ғалым дәнді бұршақ, жарма, малазықтық дақылдары бойынша селекция, генетика, физиология, иммунитет, биохимия, цитология зерттеулерін жүргізіп келеді.
Ғалымның ғылым жолындағы жетістіктері 1992 жылы Қазақ ауылшаруашылық академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланумен жалғасып, кейіннен Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі болумен ұласады. 1995 жылы агрономия мамандығы бойынша профессор ғылыми атағы берілді. Өсімдік шаруашылығындағы ерен еңбегі үшін академик Ғ.Мейірман Қазақ КСР-нің Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы жетістіктері көрмесінің құрмет грамоталарымен, Ұлттық аграрлық зерттеулер орталығының құрмет грамоталарымен, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасы мен «Еңбек даңқы» медалімен, Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен және «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Селекция саласындағы зор еңбектері үшін 1-орынды марапатқа және академиктер В.Н.Ремесло, А.И.Бараев, И.Синягин атындағы сыйлықтардың лауреаты атағы берілді. Республика бойынша малазықтық және майлы дақылдар шаруашылығы жұмыстарының үйлестірушісі болып саналады.
Академиктің қазіргі таңдағы алға қойған мақсаты – Солтүстік, Шығыc және Батыс Қазақстан өңірлерінде майлы дақылдардың cуыққа, қысқа төзімді сорттарын шығарып, мен малазықтық дақылдарды өсіру технологияларын зерттеу. Ғ.Мейірманның басқарyымен әріптестері және тәлімгерлері бірлесіп әрбір топтағы сорттық технологияны дамытуда.
Жарты ғасырлық ғылыми еңбегінде академик Ғ.Мейірман негізгі биологиялық жүйе қалыптастырды және көптеген агроэкотиптерде майлы дақылдардың әртүрлі сорттарын дамытты, майлы дақылдар сорттарының моделі, принциптері, критерийлері енгізілді. Негізгі ғылыми жұмыстары теориялық және әдістемелік мәселелерді шешуде майлы дақылдардың түраралық және түрішілік генетикасын, ауруға және климаттық фак-торларға төзімділігін, генетиканың сандық қасиеттерін, cуыққа-қысқа төзімді, табиғи және жасанды сұрыптар мен селекцияның принциптерін пайдаланды. Майлы дақылдардың жоғары өнімді сорттарынан морфофизиологиялық және фотохимиялық маркерлерді пайдалану арқылы сортүлгілерін жасады.
Ғалекең тәжірибелі педагог ретінде көп күш-жігерін білікті мамандар дайындауға жұмсауда, елімізде селекция-генетикалық мектептерін өркендету үшін жұмыс атқаруда. Оның ғылыми жетекшілігімен 9 кандидаттық және 4 докторлық, 15 PhD және магистрлік диссертация қорғалды. Ғалымның 212-ден астам ғылыми жұмыстары жарияланды, «Жоңышқа» (осы еңбегін ұстазы А.Алманиязовқа арнаған), «Дәстүрлі емес және жабайы өсетін азықтық өсімдіктер және олардың интродукция мен селекция үшін маңызы» монографиялары жарық көрді, мал азығы өндірісі және өсімдік шаруашылығы саласындағы 10 ғылыми ұсынысы, мал азықтық дақылдардың электрондық дерекқоры бойынша 3 каталогы жарық көрді. ҚР пайдалануға рұқсат етілген Селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізіміне енгізілген жоңышқа, эспарцет, түйежоңышқа, мақсары, сареп қышасы, рапс, күріш дақылы бойынша 27 сорттың авторы, сондай-ақ, селекция тәсілдері мен технологиясына 2 инновациялық патент алды.
Қазіргі уақытта Ғалиолла Төлендіұлы ғылыми, педагогикалық және қоғамдық қызметін жалғастыруда. Ауыл шаруашылығының келелі салалары бойынша ауыл еңбеккерлеріне, фермерлерге ақыл-кеңес беріп келеді, сонымен қатар, республикалық және халықаралық ғылыми жобаларға жетекшілік ету негізгі жұмыстарының бірі. Академик Ғ.Мейірманның өсімдік шаруашылығы бойынша, жалпы аграрлық ғылым салаларындағы қосқан еңбегін қазақстандық әріптестерімен бірге шетелдік әріптестері де аса құрметпен бағалайды.
Шолпан БАСТАУБАЕВА,
Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты бас директорының міндетін атқарушы,
Әйіп ЫСҚАҚОВ,
биология ғылымдарының докторы.