Биыл қасиетті Қазақ елі өзінің ұлы ақыны, ойшылы Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының 175 жылдығын кеңінен атап өтуде. Осынау халқымыздың маңдайына біткен жарық жұлдызының өнегелі өмірі мен шыншыл шығармашылығын әлем жұртшылығына бұрынғыдан да жан-жақты таныстырып жатырмыз. Яғни, шетелдерде кемеңгер тұлғамыздың кітаптары шығарылып, әртүрлі мазмұнды шаралар жиі өткізілу үстінде.
Қазыналы Қарасай жерінде де онлайн түрде Абай атамыздың мерейтойына байланысты сан алуан кештер, кітап көрмелері, бас қосулар болып, оның бәрі де жас ұрпақтың санасында ізгі ізін қалдыруда. Соның бірі ретінде жақында ғана, аудандық мәдениет және тілдіерді дамыту бөлімінің қолдауымен, аудандық «Қазақ тілі» қоғамы ұйымдастырған конференцияны айтар едік.
…Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!.. – деген жыры да, сыры да түпсіз терең мұхиттай ұлы Абайды барынша танып-білуге, шығармаларының мән-мағынасын одан әрі көңілге түйіп, жүрекке орнықтыруға арналған бұл конференция, барлық санитарлық ережелерді сақтай отырып, аудандық орталық кітапхананың оқырмандар залында өткізілді.
«Абай дана, Абай дара қазақта» деп ат қойылып, айдар тағылған конференцияны аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Шара Қанатқұлқызы кіріспе сөзбен ашып, бұл жиынның мақсат-міндетін айтты, келген қонақтармен таныстырды.
Мұнан кейін аудан әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенова сөз алып, туған елі, қалың қазағы барда Абайдың мәңгі жасайтыны атап айтып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Келесі кезекте республикалық білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудандық «Қазақ тілі» қоғамы басқармасының алқа мүшесі Ақлима Көсемова қазақтың данышпан ақынының шығармашылығына жан-жақты шолу жасады.
– Өздеріңіз білетіндей, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» деп аталатын мақаласын жариялады, – деді сөз басында Ақлима Рахымбердіқызы. – Осылайша Мемлекет басшысы бұл бағыттағы рухани-мәдени істердің легін өзі байыпты бастап берді. Иә, ұлы ақын, ғұлама ойшыл, ағартушы, аудармашы, композитор, жаңа әдебиетіміздің негізін қалаушы Абай – біздің бәріміздің жол көрсетер темірқазығымыз. Өз ұлтын жанындай сүйген оның бүкіл шығармашылығының өзегі, арқауы – адамдық, адалдық, әділеттілік, имандылық, ізгілік, игілік, қайырымдылық, мейірімділік. Сонымен қатар, өлеңдері мен қарасөздері арқылы туған халқының бойындағы жаман қасиеттерін де өткір сынға алды. Ондағы ойы – қазақ та өзге жұрт сияқты рухы биік, білімді, тәрбиелі, еңбексүйгіш, тірлікке икемді болса деген тілек, әрине.
Ақлима апай, сондай-ақ, Абайдың лирикасы, сатиралық өлеңдері, табиғат мерзімдеріне арналған жырлары, қара сөздері, поэмалары және тағы басқалары туралы баяндап, жиналғандарды өте риза етті, өзінің ұлы ақын туындыларын терең білетіндігін танытты.
– Қоғамды тазартамыз десек, Абайды оқуымыз, құр оқып қана қоймай жазғанын жадымызда жаңғыртып, санамызға сіңіруіміз керек! – деп түйіндеді әдемі әңгімесін Ақлима Рахымбердіқызы.
– Абайдың айтқандарының барлығы қазіргі заманда да өте өзекті, – деді конференцияға арнайы келген Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері Сәрсенбай Құлатайұлы. – Ол бүгінде де бойымызға жабысқан арсыздықты, күншілдікті, жалқаулықты, жатыпішерлікті, өсек, өтірік айту тәрізді теріс қылықтарды қатты сынады. Бұлар қоғамымызда қазіргі күндері де кездеседі ғой. Осындай шығармалары арқылы кемеңгер, ойшыл ақын қазақты жөнге салғысы, тәрбиелегісі келді. Оның жазғандарын, әсіресе, жастар жақсы білуі тиіс. Ендеше, Абайды таниық, өлеңдері мен қарасөздеріндегі салмақты сөздерін, салиқалы пікірлерін ойымызға түйе білейік, ағайын!
– Абайдың үлкен үш сұрағы бар, – деді Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры, белгілі ақын Серік Қалиев. – Ол – қайдан келдім, неге келдім, қайда барамын? Бәріміздің де санамызда осы сұрақтар сайрап тұруы тиіс. Біз өмір бойы оларға жауап іздеп өтеміз… Сонымен қатар, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп!» деген Абайдың ұлылығына қалай бас имейсің! Имандылықты ту етіп көтерген оның туындылары әлемдік әдебиеттің нағыз жауһарлары, тіпті, дүниежүзілік философиялық ілімді ілгері бастырған парасатты пайымдар ғой. Иә, өз халқының шын жанашыры бола отырып, жалпыадамзаттық тұрғыда терең әрі ғаламат мағыналы ой толғай білді.
Бұдан соң ортаға аудандық кітапхананың директоры Ұлдархан Өтеева шығып, облыс бойынша жарияланған «Абайға арнау» мүшайрасына жіберілген өлеңдерден құрастырылған «Адамзаттың Абайы» атты кітапты таныстырды. Оның ішіне қарасайлық үш ақынның өлеңдері кіргізілгенін, бас жүлдені қазақтың тамаша ақыны, ауданымызда тұратын Исраил Сапарбай жеңіп алғанын мақтанышпен жеткізді.
Конференцияда, сондай-ақ, ардагер ұстаздар Жақан Нұрсейітқызы, Нағима Сағатова сөйлеп, Абай тағылымы, Абай тәрбиесі, Абай өнегесі туралы өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды, осындай орасан ой қуатын сыйлаған бас қосуды ұйымдастырған аудандық «Қазақ тілі» қоғамына ризашылықтарын білдірді.
Бұл жиынға кемпірі Гүлбаһрам Шәбденовамен бірге қатысып отырған, 90 жасты еңсеріп қалған қаскелеңдік қадірлі қария Мақсат Сыздықбек те сөз алып, Абай өлеңін оқыды, жиналғандарға ақтарыла ақ батасын берді.
Конференцияны Шара Қанатқұлқызы қорытындылап, қатысушылардың барлығына да рахметін айтты, осындай оңды шараларға үнемі белсене қатысып жүрген азаматтарға Алғыс хат тапсырды.
Конференцияның екінші бөлігінде аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары Абайдың адам жанын әлдилейтін «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы», «Сегіз аяқ» сияқты керемет әндерін шырқап, көпшілікті толқытты, толғантты. Ал, аудан орталығындағы Абай атындағы мектеп-гимназия оқушылары болса, данышпан ақынның өлмес, өшпес өлеңдерін оқып, өздерінің ұлы Абай жолымен жүруге талпынып келе жатқандарын анық аңғартты.
* * *
Жалпы, бұл конференция Абайдың ұлылығын, шығармаларының мәңгілігін, айтқандарының ақиқаттығын, жазғандарының жанды жерге тиетіндігін, ой-толғамдарының санаға берік орнығып қалатындығын, Абай жолының адамдықтың асқар биігіне бастайтынын, ілім-білімінің шексіз де шетсіз екенін тағы да бір дәлелдегендей болды. Иә, аталған жиын қатысушыларға үлкен ой салды, жан-жүрегін теңіздей тербетті, тербірентті. Шынында да, Абай дана, Абай дара!
Берікбай ҚАДЫҚОВ.
Суреттерді түсірген Ерлан ӘЛИАСҚАРОВ.