Вандализмге жол жоқ! Осындай ұранмен «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанатының мүшелері Қазақстанның тарихи, мәдени және табиғи мұрасын вандализмнен сақтауға бағытталған республикалық ауқымды акцияны бастады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысындағы ел дамуына қатысты ой-толғамында атап өткендей, ел мен жерге деген жанашырлық – «Адал азамат» тұлғасының ең асыл қасиеттерінің бірі.
Алайда, соңғы кезде вандализм, әсіресе қорықтар, табиғи саябақтар мен киелі орындарда орын алған келеңсіз оқиғалар туралы хабарламалар жиілеп кетті. Сондықтан, тарихи ескерткіштерді сақтау мәселесіне қоғамның назарын аудару мақсатында, сондай-ақ, туған жердің табиғаты мен тарихына жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру үшін «Жастар Рухы» жастар қанаты ұлттық қазынаны қорғауға арналған акцияны бастады. Атап айтқанда, белсенділер еліміз бойынша ескерткіштерді, онымен іргелес аумақты тазартып, ретке келтіреді. Жастар осы іспен қатар туған өлкенің тарихын, дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымызды зерделеуге мүмкіндік алады.
Бүгінде 50-ден астам рухтастар «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде орналасқан «Жұмақтас» жартасын тазалауға кірісіп кетті. Бұл жартас – тек тарихи ескерткіш қана емес, сонымен қатар мәдени мұра. Акцияға волонтерлерге әдістемелік және басқа да жалпы көмек көрсететін Ұлттық парк пен облыстық мәдени мұраны қорғау орталығының мамандары қатысады.
«AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты төрағасының орынбасары Ақерке Искандерованың айтуынша, бұл акция – азаматтық жауапкершіліктің көрінісі ғана емес, жастардың халық игілігін қорғауға қосқан үлесі.
«Мұндай ескерткіштер бүкіл қазақ халқына ортақ мұра, ол ұлттық бірегейлігімізді айшықтайды. Президент өз Отанын шын сүйетін адам туған елінің табиғатын да барынша қорғайды деп бекер айтқан жоқ. Біз қазір қоғамда ілгерілетуге және қалыптастыруға ұмтылып жүрген патриотизм идеясы да осыған саяды деп ойлаймын. Осынау игі акция қазақстандықтарды ортақ құндылықтар төңірегінде топтастырады деген сенімдеміз. Қазақстан азаматы ретінде Мемлекет басшысының идеясын қолдауды маңызды деп санаймыз. Сондай-ақ, еліміздің басты мерекесі – Республика күні қарсаңында мәдени және табиғи мұрамызды бағалайтын, оның болашағына бей-жай қарамайтын азаматтарды, қоғамдық ұйымдарды бізге қосылуға шақырамыз» — деді ол.
Ақерке Искандерова аталған акцияның қоғамда экологиялық мәдениетті нығайтуға бағытталғанын атап өтті. Өткен жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «AMANAT» партиясының XXII Съезінде «ТазаLike» экологиялық тәрбие жобасы басталған еді. Жастар қанатының белсенділері мен жақтастары жоба аясында ел аумағы бойынша мыңға жуық экологиялық акция өткізіп, оған 80 мыңнан астам адам қатысты.
«Жастар Рухы» белсендісі Жасұлан Рахымов вандализммен тек күш біріктіре отырып күресуге болады деп есептейді.
«Осындай жерге келетін кейбір адамдардың әрекеті көңілге қаяу түсіреді. Адамдардың демалуға келетіні түсінікті, бірақ бұл табиғатқа тағылық жасап, оны қалай болса солай бұлдіруге болады деген сөз емес қой. Ондай әрекетке барған адамдар өз ісі үшін ұялып қана қоймай, жасаған әрекеті үшін заң алдында жауап беруі, айыппұл төлеуі тиіс. Ата-бабамызыдан мұра болып қалған кең байтақ даланың әрбір бөлшегін таза ұстауымыз керек», — деді ол.
Болашақ ұрпақтың игілігі үшін табиғатты сақтау – «AMANAT» сайлауалды бағдарламасының негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өткен жөн. Сондай-ақ, құжатта табиғат қорғау іс-шараларының сапалы іске асырылуына тұрақты партиялық бақылау жүргізу көзделген.
Ескерткіштерді қалпына келтіру және тазартуға арналған акция еліміздің басқа өңірлерінде де жалғасады. Күні ертең «Жастар Рухы» белсенділері сарапшылармен және қоғам белсенділерімен бірге еліміздегі барлық ұлттық паркке, «Аққайнар» петроглифтік кешеніне, «Тамғалы-Тас» шатқалына және басқа да нысандарға барады.