Әр адамды еңбек етуге тартудың, сөйтіп, оның жүйелі жұмыс істеуі арқылы өзін, отбасын асырауына бағыттаудың үлкен әлеуметтік мәселе екені белгілі. Баяғыдай мені мемлекет өлтірмейді деген түсініктің заманы өткен, қол-аяғың сау ма, барып оңтайыңа келген жұмысты істе. Мұндайда, әрине, әртүрлі әлеуметтік бағдарламалар, қорлар, басқа да тиісті орындар көп көмекке келеді. Осы орайда аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен қатар, Қарасай аудандық жұмыспен қамту орталығы да айтарлықтай істер атқарып отыр дей аламыз. Сондықтан кәсіби мерекелері қарсаңында аталған мекемеде қызмет атқарып келе жатқан Абзал Нұсқабай жайлы жазуды жөн санадық.
Абзал Санжарұлы 1995 жылы бесінші ақпанда Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Қызыл көпір ауылында дүниеге келіпті. Туған жеріндегі Байменов атындағы орта мектебінен білім алып, 2012 жылы оқуын аяқтап, Алматы технологиялық университетіне «кәсіптік оқыту» мамандығына грантқа оқуға түсіпті. Университет қабырғасында да іс-шараларға тұрақты атсалысып, белсенді студенттердің қатарынан көріне білгендіктен ол 2013 жылы өзі оқып жатқан жоғарғы оқу орнының қабылдау комиссиясында «консультант» болып жұмыс істей бастаған. 2016 жылы Алматы технологиялық университетінде «кәсіптік оқыту» мамандығы бойынша диплом алып, 2020 жылы Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде техника ғылымдарының магистрі атанды.
Абзал Қарасай аудандағы қызметін 2017 жылы Іргелі ауылдық округінен жастар тәжірибесінен өтуден бастады. Сол жылы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне орналасып, ассистент, консултант ретінде жұмыс істеген. 2018 жылдың наурыз айында аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына консультант болып ауысты. Маусым айынан бүгінгі күнге дейін бас маман қызметін атқарып келеді. Ол аталған орталықта ғаламтор желілеріне және мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек жәрдемақысына жауапты маман ретінде істерді үйлестіріп отыр екен. Бұл ретте де өз міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын жігерлі жігіт, орталық директоры Эльмира Тасырованың байыпты басшылығымен, жұмысты жақсы жетілдіруде. Бірақ, аталған мекеме қызметкерлерінің әрқайсысы өзіне тиесілі ғана жұмысты істеп, шектеліп отырмайды. Басшыларының нұсқауымен кімнің жұмысы көп сол маманға көмектесіп, қолдау білдіреді.
Кейіпкеріміз бала күнінен мемлекеттік қызметкер болсам дейтін. Арманының жетегінде еңбек жолы әлеуметтік саладан бастау алды. Мұқтаж отбасыға көмектесу, қиналған отбасыны қолдау, демеу бола болу, оларды тыңдап, ортақ мәмілеге келу оңай іс емес. Иә, бір отбасының жүзіне күлкі, бойына қуаныш сыйлау расымен шын бақыт. Әр салада да қызығы мен қиындығы қатар жүреді емес пе?! Мұндай жағдайлар Абзалда да орын алған. Әсіресе, есінде қалғаны 2018 жылы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек жәрдемақысы іске қосылған сәтте, аудан бойынша жәрдемақыға өтініш берушілер саны күрт көбейген. Орталықтың қызметкерлері күнімен, түнімен жұмыста отырып, өтініш берушілердің құжаттарын тексеріп, жәрдемақы тағайындаған кездері болған. Абзал осы бағытқа жауапты болған соң, өз ісін жауапкершілікпен атқарған. Эльмира Алтынбекқызының ұтымды ұйымдастыруының арқасында қызметтік көрсеткіштер жоғары деңгейде орындалған. Кейіпкеріміздің тынымды атқарған еңбектері еленіп, белсенді қызметі мен істері үшін түрлі марапаттарға иеленген. Мәселен, 2017 жылы Алматы облысы Мемлекеттік қызметшілердің Х жазғы спартакиадасынан Қарасай ауданының волейболшылар құрамасы сапында өнер көрсетіп облыстан 2 орын,2018 жылы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Әлеуметтік-еңбек саласы кадрларының біліктілігін арттыру курсы» республикалық мемлекеттік мекемелерінің директоры С.Оразовадан «Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті енгізу туралы» сертификатын,2019 жылы аудан әкімі Жандарбек Ермекұлының 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесі қарсаңындағы марапатын, 2020 жылы «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» Акционерлік Қоғамы Вице-президенті Балжан Шаменова ханымнан «Еңбек нарығын болжау және мониторингтеу» сертификатын алған.
Жұмысына мығым, ісіне тиянақты жігіт отбасында да қадірлі, құрметті. Әкесі Санжар Жақып пен анасы Ғалия Жанқожаева қазіргі уақытта Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Қызыл көпір ауылында тұрады. Абзалдың өзі 2018 жылы Аида Садуахасова есімді арумен шаңырақ көтерген. Ол да осы салада қызмет етеді. Бүгінде аяулы жарымен бірге Асфендияр есімді ұлды тәрбиелеп отыр.
Жалпы, Абзалды сегіз қырлы, бір сырлы деуге әбден болады. Өлең шығарып, айтыс тыңдап, мақала жазуға әуестенетін оның жаны шығармаршылық да жақын, спорт саласында, әсіресе, волейбол ойнағанды жақсы көреді. Кейіпкеріміздің волейболдан бірінші разрядтағы спортшы екенін бірі білсе, бірі білмес. Бос уақытында атқа мініп, отбасымен серуендегенді ұнатады. Ал, мұндай адамның әманда алда жүрмеуі мүмкін емес.
–Халықтың мұң-мұқтажына құлақ түріп, әлеуетін көтеру жолында әлеуметтік жәрдемақысын алуына көмектесіп жүрген әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні құтты болсын! – деп сөз соңында Абзал әріптестерінің кәсіби мерекесіне орай ақ тілегін арнады. – Ел үшін жасаған ерен еңбектеріңіздің бейнетінің зейнетін көрулеріңізді тілеймін! «Сен тас санағанда, халық құм санайды. Құм санаған халықтың көңілінен күнде шығу мүмкін емес», – деп бекер айтпаған. Жоғарғы биліктің шығарған заңы халыққа жақпаса қарғысын еститін, көңіліне қонса алғысын да алып жүрген әлеуметтік қызметкерлер. Осы сәтті пайдаланып, әбестікпен әдептен озып, сөздеріңізді салғырт тыңдап, көңілдеріңіздегідей жауап қата алмаған кезіміз болса, бас иіп кешірім сұраймыз. Егемен елімізде, ешқандай отбасы таршылықтан тарықпай, қиыншылықтан қаймықпай, бақытты өмір сүруді нәсіп етсін.
Біз де өз кезегімізде «Осы бетіңнен тайма, келешекте де талай тамаша ісіңмен көріне бер, Абзал!» дейміз.
Бұрым ОРЫНБАСАРҰЛЫ.