Наурыз мерекесі күні – қасиетті күн. Бұл – біздің ата-бабаларымыз, арғы тегіміз мыңдаған жылдардан бері тойлап келе жатқан жыл басы мерекесі. Наурыз айы – Шығыс күн есебі бойынша жылдың алғашқы айы. Бұл айда жылдың алғашқы айы есебінде күн мен түн теңеледі, сол себептен Наурыз жыл басы болып саналады. Ұлыс күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Халық ұлттық киімдерін киген. Ауылдың ер адамдары бір-бірімен қос қолдасып, төс қағыстырады. Әйелдер құшақтасып, бір-біріне игі тілектер айтады. Бірін-бірі, мерекеге дастархан жайып дайындалған, наурыз көже ішуге шақырады. Дәстүрлі ұлттық ойындар ойналады. Алтыбақан басында ән айтылып, күй тартылады. Қазақ халқы да Наурыз мерекесін айрықша бағалап, оны жыл сайын тойлап отыруды салт-дәстүрге айналдырған.
Наурыз мерекесін Абай атындағы орта мектеп-гимназиясы да ерекше тойлады. Мерекеге орай мектепте түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. 5-11 сыныптар аралығында Наурыз мерекесіне байланысты қабырға газеттерден, эссе жазудан сайыстар өткізілді. Сонымен қатар, көкпар тарту, арқан тартыс, асық ойыны сияқты ұлттық ойындардан жарыстар өткізіліп, марапатталып отырды. Сондай-ақ, Ұлыс күнге орай мектеп әкімшілігі «Төрлет, төрлет, Наурыз!» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды. Аталмыш жиынға арнайы қонақтар мен мектептің ардаргер ұстаздары шақырылды. Ата-бабаларымыздың кейінгі ұрпаққа мирас еткен асыл мұрасын қадірлеп, қастерлеуге, қасиетін түсінуге баулу мақсатында өткізілген бұл іс-шараны мектеп-гимназия директоры Сайбырова Тұрсын Әділбекқызы ашып берді. Сонымен ардагер ұстаз Әділханов Өсет Малғажарұлы мен ақжаулықты әжеміз Ақылия Бекбайқызы Ұлыстың ұлы күніне ақ батасын беріп, шашу шашты. Мерекелік шарада мектеп оқушылары «Наурыз думан», «Қазағым», «Мереке», «Наурыз көктем», т.б. әндерін тамылжыта орындады, би биледі. Мектептің бір топ домбырашылары күй айтысын жасады. Халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық сипатты ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталған жиынтығы салт-дәстүріміз бесікке салу, тұсау кесерден мектеп оқушылары көрініс қойды. Бүкіл саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған, еңбек жолын Абай мектебінен бастап, білім ұясын 20 жыл басқарып, осы мектептен зейнеткерлікке шыққан Мұканова Мария Хамзақызы тұсау кесер рәсімін жүргізді. Көңілді өткен мерекелік концерт көпшіліктің көңілінен шықты.
Бүкіл Шығыс халқына ортақ бұл мейрамда араздасқандар татуласып, дүйім халық, мұқым ел ауызбіршілікте болады. Ынтымағы жарасқан көпұлтты еліміздің ауызбірлігі жарасып, әрбір шаңыраққа Қыдыр дарып, бақ қонсын! Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын!
Меруерт Пазылова,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.