Қазіргі таңда электронды үкімет құру – мемлекеттік аса маңызды тапсырмалардың бірі. Осыған орай сот жүйесі де, биліктің бір тармағы ретінде, электронды құжат айналымын енгізу арқылы электронды сот ісіне біртіндеп бет бұрып келеді.
Сот жүйесіндегі ақпараттық технологиялар сот төрелігінің тиімділігін арттырып, іс жүргізудің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, азаматтардың сотқа сенімін нығайтатыны анық. Мысалы, қазірдің өзінде ақпараттық технологияны қолдана отырып, арызды беру және тіркеу сатысынан бастап, заңды күшіне енген сот бұйрығын орындауға жолдауға дейінгі азаматтық істердің жаңа тәртіпте қаралуы қағазбастылықты қысқартуға, сот жүйесіндегі жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Электронды сот төрелігін дамытудың негізгі бағыттары «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында және Судьялардың VII съезінде айтылған. Электронды сот өндірісін іске қосудың негізгі мақсаты тұрғындардың сотпен байланысын жеңілдету, олардың өздеріне қолайлы кез келген уақытта сот төрелігіне жүгінуіне жағдай туғызу, сот үрдісін ашық әрі айқын жүзеге асырып, заң үстемдігін орнату екені белгілі.
Еліміздің сот жүйесінде ақпараттық технологияны қолдану 2006 жылы басталды. Негізгі жүйе – «Төрелік» 2016 жылдан бері қолданылып келеді. Ал, «Сот кабинетіне» отыздан астам қызмет түрі енгізілген. Бүгінде осы жоба аясында электронды сот төрелігі мен электронды сот өндірісі одан әрі дамытылуда.
Мемлекетіміз үшін алдағы меже – дамыған отыздықтың сапына ену. Бұл міндет қай салаға болсын тың серпін береді. Бүгінгі таңда отандық сот жүйесі заң үстемдігін қамтамасыз етуге қатысты тапсырмаларды орындап қана қоймай, қоғамның мүддесін ойдағыдай қорғауда. Яғни, сот жүйесін нығайтуда және еліміздің ары қарай қарыштап дамуында электронды модельге көшу біз үшін де, ел үшін де аса қажеттілік деп есептейміз.
Р. МАХИНА,
Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы.