Қазақ халқының ұғымында бауыздау құда, қылауы түспеген құда, бел құда, кәрі құда деген терең мағыналы тамаша теңеулер бар. Кәрі құда іші бауыры араласа келе бауырыңдай болып кетеді екен. Иә, туған ағам мен жеңгемдей болып кеткен құдаларым – Махатов Малиген Махатұлы мен Сарсембаева Нағжан Төлентайқызының өнегелі өмірлері туралы сыр шертпекпін. Олар жұптары жазылмай 46 жыл бірге тату-тәтті өмір сүрді. Төрт ұл, екі қызды дүниеге әкелді. Бүгінде тұңғыштары Тұрлашов Ләззат Махатұлы Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары, екінші ұлы Болат және қыздары Жанат пен Жанар –жеке кәсіпкерлер, Манат пен Келіс есімді ұлдары ішкі істер саласында қызмет етеді.
Өкінішке орай, Малиген ағам 2007 жылы 71 жасында өмірден озды. Жарты ғасырдай уақыт бірге қол ұстасып, сыйластықта өмір сүрген серігінен айырылып қалу оңай емес. Амал қанша? Өмір өз арнасымен жалғасуда.
Өмірлік жолдасымен «біртұтас» адамдай болып кеткен жеңгем 80 жасқа толып отыр. Анасының мерейтойын атап өткісі келген бала-шағасына: «Ең алдымен әкелеріңді еске алып, ағайын-туысқа, құда-жекжатқа бір тамақ беріңдер, содан кейін ғана рұқсатымды берем» деп талап қойды. Мұның өзі жұбайына деген адалдық, балаларына үлгі-өнеге…
Ағам мен жеңгемді табыстырған арман қала – Алматы. Нағжан жеңгем 1938 жылы 11 желтоқсанда Омбы облысы, Одес ауданы, Қаржас ауылында дүниеге келген. Омбы қаласындағы № 1 медучилищені аяқтап, арман қуып Алматыға келеді, мединститутқа оқуға түседі. Денсаулығына байланысты академиялық демалыс алады. Оқуын әрі қарай жалғастырамын деген ниетпен елге қайтпай, Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Үлгілі ауылына фельдшер болып жұмысқа орналасады.
Ағам осы ауылда 1936 жылы туып, мектепті бітірген соң жүргізуші болып жұмыс істейді. Екеуі бір-бірін ұнатып, тағдырын бір-біріне сеніп тапсырады. Ата-енесі, туған-туысқандары жас келінге ақ батасын беріп, құдаларға құйрық-бауыр асатып, құдалықтарын бекітеді.
Біраз уақыттан кейін қызы келін болып түскен ауылға Нағжан тәтенің әкесі Сарсембаев Төлеутай Әбілдаұлы қыдырып келеді. Көзі ашық, көкірегі ояу, кезінде Ташкенттегі рабфакта оқыған, екі жоғары орнын аяқтаған, отыз жыл колхоз председателі болған кісі екен. Малиген ағаның әкесі де Тұрлашов Махат Сағындықұлы оқыған, алғашқы ағартушылардың бірі, ауылдың беделді ұстазы еді. Екі құданың тез тіл табысып кеткендігі соншалық , әңгімелері жарасып, өткен-кеткен тарихтан бастап, болашақты болжап, Малиген ағаның жоғары білім алуын қалады. Жеңгеме әкесі: «Сенің фельдшерлік мамандығың бар, әрі қарай оқуыңды жалғастырмай-ақ қой, қыз балаға осы диплом да жарайды, күйеуің ақылды жігіт екен, оқысын. Оның оқуға түсуіне кедергі болма. Менің саған берген батам осы» – деп ақылын айтады.
Сөйтіп, Малиген аға 1964-1971 жылдары Алматы зооветеринарлық-малдәрігерлік институтта күндізгі бөлімде оқиды. Төрт баланың әкесі жас студент атанады. Тұңғыш ұлдары Ләззатты, атасы мен әжесі бауырына басады. Үш кішкентай баламен Алматыда жалдамалы пәтерлерде тұрып, көптеген қиыншылықтарды басынан өткізеді.
Өмірдің бұл кезеңі туралы жеңгем былай дейді:
– Ағаң студент болғанда, тұрмысқа алаңдамасын деп кез-келген жұмысты істедім: от жақтым, біреудің үйін жинадым, кірін жудым. Еңбектен қорықпадым, балалар кішкентай болды, қатты қиналдым. Ағаң оқуын бітіріп, қызметке араласқаннан кейін, маған ешқандай қиындық көрсетпеді, мені алақанына салып сыйлап өтті.
Жоғары оқу орнын аяқтаған соң, алғашқыда Балқаш , кейін Қаскелең ауданы, «Жетісу» совхозында қызмет істейді. Мал дәрігері, совхоздың бас маманы қызметін атқарып, 1996 жылы құрметті демалысқа шығады. Адал еңбегі үшін көптеген Алғыс хаттармен, Кеңес үкіметінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталады. Ауыл тұрғындарының арасында беделді, сыйлы болды. Ұзақ уақыт совхоз малын түрлі індеттерден аман алып шығып жүрді. Жұмысшылардың есінде қарапайымдылығымен, ақжарқын мінезімен, біреуді сыйлай алатындығымен есте қалды. Екеуіміз бір ауданнан болғандықтан, мені «қарындасым» деп өзіне жақын тартты. Балалар ержетіп, тағдыр қосқаннан кейін де «Мен сені құдағи демеймін, қарындасым болып қала бересің» деп өмірінің соңына дейін сыйлап, қамқорлық танытып өтті.
Жеңгем болса, бала тәрбиесімен қатар ауылдық ауруханада фельдшерлік қызметін жалғастырды. Ол өз мамандығының нағыз майталманы, жұмысына берілген, өте кірпияз, жаны тазалықты сүйетін жан. Күн демей, түн демей ауруларға көмекке баратын. Нағыз ақ желеңді абзал жан бола білді. Ол кісінің жақсылығын ешкім ұмытпайды, көрген жерде естеріне алып, алғыстарын білдіріп жатады. Нағжан жеңгемнің де еңбегі бағаланды, көптеген Алғыс хаттары, марапаттары баршылық. Ол кісі медицина болмағанда, мүмкін, әнші болар ма еді? Қазақ халық әндерімен қатар, орыстың «Ах,Самара городок!» әнін Роза Бағлановадан кем шырқамайды десем, артық айтқаным болмас. Бұл ән жеңгемнің «төлқұжаты» болып кеткен , қай жерге барса да, жиналған қауым осы әнді орындап беруді сұрайды.
Міне, еліміздің ең негізгі мейрамы, Тәуелсіздік мерекесі күндерінде құдағиымның 80 жылдығын атамақпыз. Бұл мерекеге жан-жақтан ағайын-туыс жиналады. Солардың ішінде ең құрметті қонақтар, әрине, құдалар. Омбы, Астана, Алматы, Тараз, Шу, Шымкент, Қостанай, Баянауыл, Қарағанды, Талдықорғаннан Малиген аға мен Нағжан жеңгемнің туған құдалары және алты баласының құдалары келмекші. Бір кезде екеуі жаңа отау құрған жас отбасы еді, бүгінде тамырын тереңге жайған әулет. Үш жүздің басын қосып, әкелерін еске алып, анасын құрметке бөлеп жатқан әулеттің ұрпақтары аман болсын деп тілеймін!
Өз басым бүкіл құдалар атынан Нағжан жеңгемді 80 жылдығымен құттықтаймын! Жас күніңізде бейнет көрдіңіз, енді, міне, зейнетін көріп жатырсыз. Ұзағынан болсын! Немере, шөбере арасында «Ах, Самара городок!» әнін ұзақ шырқап жүре беріңіз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз баянды болсын!
Сәуле ҚАНАПИЯҚЫЗЫ,
Береке ауылының тұрғыны.