Құрақ құрау о баста мата қиындысын ысырап етпес үшін пайда болған екен. Тұрмыс қажеттілігі тудырған іс дами келе сәндік бұйымдар қатарын да толықтыра түсті. Құрақтан әдемі етіп тігілген көздің жауын алар көрпелер бүгінде әр шаңырақтың көркі. Іске ебі барлар құрақпен қатар түрлі төсеніш, жапқыш, перде, қоржын сияқты бұйымдарды тіге береді. Солардың бірі – Аққайнар ауылында тұратын Меруерт Сманова.
Қолөнермен шұғылданып келе жатқанына біраз жылдың жүзі болған. Көрпе-көрпешелердің неше түрін тігетін шебердің қолынан шыққан ұлттық нақыштағы камзол, шапан, қоржыннан бастап перде, төсек жамылғысы, көйлек, жұмысшылар киімі, кестеге дейінгі бұйымдарға қызығушылар көп екен. Бұл төңіректе Меруертке тапсырыс берушілер қарасы үзілмейді. Келушілер күнделікті киетін киімдерін қысқартып, ұзартып, сырғыма салып, тарылтып немесе пішінін басқалай өзгертіп беруін сұрайды.
Ісмер олардың көңілінен шығатындай етіп бар өнерін салып, шеберлігін шыңдай түсті. Бұл істі кәсіп етіп, отбасының нәтақасын тауып отырған Меруерт қазіргі кезде әлеуметтік желі арқылы да өз өнімдерін қалың жұртқа таныстырады. Алыс ауылда отырып-ақ ғаламтордың жетістігін өз пайдасына жарата алған жайы бар. Қолынан шыққан дүниелерін қалай дайындайтынын әлеуметтік желіге жүктеп, содан табыс тауып отыр. Әлеужелідегі жазылушыларының саны 25 мыңға жуықтады. Парақшасын қалай жүргізуді ғаламтор арқылы үйренген. Ол үшін бір жылдық ақылы онлайн-курс оқыған.
– Әлеуметтік желінің мүмкіндігін білмейтінмін. Ғаламторды пайдалануды 9 сыныпта оқитын ұлым Ерасыл үйретті. Өзі тәп-тәуір меңгеріп алыпты. Жұмыс үрдісімді бейнежазбаға түсіріп, өңдеп, жүктейтін сол. Қаралым саны артумен бірге пікір жазушылардан: «Бізге толық түсінікті болуы үшін өзіңіз сөйлеп отырып көрсетіңізші» – деген өтініштер түсе бастады. Енді камераға түсіргенде қалай дайындайтынымды көрсетіп қана қоймай, айтып түсіндіруге тырыстым. Сөйтіп ептеп-ептеп «әңгімелеуді» үйрендім. Тоғыз айдан кейін осы әрекетімнен «Ютубтан» табыс табуға шықтым. Одан екі ай сайын ақша түсіп тұрады. Алғаш қажеті жоқ, мені түсірмей-ақ қойшы дегеніме қарамастан ұлым осылай «көзімді ашты». Табыс тауып, әрі қолөнерден ұстаздық етемін. Оқырманымның саны бүгінде «Ютубта» – 20 мың, «Инстада» – 4114. Қазір қыз жасауын жасаудамын, – дейді Меруерт Нұрдәулетқызы.
Ол 2005 жылдан бастап кәсіби тігінші. Алғаш Алматыдағы «Түскиіз» фабрикасында еңбек еткенде түрлі шапан, камзолдар тікті. 2007 жылы тұрмысқа шығып, бала күтіміне байланысты декреттік демалыстан кейін «Ерке-Нұр» ұлттық киімдер фабрикасына ауысып, тігінші болып жұмыс істеді. Онда ұлттық киімдермен қатар мектеп формасын да тікті. Бес жыл қалада пәтер жалдап тұрғаннан кейін олар 2012 жылы Аққайнар ауылындағы ата-енесінің қолына көшіп келеді.
Тұрақты жұмысы жоқ, үй шаруасында отырғанда қолынан ине-жібін түсірмепті. Ісмерлігін байқаған қайынбикесі Алтын өз енесінен қалған қол машинкасын Меруертке берген. Меруерттің күйеуі Төлеген Боранбаев болса қолы шебер құрылысшы-әрлеуші. Кісіге алақан жаймай, өз еңбегіне ғана сүйенген жарасымды жұп ауылдан жер алып, үй салды. Бұдан үш жыл бұрын ол үйді сатып, орталық көшеден құрылысы аяқталмаған үлкендеу баспана сатып алып, іші-сыртын өздері жөндеп, жаңа қонысқа былтыр ғана кіріпті. Олардың Ерасыл, Жауһар, Райана есімді ұл-қыздары бар.
Отағасына сүйеу болып, нәсібін сүйікті ісінен айырған Меруерттің ісмерлігін уақыт өте бүкіл ауыл біліпті. Ұлттық киімдерге қарағанда күнделікті қолданатын киімдерге, көрпе-жастыққа тапсырыс берушілер қатары ауылда басым. Шебер де халыққа не керек болса, соны орындайды. Ғаламтор арқылы Тараз, Өскеменнен тапсырыстар түскен. Одан тыс дайындаған бұйымдарын Алматының базарына апарып сатып, түскен ақшасына мата, ине-жіп сияқты қажетті керек-жарақтарды алып қайтады. Осылайша бірлі-жарым сұраныспен ісін жүргізіп жатқан жайы бар. Үлкен көлемде тапсырыс алуға мүмкіндігі шақтаулы. Себебі жұмыс орны – үйі. Құрал-жабдықтан әзірге қол машинасы мен автоматты тігін машинасы ғана бар. Дегенмен сонымен-ақ неше түрлі дүниені жасап отыр.
Кәсібін кеңейту жайлы сұрағымызға: «Бұған мемлекеттің нақты қандай көмегі барын былтыр өзіңізден сұрап білген едім ғой. Әрекеттеніп көріп едім қолдауға қол жеткізудің жүгірісі көп екен. Оның үстіне үйден ұзап шыға да алмадым, себебі екінші сынып оқитын қызымды мектепке апарып, алып келу, сабағына қарауым керек. Арасында үйдің шаруасы бар», – деді ол.
Меруерт ісмерлікті анасы Қаршығадан үйренген. Бала кезінен анасының қасында кесте тігіп, қол машинасын жүргізіпті.
Қаршыға – он екі құрсақ көтерген Батыр ана. Меруерт үйдің кенжесі, әрі егіздің сыңары. Жаркенттегі қара шаңырақтарының түтінін бүгінде Меруерттің сыңары Медет түтетіп отыр.
Анадан балаға мирас болып жеткен ұлтымыздың төл өнерін жалғастырған ісмерге толайым табыс тілейміз.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Аққайнар ауылы,
Жамбыл ауданы.