ауған соғысының от-жалынында жүрген
Кешегі кеңес өкіметі кезіндегі ел басына үйірілген үлкен қайғы бұлтының бірі Ауғанстандағы алапат соғыс еді. Иә, сол кездері әскерге алынған жап-жас жігіттер, жат елде интернационалдық борышын адал атқарып, ерен ерліктің үлгісін көрсетті десек, артық айтпағанымыз. Әйтсе де ол жақта талай жастың өмірі қиылды, талай жауынгер отбасына мүгедек болып оралды…
Сол ауған соғысының от-жалынында болып қайтқандардың бірі – Сәбит Пшембаев.
1960 жылы 6 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданында дүниеге келген ол орта мектеп бітіргеннен кейін бір жыл «Украинский» совхозында тракторшы болып жұмыс істепті.
Ал, жасы жетіп әскерге шақырылғанда азаматтық борышын Германия жеріндегі 44-ші танкі полкының құрамында механик-жүргізуші ретінде өтеген екен. Мерзімі біткен соң сол жақтағы Форт-Ценна қаласында орналасқан прапорщиктер мектебінде курсант болып, оны үздік аяқтады. Сөйтіп, бұл әскери шенді (ротаның аға әскери технигі) алғырлықпен алып шығады. Осылайша Сәбиттің 14-15 жылға созылған әскери өмірі басталады.
Мәселен, Германиядан кейін Түркстан және Орта Азия әскери округінде мотоатқыштар бөлімдеріндегі танк батальондарында қызмет етті.
1979 бен 1989 жылдар аралығында Кеңес Одағының жоғарғы басшылығының ұйғарымымен Ауғанстан Демократиялық Республикасында соғыс жүргізілгені белгілі.
1988 жылы, Сәкең де тәжірибелі әскери қызметші болғандықтан Ауғанстанға (алғашқы кездері ол жаққа қаруды қолына жаңа ғана ұстаған жігіттер апарылып, олар көп шығынға ұшырағаны да рас…) жіберіліп, сондағы қанды шайқастың қақ ортасынан бір-ақ шықты. Мұнда 201-ші дивизияның 395-ші мотоатқыштар полкының танкі батальоны құрамында болды.
Ауған жерінде танкілер негізінен шайқасқа шыққан жаяу әскерді қолдау, қорғау және шепті бұзу сияқты жедел тактикалық міндеттерді атқаратын. Сонымен қатар, оларға қару-жарақ пен азық-түлік, гуманитарлық көмек тұрғысындағы заттар тиелген колонналарды алып жүріп, жаудан қорғау сияқты тапсырмалар да жүктелетін. Өйткені, Ауғанстанның басым бөлігі тау-тасты, биік қырқа, төбелі келеді. Ал, мұндай жерде дұшмандар аяқ астынан, кез келген өздері жасырынған жартастың тасасынан шыға келіп, колонналарды бораған оқтың астына алуы мүмкін… Сәкең, міне, осындай ауыр айқастарға танкілер тобының командирі болып талай рет қатысты.
– Біз ауған жерінде көбіне Килагай өңірінде болдық, – дейді Сәбит сол күндерді толғана, толқи есіне алып. – Ол жерде жазда күннің ыстықтығы 40-45 градусқа жетеді екен. Одан әрі атақты, аса қауіпті Саланг асуы (тоннелі де бар) басталады, оның жолы ары қарай ел астанасы – Кабулға апарады. Бір қызығы, оның ең үстінде 40-45 градус суықты көрсетеді екен… Дәл осы жерде жау тосыннан тосқауыл қойып, жиі-жиі қып-қызыл шайқас болады…
Аға прапорщик Сәбит Пшембаев ауған соғысында жүріп, «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен наградталған. Бұл Сәкеңнің әрдайым жаумен барынша батылдықпен айқасқанын дәлелдесе керек. Сондай-ақ, кеудесінде басқа да көптеген жауынгерлік және мерекелік медаль жарқырайды. Осы тұста оның кейіннен егемен еліміздің «Құрмет» орденімен марапатталғанын да атап өтуіміз керек.
Айтқандай, ол Закавказье әскери округі құрамында тоқсаныншы жылдардағы армян-әзірбайжан қақтығысында екі жақты бітімге келтіру операцияларының да қатысушысы. Ал, одан кейін тағы да Германияға жіберіліп, ондағы кеңестік әскери техникаларды елге қайтару сияқты істің де бел ортасында жүрген. Алматы қаласында, атап айтқанда, 70-разъезде коменданттық взвод командирі болғаны тағы бар.
Әскерден босатылғаннан кейін «Іле Алатауы» ұлттық табиғи паркінде де еңбек етіп, сондағы техникалардың түзік болып, тура жүруі жолында да аянбай тер төкті.
2009 жылы Сәбит Пшембаев үшін жаңа бір халыққа да қажет ауқымды іс – қоғамдық жұмыс басталды. Яғни, енді ол аудандық «Қарасай аудандық Ауған соғысы ардагерлері кеңесі» қоғамдық қорының төрағасы болып сайланып, бұл міндетті он бір жыл, яғни, күні кешеге дейін абыроймен атқарды.
Жалпы, Сәкең өте мазасыз адам. Ол үшін әрбір күн белсенді қимыл, әрекетпен өтуі керек. Әрдайым әскери тәртіппен жүріп, әбден шыныққан Сәбит Пшембаев бұл ретте де өзін жақсы көрсете білді деуге болады. Өйткені, егемен еліміздің жас ұрпағының бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастырып, оларды патриоттық рухта тәрбиелеудің мән-маңызы өте зор екені бәрімізге де мәлім. Сондықтан да ол аталған жұмысқа белсене, бел шеше кірісті.
Яғни, алда ауған соғысы ардагерлерін қолдау, оларға әлеуметтік тұрғыда көмек көрсету сияқты міндеттер тұрды. Мұнымен бірге, жастардың санасына Отан қорғау, ерлік, елдік тәрізді өте мәнді адамдық ауқымды мәселелерді сіңірудің орны ерекше екенін де ол жан-тәнімен түсіне, түйсіне білді. Сондықтан да мектептерде ауған соғысы ардагерлерімен көп кездесу өткізілді, Жеңіс күні, Отан қорғаушылар күні сияқты мерекелерде ел назарын «ауғандықтарға» да аударды.
Тіпті, «Қара майор» – марқұм Борис Керімбаевтың үйіне сырқаттанып қалғанда сол соғысқа қатысушыларды жиі-жиі бастап апарып, ол кісінің ауласын тазарттырды, басқа да шаруасына көмектесті. Осынау шын мәнінде аты аңызға айналған ауған соғысы батырымен жер-жерде кездесулер өткізуге мұрындық болды.
Сонымен қатар, Сәкеңнің тағы бір үлкен еңбегі өзгелермен бірге ары шапқылап, бері шапқылап, Қаскелең қаласындағы ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлердің рухына арналған ескерткіш-кешеннің тұрғызылуына үлес қосуы дер едік.
Жебедей жауға атылған, ұландарым,
Жау шапқанда жабығып тұра алмадың.
Отқа түстің ойран сап, найзағайдай
Мәрттігіңе бас иіп, жыр арнадым.
Тау сағалап суықтан тоңбадыңдар,
Шөлге шыдап, ыстықтан солмадыңдар.
Батыр қазақ атанған, балаң жігіт,
Бейбіт елді дұшпаннан қорғадыңдар.
Созылған ұрыс халыққа қиын болды,
Шаңырақты шайқалтып, өлім қонды.
Темір табыт тосын кеп үйлеріне,
Бәсіресін көре алмай, бағы солды…
– деген жыр жолдары осындай ауған жерінде қан майданға қатысқан – кешегі интернационалист-жауынгерлерге, бүгінде сол соғыстың құрметті ардагерлері атанып отырған азаматтарға және туған елінен алыс жерде, он жылға созылған сонау сұрапыл күндерде қаза тапқан боздақтардың рухына арналған!
Ол бүгінде ауданымыздағы Шамалған бекетіндегі Айгүл Карекеева басқаратын қазақ орта мектебінде оқушыларға алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ береді.
Сонымен қатар, «Nur Otan» партиясының және аудандық Қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде аймақтың әлеуметтік-экономикалық жай-күйінің, қарасайлықтардың жағдайының бұрынғыдан да жақсара түсуі жолында қызмет етуде.
Сәкеңнің өмірлік жары Жәмила екеуі екі қыздың ата-анасы атанғанын да айтқанымыз дұрыс. Үлкендері Дана қазір Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істесе, кішісі Мадлена 6 сынып оқушысы.
Сөйткен, Сәбит Қайралұлы да, міне, алпыс асты асқар белге шығып отыр. Оны осы мерейтойымен Қорғаныс министрлігінде істейтін генерал-лейтенант Болат Дарбеков, Шымкент әскери-техникалық мектебінің бастығы, полковник Анарбай Тілеулиев және басқа да көптеген жолдастары, достары, қаруластары шын жүректен шыққан ақ тілектері мен ақ ниеттерін білдіріп, қызу құттықтап жатыр екен. Біз де оларға толық қосыламыз!
Берікбай ҚАДЫҚОВ.