Көпшіліктің назарын аудартқан төл теңгенің құны осы аптаның алғашқы күнінде тағы құбылды. Ақша айырбастау пункттерінде 388 теңгеге сатылған АҚШ доллары қазіргі уақытта 401-ге бірден шықты. Қазақстандықтарды алаңдатқан ұлттық валютамыздың әлсіреп, доллар бағамының артуын көбісі, әрине, мұнай бағасының 30%-ке дейін төмендеуімен байланыстырды.
Доллар деңгейінің артуына қатысты дүрбелең бұл елдің қаржылық жағдайына әсер ететіні анық. Осыған орай, 9 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің және Мемлекет басшысына тікелей бағынышты органдардың жетекшілерімен кеңес өткізді. Жауапты басшылар жиналған жиында әлемдегі қаржылық-экокомикалық ахуал мен оның еліміздің экономикасына әсері жөнінде мәселелер талқыланды. Ел Президенті Үкіметке, Ұлттық банкке және басқа да мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді. Оның ішінде ең бастысы – мемлекеттің халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық көлемде орындау.
Елдің экономикалық жағдайына байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Премьер-министрдің тікелей басшылығымен шұғыл әрекет ету штабы құрылды. Дағдарысқа қарсы іс-қимылдар жоспары дайындалып, кәсіпорындарда халықты жұмыспен қамтуға барынша қолдау жағы қарастырылатын болады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы бюджет шығындарын қысқарту, өңірлерде халықты жұмыспен қамтамасыз ету, еліміздің қаржы-валюта нарығын тұрақтандыру, республикалық және жергілікті бюджеттерді оңтайландыру бойынша шаралар қабылдау қажеттігін алға тартты.
Дидар МУХАМАДИЕВ.