Бұл шара Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Жарыстың өтуіне Алматы облыстық Қоғамдық даму орталығы мұрындық болды.
«Біздің мақсат — қазақтың ұлттық киімдерінің дәріптелуіне үлес қосу. Тек мерекелерде ғана емес, күнделікті қолданысқа әдемі нақыштағы киім үлгілерін енгізуді барлығымыз мақсат етуіміз қажет. Әсіресе, мемлекеттік қызметшілер классикалық үлгідегі киімдерді киеді. Сол костюм, белдемшелерге кішігірім өзгеріс енгізіп, ою-өрнектерді неге қолданбасқа? Бүгінгі шарада біздің сол идеямыз насихатталды», — деді орталық басшысы Ерасыл Толымбекұлы.
Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 20-ға жуық қатысушы 2 кезең бойынша бақ сынасты. Олардың ішінде Қызылорда, Ақтөбе, Жетісу, Шығыс Қазақстан облыстарының, Астана, Алматы қалаларының тумалары бар.
Бірінші кезең — кеңсе киімдері. Мұнда дизайнерлер көрерменге мемлекеттік қызметшілерге және кеңседе қызмет ететін кез келген жанға ыңғайлы, қазақы оюмен әрленген киім үлгілерін ұсынды. Екінші кезеңде күнделікті киюге, салтанатты кештерге киіп шығуға арналған шапандар, көйлектер, оверсайз стиліндегі спорттық киімдер, тақиялар таныстырылды. Көздің жауын алатын киім-кешектерді тігу кезінде дизайнерлер барқыт, шыт, джинсы, жібек секілді маталарды пайдаланған.
Сән көрсетілімінде әділ қазылардың көңілінен шығып, көрермен көзайымы атанған алматылық дизайнер Венера Нұрымбетова жеңіске жетіп, 400 мың теңге ақшалай сертификатпен марапатталды. Ал 2-орынды Астаналық Қайыпбаева Гүлнұр, 3-орынды Қонаев қаласының тұрғыны Жазира Бақытбекқызы иеленді.