Биыл – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Былайша алсақ аз уақыт емес. Тәуелсіздік – ұлттың бағы! Қазақ үшін бәрінен қымбат ұғым! Бабаларымыздан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Осы орайда өз жұмысымыз жайында айтып өтсек.
Біздің Әжелер алқасы 1991 жылы, тура Тәуелсіздік алған жылы құрылған. Содан бері еркін, азат елдің жастарын тәрбиелеуге, олардың мақсаты биік азаматтар етіп тәрбиелеуге өз үлесін қосып келеді. Әжелер алқасы әрдайым аудан ақсақалдарымен бірігіп жұмыс атқаруда. Мақсатымыз – бейбітшілікті қастерлей білуге, ұлттар арасындағы достықты сақтай білуге, ата-баба дәстүрін қастерлеуге, тарихты білуге, жастарды ұлтжандылыққа тәрбиелеуге атсалысу, ардагерлерге қамқорлық жасап, Мәңгілік елдің иесі – жастарға өнеге көрсету. Жастардың табысқа тек білім арқылы жететіндіктерін саналарына құю. Ұлттық мәдениетіміз бен ұлттық кұндылығымызды аялау. Отбасы тұрақтылығын сақтау, балалардың жетім қалмауы, жетім қалса оларға тиісті көмек, жағдай туғызу. Ауылдағы діннің жағдайы, мешіттердің қызметі, қыз баланың, ер баланың тәрбиесіне көңіл бөлу. «Қызға қырық үйден тыйым» деген мақалдың мәнін түсіндіру. Өйткені, елдің болашағы қыздың, аналардың қолында.
Ауданымызда 11 округ, 46 ауыл болса, барлығында әжелер алқасы мен төрайымдары бар. Олар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» бөлімі бойынша ұлттық құндылықтарға, ұрпақтар сабақтастығына, жастармен жұмысқа байланысты әрбір округте іс-шаралар өткізеді. Бұған Бекболат ауылындағы «Еншісі бөлінбеген қазақпыз» тақырыбында болған шараны мысалға келтіре аламыз.
Әлеуметтік жағдайы төмен отбасындағы балаларға көмек көрсету мақсатында «Қамқорлық» акциясы өткізіледі. Сонымен қатар, зейнет жасындағы мүгедек, жалғызбасты және көпбалалы аналарға көмек көрсету үшін «Ардақтайық аналарды!» атты іс-шаралар да ұйымдастырылады.
Іскер әйелдер қауымдастығымен бірлесіп те жұмыс жүргіземіз. Мысалы, «Біз арыстықтармен біргеміз!» ұранымен аналар тарапынан қаржылай көмек көрсетілді. «Мерейлі отбасы» байқауы, «Өнерлі қыз, өнегелі жеңге» тақырыбында отбасылық сайыс өткізілді. Сол сияқты «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» атты бағдарлама аясында «Мейірімділік – анадан, әдептілік – данадан» тақырыбында тәрбиелік ауқымы кең іс-шара Гуманитарлық-техникалық колледжде ұйымдастырылды. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Тәуелсіздік тірегі – білімді ұрпақ», «Самарқанның көк тасы да жібиді», «Ұлы дала даналары», «Ұлы дала – өркениет бесігі» атты іс-шаралар өткізілді. Шамалған ауылында «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «Бас бармақ, он саусақ» атты Жамбылда өткен іс-шараларды да атауға болады. Сонымен қатар, шілде айының бірінші жексенбісінде, Ұлттық домбыра күніне орай, аудандық перзентханада үлкен іс-шара болғанын да айта кетейік.
«Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» бағдарламасы бойынша қарттарымыз мектептерде оқушылармен ғибратты әңгіме өткізді. Мынадай сан алуан іс-шаралардың басы-қасында болды: «Тірлік қуаты – Ана ұлылығы», «Ағайын тату болса ас көп…», «Әлемде соғыс болмасын!», «Соғыс ардагерлерін қадірлейік!», «Достық, татулық – ел байлығы», «Мақсатымыз – Мәңгілік Ел», «Тәуелсіздігімізге – 30 жыл». «Шаңырақ – мәңгілік ел тұғыры». Ал, «Бала», «Ана», «Келін» бағдарламасы бойынша жоспар жасалынып, іске асырылуда. Әр округтен келген аналар ауылдың жетістігін, мектептермен байланыстарын көрсетіп, өз тәжірибелерін ортаға салды. Мысалы, Райымбек округінен келген әже «асық ойнату», «жеті атаны атату», «ауыл ардагерлерін айтқызу» арқылы үлкен көрініс көрсетті. Елтай округінен келген әже кішкентайларға бата бергізуді көрсетті. Ұмтыл ауылынан келген Күлшаш әже 8 бала 23 немере 8 шөбере тәрбиелеп отырып, «Бала – балың, немере – жаның, шөбере – ұрпағың» тақырыбын әдемі ашып берді.
Ал, жалпақсайлық әже Наурыз көженің жасалуын көрсетті. «Ақ орамал» атты республикалық акцияға орай іс-шаралар әрбір округте өтті.
Қарасайлық аналар, әжелер «Біз ортақ шаңырақта өмір сүреміз» атты облыстық акцияға да белсене қатысып, «Мәңгілік елдің анасы – Әлжан ана» тақырыбы бойынша гран приді иеленіп, теледидар алды, ол ауданымыздағы үшем туған отбасына сыйланды. «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» бағдарламасы бойынша облыста 2-орынды Абай атындағы мектеп-гимназия жеңіп алды. Осындай іс-шаралардың бәріне әйелдер, әжелер ұйытқы болды. Елтай ауылдық округінде болған «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» бағдарламасы аясындағы «Шаңырақ – Мәңгілік елдің тұғыры», «Тірлік қуаты – Ана ұлылығында», «Әже», «Ана», «Келін» атты сайыстардың өтуі өте тартымды шықты.
«Ұлттық құндылықтар – ұрпақтар сабақтастығының өзегі» атты округтер арасында өткізілген іс-шараларымыз да сәтті болды. Байқауға әр округ өз тақырыптарымен өте жақсы даярлықпен келді. Мәселен, Жандосов округі – «Ұлттық құндылықтар», Жамбыл округі – «Ұлы дала даналары», Қаскелең қаласы – «Мейірім – анадан», Іргелі округі – «Ақылды қария, ағып жатқан дария», Әйтей округі – «Көненің көзі – тарихтың өзі», Елтай округі – «Тәуелсіздік тірегі – білімді ұрпақ», Шамалған округі – «Әке – отбасының қорғаны», Бірінші Май округі – «Бірлігі жарасқан», Ұмтыл округі – «Ұлы дала ұрпақтары», Райымбек округі – «Туған ел – тұғырым, өскен ел – өзегім», Жібек жолы округі – «Отбасы – алтын ұя» атты шаралар ұйымдастырды.
Сондай-ақ, «Жарасымды көршілер – сенімді әріптестер» атты іс-шара да әрбір округтерде өткізілді. Қасиетті Құран кәрімде: «Аллаға құлшылық жасаңдар, оған ешнәрсе ортақ етпеңдер. Ата-аналарыңа, жақын туыстарыңа, жетімдерге, жарлыларға, жамағайын көршілерге, ұлтына қарамай жақсылық істеңдер» (Ниса сүресі, 36 аят) делінген.
Қазақстан халқы Ассамблеясының жанында «Аналар кеңесі» жұмыс істейді. Бізде қазір аудандық Аналар кеңесі болып аталамыз. Жұмыс ауқымы ұлғайды. Мақсат үлкен, міндет зор. Алдағы кезде Тәуелсіздіктің мүддесіне сай жүйелі жұмыс істейтін боламыз.
Ақылия БЕКБАЙҚЫЗЫ,
Қарасай аудандық Аналар кеңесінің төрайымы.