Рас, әр өңірдің, әр ортаның, әр елдімекеннің сәні мен салтанаты, көркі мен келбеті – тал-терек, жасыл желек. Айналамыздағы ну орман, табиғат, өсімдік әлемі – жан азығы. Жасыл дүние көктем келіп, жаз шыққанда қалай жайнап, жадыраса, құшағындағы адамдар да содан нәр алып өңі кіріп, ажары ашылып жүреді. Жалпы, өсімдік әлемінің жанымызға берері шуағы, ләззаты, жақсылығы тілмен айтып жеткізгісіз. Міне, сол үшін де «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын!», «Бір тал кессең, он тал ек!» сияқты даналық сөздер бұрыннан бар. Отырғызылатын әрбір тал мен терек, жеміс ағаштары, мың жылдық шырша көшеттері өңірдің сәнін кіргізіп қана қоймайды, өсіп келе жатқан толқын-толқын ұрпақтарға қызмет етеді. Сондықтан жыл сайынғы көктем маусымында елді мекендерді көгалдандыру мәселесі қашанда маңызды болып қала береді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі халқымызға арнаған маңызды Жолдауында алдағы 5 жыл ішінде елді мекендер аумағына 15 миллион түп ағаш отырғызудың қажеттігін алға тартқан болатын. Осыған орай облысымыздың әкімі Марат Сұлтанғазиев өзінің кезекті бір келелі басқосуында Мемлекет басшысының Жолдауында айтқан сөзін жүзеге асыру шеңберінде облыстағы оқушылардың қатысуымен елді мекендерге 15 миллион түп ағаш отырғызу жөнінде нақты тапсырмасын берді. Бұл игілікті шаруаға Алматы облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы лайықты үн қосты. Атап айтқанда, басқарма басшысы Нүсіпбаев Қанат Ақылұлының бұйрығымен облыстағы әр мектепке 100 түп қарағай, Шренк шыршасының көшеттері тегін берілді. Білім ордаларына шырша көшеттерін берудің жайдары рәсімі Айболат Солтанғазиев басқаратын «Кеген орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты Жалаңаш орманшылығының 33 орамындағы жалпы ауданы 54,0 гектарды құрайтын базалық тұқымбақтың ішінде болып өтті. Сөз орайында айта кеткен жөн, «Кеген орман шаруашылығы» КММ-і арқылы Балқаш, Жамбыл, Іле, Қарасай, Еңбекшіқазақ, Кеген және Талғар аудандарына, Қонаев қаласына барлығы 42 мың дана Шренк шыршасының 4 жылдық екпе көшеттері ақысыз тегін босатылып берілді. Игілікті дүниеге Күрті орман шаруашылығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Ғабит Ақшабеков, «Қаскелең орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Ғалым Бердібаев қатысып, Балқаш ауданындағы мектептерге бөлінген 2300 дана, Қарасай ауданына бөлінген 5200 дана шырша көшеттерін қабылдап, алып кетті. Облыстық білім басқармасына қарасты Кеген ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Мұратжан Мәсімханов қатысып, таулы өлкедегі 32 мектепке бөлінген 3200 дана шырша көшетін одан әрі өсіру үшін арнайы орын дайындап, «Кеген орман шаруашылығы» мекемесінің мамандарымен бірлесе отырып, солардың ақыл-кеңестеріне сүйене отырып жұмыстар жүргізуді қолға алатынын сөз етті.
– Бұл шын мәнінде облысымыздағы елді мекендеріміздің кемел келешегін қамдап, өсіп-өркендеуі үшін жасалып отырған бірден-бір игілікті іс деп ойлаймын. Облысымыздың әкімі М.Сұлтанғазиев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы Жолдауында айтылған міндеттерді орындауға берік негіз қалады десек, артық айтқандық емес. Бүгінгі іс-шара соның жарқын көрінісі. Тұқымынан өсірілген Шренк шыршасының 4 жылдық екпе көшеттерін осы деңгейге жеткізу үшін қаншама күш, еңбек жұмсалды десеңізші?! Сондықтан қолға тиген көшеттерді одан әрі өсіру үшін еңбектену қажет. Онсыз болмайды, – деді «Кеген орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Солтанғазиев Айболат Әскербекұлы.
Рас, жоғарыда айтып өткеніміздей, «Кеген орман шаруашылығы» мекемесіне қарасты Жалаңаш орманшылығының 54 гектар базалық тұрақты тұқымбағында сонау Кеңес Одағы тұсынан бастап Шренк шыршасының көшеттері тұқымынан өсіріліп, орман қорын молайтуға, көбейтуге жұмсалып келеді. Оның сыртында облысымыздың елді мекендерін, Астана, Алматы қалаларын көгалдандыруға босатылуда. Содан да болар «Кеген орман шаруашылығы» мекемесі қарағай көшетінің бір Отаны іспетті. Аталған орманшылықтың мамандары, орманшылары биылғы көктем маусымында орман қорының жеріне 42 гектар алқапқа 285 мың дана шырша көшеттерін отырғызды. Көгалдандыру плантациясына 25 мың. Толықтыру жұмыстарына 25 мың дана отырғызылды. Бәрекелді! Бұл өңірдің болашағы, келешек өсер ұрпақ үшін жасалып жатқан тамаша игілік. Жыл сайын көктем маусымында осындай игіліктердің қаланып жататынын өз орнымен атап айтқан жөн. Шын мәнінде, Айболат Солтанғазиев бастаған Кеген орман шаруашылығы мекемесінің ұжымына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Қазіргі таңда тұрақты тұқымбақта шыршаның бір жылдық екпе көшетінен бастап 4 жылдық көшеттерге дейін күтіп-баптау жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Аталған базалық тұрақты тұқымбақта жалпы 3 миллион 398 мың дана екпе көшеттері күтіліп, бапталуда. Көшеттер 4 жылдан кейін қазылып алынып, орман қорын молайтуға, көгалдандыру жұмыстарына пайдаланылады. Аралықтарынан арнайы бос орын қалдырылып, түп-түзу етіп отырғызылып тасталған, біргелкі өсіп келе жатқан шырша көшеттерінің алқаптарына шын мәнінде қызыға қарайсың.
Реті келгенде айта кету керек, «Кеген орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Кеңес Одағы тұсында орман питомнигінде екпе көшеттерді өсіру оның ішінде Шренк шыршасының көшеттерін өсіруден 2 орынға ие болды. 2011-2012 жылдың қорытындысы бойынша экономикалық жағдайды реттеу мен тиімді жүргізу барысында республика бойынша «Үздік мекеме» атанды. «Сала Көшбасшысы – 2013» медалімен марапатталып, Ұлттық сертификатқа ие болды. Аталған орманшылық Жетісу облысы Алматы облысынан бөлінбей тұрған кезінде облыстағы орман шаруашылығы коммуналдық мемлекеттік мекемелерін Шренк шыршасының көшеттерімен қамтамасыз етіп отырды. Жыл сайын 450 мың дана Шренк шыршасының екпе көшеттері қазылып алынып, босатылып отырылды. Ең бастысы, әрбір көктем маусымында базалық тұқымбақтан көгалданыру мақсатында республика, облыс және аудан көлемінде шырша, қарағай, арша, көгілдір шырша тоң топырағымен қазылып, босатылып келеді. Жалаңаш орманшылығына қарасты базалық тұрақты тұқымбаққа жыл сайын 0,6 гектар жерге Шренк шыршасының тұқымы себіледі. Нәтижесі ойдағыдай. Тұқымнан өсірілетін екпе көшеттердің шығымы 400-500 мыңға дейін жеткізіліп, 80 пайыз өсімге қол жеткізіліп келеді.
Осы күні «Күрті» және «Қаскелең орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемелерінің директорлары Ғабит Ақшабеков пен Ғалым Бердібаев жыл сайын жап-жақсы жерге шырша көшетінің тұқымын өсіріп, оны 4 жылға дейін күтіп-баптап өсіріп, ел игілігіне айналдырап келе жатқан Айболат Солтанғазиев бастаған «Кеген орман шаруашылығы» мекемесінің ұжымының атына алғыстарын айтып, еткен еңбектері жемісті, қолдары қуатты болсын деген жақсы тілектерін білдірді.
Қанат БІРЖАНСАЛ.
Жалаңаш орманшылығы,
Кеген ауданы.
Суретте: «Кеген орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Айболат Солтанғазиев мектеп оқушыларына қарағай көшетін тапсыруда.