Жуырда аудандық «AMANAT» партиясы фракциясының отырысы өткен еді. Саяси ұйымның жұмысына және ауданға байланысты маңызды мәселелер талқыланған жиынға аудан әкімі Алтай Досумбаев, халық қалаулылары, бөлім басшылары қатысты.
Отырыс барысында аудан басшысы Еңбекшіқазақ ауданында 1,7 млрд теңгеге 2 инвестициалық жоба іске асырылғандығы жайлы айтып өтті.
Сондай-ақ «AMANAT» партиясы 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламаның Еңбекшіқазақ ауданы бойынша Жол картасының 13 көрсеткіші бойынша 38 шараның жүзеге асырылып жатқанын да тілге тиек етті. Жыл басынан бері іс-шаралар мен көрсеткіштердің 20-ы орындалған.
Бұған қоса Алтай Досумбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруаларды несиелендіру жүргізілуде.
– Бұл жоба біздің өңіріміз үшін өте маңызды. Осы ретте Түркістан облысында төрт түлікті көбейтіп, ауыл шаруашылығына бет бұрған еңбеккерлердің қатары артып келеді. Мәселен, 2,5 пайыздық несие алуға аудандағы 417 азамат өтінім білдірген. Аясында 79 азамат жеңілдетілген несие алған, – деді ол.
Сонымен қатар, фракция отырысында орындалмау қаупі бар 5 шара туралы айтылды.
Қортындылай келе, фракция жетекшісі Бағдат Рахимов орындалмау қаупі бар шараларды қатаң бақылауға алуына ұсыныс жасады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
Еңбекшіқазақ ауданы.