Жан-жақты көрсетіліп отырған мемлекет қолдаулары бүгінде еліміздегі кәсіпкерлік саласының дамып, оның қоғамдағы өз үлесін қосуына бірден-бір мүмкіндік тудырып отыр. Соның бірі – «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы. Оның басты мақсаты еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптік біліктілікті меңгерудің тиімді жүйесін дамытуға бағытталған. Ауданымызда аталған бағдарлама аясында қайтарымсыз грантқа ие болғандардың қатарында жылдам тағам дайындайтын орын ашқан Нұрлыбек Ыдырыс та бар.
Нұрлыбек бұл іске жалғыз өзі келген жоқ. Бұл шағын бизнесті бастаймыз дегеннен бері әрдайым жанында қолдаушысы, әрі жақын Ахмед-Али Уразалыев бар. Ендеше жас кәсіпкерлер жайлы әңгіме өрбітсек. Жаһандану кезінде заман ағымынан қалмай жүрген ізденімпаз жігіттер бала кездерінен дос. Екеуі Қаскелең қаласындағы С. Керімбеков атындағы мектепте тоғызыншы сыныпқа дейін бірге оқыпты. Одан кейін Ахмед-Али С. Жандосов атындағы Қаскелең кәсіптік-техникалық колледждің «дәнекерлеуші» мамандығына түседі. Ал, Нұрлыбек аудан орталығындағы Қ.Сәтпаев атындағы мектепте жоғарғы сыныпты бітіріп, Алматы индустриалды колледжінде «машина жасау» мамандығын тәмамдайды. Мақаланың арқауына айналып отырған бүгінгі екі кәсіпкер өз еңбек жолдарын ұстаздық қызметтен бастаған. Нақтырақ айтқанда, орта кәсіптік білім алған оқу ордаларында, салалары бойынша мұғалім болған.
Иә, десе де жалынды жас мамандардың шәкірт тәрбиелеудегі қызметтері ұзаққа бармады. Сөйтіп, Нұрлыбек пен Ахмед-Али өздерінің жүректеріне қонымды, жандарына жайлы жолдарын тамақ дайындау, яғни, аспаздықтан табады. Әсіресе, Нұрлыбектің бұл салаға бет бұруына бесінші разрядті аспаз, ағасы Нүрпейістің де ықпалы жоғары. Ағасына арқа сүйеген іні шәкірт аспаздық өнерге бірден еніп кетеді. Бар ынтасы мен осы іске деген қабілетінің арқасында «Zheka’s Doner House», «Пинта Bar & Grill», «ШашлыкоFF Bar-Grill» сынды еліміздегі ірі тамақтану желілеріне айналған кафелерде аспаз болып істейді. Ахмед-Али да бұл кезеңдерде жұмыссыз емес еді. Ол Қаскелеңдегі «Japonica» барында сушист болып жүрді. Қай жерде еңбек етсе де, бір деңгейде тұрып қалмайтын олар әрдайым өздерін жетілдіру үстінде жүреді. Қазіргі жаһандану заман ағымына сай, ғаламтор желісі арқылы түрлі онлайн курстардан өтіп, біліктіліктерін де артырады.
Дегенмен, екі аспаз да өзгелер иелік ететін мекеме де жұмыс істегендіктен, қолдары байлаулы, идеяларын жүзеге асыруға әсте мүмкіндері бола бермейтін. Солай жүрген күндердің бірінде Нұрлыбекке «неге өзімізге тиесілі тамақтандыру орнын ашпаймыз», – деген ой сап ете қалады. Тек ойлап қана қоймай, сол межелеген мақсатына жету жолдарын қарастырады. Нұрлыбек пен Ахмед-Али екеуі ақылдаса келе, өздері жақсы меңгерген суши мен пицца бағыты бойынша жылдам тамақ дайындайтын орынды ашуды жөн деп санайды. Осы ретте Нұрлыбек мемлекет тарапынан жастарға берілетін қолдауларды зерттей бастайды.
Сөйтіп, Нұрлыбек таныстарынан бүгінгі таңда, әсіресе, жас кәсіпкерлерге жақсы көңіл бөлінетіндігінен хабардар болады. Ол «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Қарасай аудандық филиалына келіп, алдымен іскерлік әлемінің қыр-сырына қанығу үшін қазіргі жағдайға байланысты 21 күндік онлайн курстан өтеді. Қолына сертификаты тиген соң аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бизнес жобасын сәтті қорғап, 556 мың теңге қайтарымсыз грантқа ие болады. Ол ақшаға пицца пісіруге арналған пеш, мұздатқыш, тоңазытқыш, күріш пісіретін сынды алғашқы қажетті жабдықтарды алды. Ал, жалға алатын ғимарат жағына келгенде таңдау «Алматы-Бішкек» күре жолында орналасқан «Асыл арман» тұрғын үй кешеніне келіп түседі. Оған себеп: аудандағы ең көп шоғырланған тұрғындар бар жер, әрі жеткізу қызметі бойынша жұмыс істеу үшін ыңғайлы еді. Нұрлыбек осы идея басталғаннан бері жанында келе жатқан, әрдайым қолдап жүретін досын Ахмед-Алиді сушист етіп алады. Бірлесе күш салып, ой қосып брендтерінің атын «01Sushi.kz» деп қояды.
Жұмыс істейтін орындары, қажетті құралдары табылып бірден іске кірісіп кетеді. Нағыз өз ісіне жанын беретін екі аспаз әрбір тағамды жанын беріп істейтін. Маркетингтік зерттеуді жасауды да ұмытқан жоқ. жергілікті тұрғындар үшін ыңғайлы тәсілдерді де қарастырып, түрлі акцияларды да жиі ұйымдастырды. Осы қарқынмен олар жұмыстарын 2020 жылдың тамыз айында бастаған болатын. Қазірде бастаған істері бір арнаға келіп реттелді, тұрақты тапсырыс берушілердің де қатары артты. Дәмді фаст-фудттары әзірлейтін қос аспаз, құжатқа да тастай берік. Мемлекет тарапынан білдірілген қолдау, артылған жауапкершілікті сезініп, берілген грант қаражатына не алынғандығын түгел қамтитың есепті Жұмыспен қамту орталығына апарып өткізіпті. Оған қоса бұл кәсіпкерлік Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында (ҚМБД) рұқсат етілген тағамдарды ғана қолданатын ерекше атап өтуге болады. Мәзірлерінде пицца, сушимен қатар тауық қанаттары, қуырылған картоп, бургер де бар. Тұтынушының сұранысына қарай түрлі жиынтықтар да қарастырылған.
Қазіргі таңда «instagram» әлеуметтік желісі мен «2ГИС» қосымшасы арқылы естіп біліп жатқандар көп. Ауданымыздағы шалғай жатқан ауылдардан да тапсырыс берушілердің қатары артқан. Тіпті, Алматы қаласындағы белгілі қонақ үйден де фуршетке тапсырыс қабылдапты. Бүгінде жылдам тағам дайындайтын орынды мемлекетпен берген грантпен ашқан Нұрлыбек екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Бірі – досы Ахмед-Али, ал, екіншісы тапсырасты жеткізуші – Мирас. Бұл кәсіпкерліктің үйлеріне де дейін жеткізіп беру қызметін Іргелі, Кемертоған, Райымбек ауылдарының тұрғындарының қолдану мүмкіндіктері бар. Алдағы уақытта ауданымыздың барлық ауылдарына жеткізу қызметін қосу жоспарланған. Сонымен қатар, осы бір орынмен шектелмей өзге де аймақтардан тамақтану желілерін ашу да ойда жүрген бір мақсат бар.
Заман ағымана қарай өз жолдарын таба білген Нұрлыбек пен Ахмед-Алидің әрқайсысы бір ұл мен бір қыздың әкелері. Отбасыларында аяулы жар, ардақты отағасы айналған қамқоршылары. Кәсіптерін дөңгелетіп отырған бұл ұжымның жұмыстарына сәттілік тілейміз. Мемлекеттен берілген көмектерді жүйелі қолданар жастардың қатары артсын.
Бұрым ОРЫНБАСАР.