«Жұмыла көтерген жүк – жеңіл». Осыдан бірнеше ай бұрын Жібек жолы ауылдық округінде үйі өртеніп, күннің суығында далада қалған Турениязовтар отбасы жомарт жанды адамдардың арқасында баспаналы болды. Айдың-күннің аманында үйсіздер қатарына қосылған жандар енді төрт бөлмеде қуанышты күндерін бірге өткізбек.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың ақпан айында ауданымызға қарасты Жібек жолы ауылдық округіндегі Қараой көшесіндегі үйлердің бірінде өрт шығып, оның салдарынан алты адамнан тұратын Турениязовтар әулеті далада қалған. Үйлері толығымен жанып кеткен отбасы амалдың жоғынан біраз уақыт аядай екі бөлмелі шағын үйді жалдап отырған туыстарының үйінде 10 адам болып паналауға мәжбүр болды. Кейбір құжаттардан басқа дүние-мүлкінен ештеңе қалмаған әулеттің оқиғасы әлеуметтік желілерде тарап, ауданымыздағы «AZAMATSHA KZ» қайырымдылық қорынан бастап, аудан мешіттерімен көптеген қамқор жандар отбасының қиын халіне алаңдаушылық білдіріп, жанашырлық танытқан еді.
Көмекке мұқтаж болғандарға әрқашанда қол ұшын созатын халқымыз бұл жолыда үнсіз қалмай қиын жағдайда қалған отбасыға барынша қолдау көрсеткен. Бірі киіммен көмек көрсетсе, енді бірі ақшалай көмектескен. Біздің Naqty.kz желілік басылымның ұжымы да зардап шеккен отбасы жайлы видео түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеп, оларға көмек қажеттігі туралы ақпаратты таратуға барынша атсалысты.
Жан-жаққа көптеп тараған ақпараттың арқасында тілсіз жаудың салдарынан зардап шеккен Турениязовтардың жағдайын естіген жомарт жан бұл отбасына төрт бөлмелі үлкен үйдің кілтін табыстады. Осы ретте баспаналы болған жанұя қоныс тойын тойлап, онда көмек көрсеткен халықтың басын қосып, өздерінің ризашылықтарын білдірді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.