Сипаты сан түрлі болып келетін тілсіз жаудың қашан және қай жерден келе қалатынын болжау да, тап басып айту да қиын. Бірақ, алдын алуға болады. Осы аптаның сәрсенбісі күні аудан орталығанда орналасқан Қаскелең қаласының облыстық зерде бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернатында өрт сөндіру құрылымдарының тактикалық оқу-жаттығуы өтті.
Төтесінен келген тілсіз жаудың алдын алу, оған ұйымдасқан түрде төтеп беру, жедел ауыздықтау машықтарын пысықтау мақсатында өткен тактикалық оқу жиынына облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел күштер мен құралдарды жедел басқару орталығы мен аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, Қаскелең қаласы, Ұзынағаш, Боралдай ауылдарының өрт сөндіру бөлімдері мен жедел жәрдем, полиция, сумен қамтамасыз ететін «Ж Каскелен» ЖШС мекемесінің қызметкерлері қатысты.
Жалпы оқу-жаттығудың тактикалық ойламасы бойынша мектеп-интернаттың мәжіліс залында өрт шығады… Іле-шала шартты өрт орын алған ғимарат айналасына өрт сөндіру автокөліктері де жедел келіп жетіп, түтіндеген ғимаратқа барлау жүргізілген соң оның ішінен адамдарды қауіпсіз орынға көшіру іс-әрекеті жүргізді. Өрт сөндірушілер келіп жеткенге дейін аталмыш мекеме қызметкерлері балаларды эвакуациялық шығу жерлері арқылы қауіпсіз орынға көшірген. Ал, өз әрекеттеріне шұғыл кіріскен өрт сөндірушілер мекеме ішінде қалып қойған адамдардың іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде ғимараттың ішінен екі оқушы құтқарылып, медициналық қызметкерлерінің қолына тапсырылды. Ал, жедел жәрдем қызметкерлері болса, газбен уланған оқушыларға алғашқы көмекті көрсетіп, зардап шеккендерді жақын жердегі медициналық мекемелерге тасымалдады. Қалған топ мүшелері отпен айқасу жұмыстарын жалғастырып, оны тыңғылықты дайындықтын арқасында аз уақыттың ішінде сөндірді.
– Бұл жаттығуға бірқатар өрт сөндіру мекемелерінен, жалпы 40-тан астам адам мен 8 техника жұмылдырылды. Өртке байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу үшін мұндай оқу-жаттығулары жыл сайын өткізіледі. Осындай шаралар ең алдымен біздің өрт сөндірушілердің дайындығын шындауға арналған, сондай-ақ, мұндай мекемелердің қызметкерлеріне тілсіз жауға қарсы қалай қарекет жасауды түсіндіруге арналады, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел күштер мен құралдарды жедел басқару орталығы басшысының міндетін атқарушы Саят Байсалбаев.
Қаскелең қаласындағы №9 өрт сөндіру бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау майоры Айтуған Утеповтың айтуынша, жаттығу кезінде ешкім зардап шеккен жоқ және техникалар мен өзге де бұйымдарға қауіп төнбеген. Алдағы уақытта мұндай алдын алу жұмыстары ауданымыздағы көпшілік шоғырланған бірқатар орталықтардың аумақтарында да өткізілетін болады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.