Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келешек ұрпаққа арнап Алматыдағы Қазақстан-Британ техникалық университеті ғимаратының алдындағы аллеяда уақыт капсуласын қойды. Елбасы іс-шара барысында Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның жеткен жетістіктері мен жастардың бақытты өмір сүруі үшін аға буынның қандай қиын кезеңдерді бастан өткергенін ұмытпау қажет екенін айтты. Сондай-ақ, 2050 жылғы қазақстандықтардың ұрпақтарына берілген «Уақыт капсуласы» халықтың болашаққа деген ұмтылысын, жоспарланған стратегиялық жоспарларды және «Мәңгілік Ел» тұжырымдамасын сөзсіз іске асыруға деген сенімін де білдіретінін атап көрсетті. «Уақыт капсуласы» композициясы заманауи үлгіде табиғи тастан жасалған. Тастағы жазу петроглиф жасаудың ежелгі тәсіліне ұқсас. Оның бетінде ұлттық ою-өрнектер мен сақтар замандарындағы суреттер бейнеленген. Аталмыш композициялық нысанның авторы – Санжар Жұбанов.
Композицияның ортасында латын қарпімен мына жазбалар көрсетілген: Qazaqstan Respýblikasynyń Tuńǵysh Prezıdentі – Elbasy N.Á. Nazarbaevtyń keleshek urpaqqa arnaǵan ýaqyt kapsýlasy Qoıylǵan kúnі – 21.06.2019 j. Ashylatyn kúnі – 22.06.2049 j.
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың келешек ұрпаққа арнаған уақыт капсуласы. Қойылған күні – 21.06.2019 жыл, ашылатын күні – 22.06.2049 жыл» деп жазылған.
Елбасының болашақ ұрпақтарына деп жазып қалдырған хаты 2049 жылдың 22 маусымында ашылады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.