Жақында Қонаев қаласында облыстық форум өтіп, оның барысында өңірдің отбасында үлгілі әкелер мен аналар, «Шаңырақ» журналистері конкурсының жеңімпаздары марапатталды. Мерей биігінен көрінгендердің қатарында қарасайлықтар да бар.
«Рухтың күші – әкеде» деп аталған форумда отбасының тірегі, ер азаматтың мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, отбасындағы рөлі, балаға көрсетер үлгісі жайында кеңінен сыр шертілді. Алып тұлға әкеге арналған сахналық көрініс қойылып, жүрек тербетер әндер шырқалды. Одан кейін кезек марапаттау рәсіміне берілді. Олардың қатарында Қарасай жерінде өз саласы бойынша жетістікке жетіп қана қоймай, өңірдің абыройын арттыру мақсатында тер төгіп жүрген, тәлім-тәрбиесімен үлгі болып жүрген ардақты және сыйлы жандар бар. Нақтырақ айтқанда, Қарасай аудандық Аналар кеңесі төрайымы Ақылия Бекбайқызына «Ел анасы» марапаты тапсырылып, арнайы білезік тағылса, ұстаздық қызметпен қатар, үлгілі отбасы деген атақты абыроймен алып жүрген Ұлан орта мектебі көркем еңбек пәнінің мұғалімі Ақан Омаров пен Ә.Бұқарбайқызы атындағы қазақ орта мектебінен Нұрлан Айтахынов сынды көпбалалы әкелерге «Әке алғысы» медалі табыс етілді. Сонымен қатар, «Шаңырақ» журналистер байқауында өз бағын сынаған «Naqty» газетінің тілшілері Бұрым Орынбасар 3 орынға және Дидар Мәлікұлы ынталандыру сыйлығына ие болды.
Ауданның әлеуеті үшін табанды еңбек етіп жүрген қарасайлықтарды мерейлік марапаттарымен шын жүректен құттықтаймыз!
Өз тілшіміз.