Оқитын ұлт қалыптастырып, саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында қолына қаламын серік етіп, қарымды қаламгер атанып жүрген ақын-жазушылардың еңбегін ешқашан жоққа шығара алмаймыз. Осындай қазақ әдебиетінің әлеміне өзінің қолтаңбасын қалыптастырған жанның бірі, Жібек жолы ауылдық округінің тұрғыны – Мақсұтқан Дәлейұлы.
«Ақын – елдің ардағы» дегендей, жазушыға құрмет көрсетіп, шығармаларын дәріптеу, ауылдастардың мәдени-рухани дүниетанымын кеңейту мақсатында жақында Жібек жолы ауылдық округі әкімі аппаратының ұйымдастыруымен Тұрар ауылындағы Ә.Байсалбаев атындағы орта мектепте ақын-жазушы, тарихшы, Қазақстан авторлар қоғамының және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мақсұтқан Дәлейұлымен шығармашылық кездесу өтті.
Мәдени-рухани іс-шараға Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жәди Шәкенұлы, Қазақстан авторлар қоғамының мүшесі Шаяхмет Алжамбай, этнограф, жазушы, тарихшы Байахмет Жұмабай, журналист, жазушы, аудармашы Абай Мауқара, сондай-ақ елімізге белгілі және жергілікті деңгейдегі көптеген ақын-жазушылар, қаламгерлер, әдебиет пен өнер саласының өкілдері қатысты.
Рухани кеште алдымен Жібек жолы ауылдық округі әкімінің орынбасары Дәулетжан Деменбаев сөз сөйлеп, алдымен Мақсұтқан Дәлейұлының өмірбаяны мен шығармашылық жолына тоқталды. Одан кейін округ әкімі Дидар Нұрақыновтың ыстық сәлемін жеткізіп, оның атынан Алғыс хат пен ауылдастардың атынан иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Сонымен қатар бұл кеште құрметті қонақ ретінде шақырылған ақынның әріптестері де ол жайлы пайымды пікір білдіріп, еңбек жолына, шығармаларына тоқталды. Одан кейін көпшіліктің қатысуымен осы кештің иесі Мақсұтқан Дәлейұлының «Қағанаттар ғасыры» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді.
Жалпы шара барысында қаламгерлер ұлттық әдебиет, тарихи таным, рухани құндылықтар төңірегінде ой қозғап, шығармашылық ізденістерін ортаға салды. Қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға мазмұнды жауаптар беріліп, пікір алмасу жоғары деңгейде өтті. Ал шығармашылық кездесу округ тұрғындары үшін тағылымы мол мәдени іс-шараға айналып, ұлттық руханиятты дәріптеуге, әдебиет пен өнерге деген сүйіспеншілікті арттыруға, мәдени орта қалыптастыруға зор ықпал етті.
Өз тілшіміз.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
